Бекболат Байсағатовты құттықтау

Бекболат Байсағатовты құттықтау

Бүгін декан, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, флейташы Бекболат Байсағатов өзінің туған күнін атап өтуде. С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ Басқарма Төрағасы Қайрат Айтуғанов оны бүгінгі атаулы күнімен қатар, лайықты демалысқа шығуымен құттықтады.

Бекболат Төкешұлы Байсағатов Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Ахмет Жұбанов атындағы республикалық музыка мектебінің түлегі. 1976-1981 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы ұлттық консерваториясында «Флейта - концерттік орындаушы» мамандығы бойынша оқуын жалғастырды. 1982-1983 жылдары Мәскеу консерваториясында оқыды.

1990 жылы, ел тәуелсіздігі қарсаңында Б.Байсағатовтың мәдениет пен өнер саласындағы сіңірген еңбегі Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі атағына ие болуына себеп болды.

Әр жылдары Б.Байсағатов Қарағандыдағы облыстық филармонияны, Тәттімбет атындағы өнер колледжін басқарды, Астана қаласының Мемлекеттік филармониясын ұйымдастырды және сол шығармашылық ұжымның директоры болып тағайындалды. 2001 жылы ол Астана қаласының Мәдениет басқармасын басқарды. 2008 жылы «Астана циркі» МКҚМ-ның бас директоры болып сайланып, осы қызметте 2011 жылға дейін еңбек етті.

Бүгінде Бекболат Төкешұлы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің деканы. Оның өмірлік мақсаты – білімі мен тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізу.