ҚазАТУ-да жаңа оқу жылы басталды

   ҚазАТУ-да жаңа оқу жылы басталды

2019 жылдың 1 қыркүйегінде С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті бірінші курс студенттерін жаңа оқу жылымен құттықтады.

         Білім күніне арналған салтанатты шарада университет ректоры А.Қ.Күрішбаев барша қауымды құттықтап жиналғандар алдына шықты: «Құрметті 1-курс студенттері, сіздер Астанадағы ең алғашқы ЖОО-ны – С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің табалдырығын аттап тұрсыздар. Қадамдарыңыз құтты болсын!

Біздің оқу орнымыз – еліміздегі жоғары оқу орындарының бірегейі. Атап айтар болсам, Қазақстандағы ЖОО-ның Ұлттық рейтингісінде 3-ші орынды иеленіп отыр. Бүгінгі таңдағы серіктестеріміз – аграрлық білім мен ғылымның әлемдегі үздігі саналатын Франциядағы АгроПарижТех және Дэвис қаласындағы (АҚШ) Калифорния университеті. Осы білім ордаларымен бірге біз де халықаралық деңгейдегі зерттеу университетіне көшіу бағдарламасын жүзеге асыра бастадық. Ендеше сіздер еліміздегі ең беделді университеттің қабырғасына келіп тұрсыздар Құтты болсын!» деді. Сонымен қатар А.Қ.Күрішбаев профессорлық-оқытушылық құрамына өзінің ерекше ықыласын тағы бір мәрте жеткізді.

Бұдан бөлек, салтанатты шара барысында «Шабыт» халық аспаптар оркестрі, «Шаттық» би ансамблі, «Аграрка сарбаздары» жайдарман командасы мен өнер және шығармашылық факультетінің орындаушылары жиналғандар алдында өнер көрсетті.