Әлеуметтік қолдау бағытында

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің даму жоспарында белгіленген басым бағыттарының бірі – студенттерді әлеуметтік жақтан қолдауда сапалы көрсеткіштерге қол жеткізу.

Осы бағытта оқу орнымыздың басшылығы үнемі әртүрлі әлеуметтік санаттағы студенттер жағдайын назарда ұстайды. Бүгінде университетте ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 98 студент, толық емес отбасынан  1175 студент, көпбалалы отбасынан шыққан 2061 студент, мүмкіндіктері шектеулі 38 білімгер және 135 отбасылы студенттер оқиды.

Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттерді материалдық жақтан қолдау мақсатында жыл сайын Студенттер қорынан және университеттің Даму қорынан материалдық көмек беріліп отырады. Аталған санаттағы білімгерлер студенттік жатақханаларда тегін тұрады, ғаламтор жүйесін тегін пайдаланады және асханаларда тегін тамақтанады. Бұл санаттағы студенттерге студенттік Кәсіподақ ұйымы қорынан да материалдық көмек көрсетіледі.

Көпбалалы отбасынан шыққан студенттер ай сайын Нұр-Сұлтан қаласы Әкімшілігінен қалалық транспортта тегін жүруге жолақы билеттерін алып тұрады.

ҚАТУ студенттерінің  95%-ы  жатақханамен қамтамасыз етілген. Университет меншігінде 7 студенттік жатақхана бар. 2016-2017 оқу жылында №8 жаңа студенттік жатақхана (800 орындық) қолданысқа берілді.  Жастардың әлеуметтік сұранысын ескере отырып, студенттік жатақханаларда тұруға қолайлы жағдайлар жасалған, яғни жатақханада тұру ақысы 1 айға  7000 теңгені құрайды (№8 жатақхана үшін 8000 теңге). Ғаламтор жүйесімен қамтамасыз етілген. Бүгінде барлық студенттік жатақханаларға 1Гб/с жылдамдығымен кампустық жүйе орнатылып, ID TV және ID Phone жүргізілген, бұл жүйе арқылы білімгерлерге Қазақстан бойынша тегін қалааралық сөйлесуді ұйымдастыруға мүмкіндік жасалып отыр. Әрбір бөлмеге тоңазытқыштар қойылған. Барлық студенттік жатақханаларда тренажер залдары жасақталған,  су фильтрлері қойылған.

Жалпы студенттік қауымды қолдау мақсатында асханаларда кешенді тамақтануға төменгі бағалар белгіленген (кешенді тамақтану 330 теңгені құрайды).

Сонымен қатар, университет аумағында «Студент» әлеуметтік дүкені, дәріхана және стоматология кабинеті  жұмыс істейді, ондағы сатылатын тауарларға, қызмет түрлеріне нарықтағы төменгі бағалар белгіленген.

2019 жылы 5 сәуір күні С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Жастар жылы» аясында және «Елбасының бес әлеуметтік бастамасы» бағдарламасында көрсетілген міндеттерді орындау мақсатында заманауи студенттік емхана  ашылды.

Студенттік емханада 13 мыңға жуық білім алушы тіркелген.  Онда  4 дәрігер-терапевт, невропатолог, кардиолог мамандары және 7 медбике қызмет көрсетеді. Дәрігерлерге жазылу «Смарт Астана» және «ДамуМед» электронды қосымшасы көмегімен жүзеге асады.

Сондай-ақ, білім алушыларға қажетті жағдайда алғашқы медициналық  көмекті ұйымдастыру үшін, қызмет көрсету лицензисы бар Жеңіс даңғылы, 62 мекен-жайында, Бейбітшілік көшесі, 73 мекен-жайындағы Жер ресурстарын басқару, сәулет және дизайн факультетінде,  Армандастар көшесі, 2В мекен-жайында, Ә.Молдағұлова, 29Д мекен-жайында медициналық  пунктер жұмыс істейді.

Біздің университетте студенттердің бос уақытын тиімді өткізуіне көп көңіл бөлінеді. Студенттерге бос уақыттарында оқу орнымыздың иелігіндегі «Сарыарқа» спорт кешенінде, қысқы-жазғы демалыс кезінде Щучье қаласындағы «Сарыарқа» демалыс орнында спортпен айналысуға, демалуға мүмкіндік берілген. 2014 жылдың желтоқсан айында университеттің спорт кешені жанынан 190 адамға арналған шаңғы базасы және де «Сарыарқа» спорт кешені, №7 және №6 жатақхана жанынан футбол алаңдары ашылды.

2017 жылы университетіміздің  әлеуметтік жобасы Республикалық әлеуметтік жобалар сайысында ең үздік 10 әлеуметтік жобаның қатарына енді.  

Апта сайын университет ректоры студенттердің жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізеді. Сенім телефоны жұмыс істейді (31-75-47) және студенттер университет сайты арқылы сұрақтарын қоя алады. Бұл жұмыстар әлеуметтік мәселелерді дер кезінде біліп, ұйымдастыру жұмыстарын белгілеуге бағыт береді..