«Мен жастарға сенемін!» республикалық форумы

«Мен жастарға сенемін!» республикалық форумы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да еліміздің Тұңғыш Президенті күніне арналған «Мен жастарға сенемін!» республикалық форумы өтті. Аталған шараға «Көмек» еріктілер ұйымынан техникалық факультетiнiң 2-курс магистранты Алмат Игіліктің жетекшілігімен университетіміздің 91 студентi қатысып, оның 44-і екiншi кезеңге ɵтiп, финалға жолдама алды.

 Жыл сайынғы республикалық шара аясында «Қазақстанның инновациялық дамуына қосқан менің нақты үлесім» атты үздік студенттік инновациялық жобалар байқауы, «Мен өз елімнің өркендеуі үшін не істей аламын?» атты үздік эссе жазу, үздік поэзиялық шығармалар және патриоттық тақырыптағы әндер байқауы өтті. Жастар жылында форум қоржынына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 85 жылдығына арналған қайырымдылық қағидаларын ілгерілету және үздік шығармашылық туындылар сияқты жаңа байқаулар қосылды.

Биыл форум байқауларына қатысу үшін ұйымдастыру алқасына еліміздің барлық аймағындағы 70-тен астам жоғары оқу орнынан 1,5 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Олардың арасында жеке жобалар мен шығармалар, сонымен қатар, ұжымдық шығармашылық жұмыстар да бар. Құрамында беделді сарапшылар, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік құрылымдар және БАҚ пен бизнес өкілдері, ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері бар тәуелсіз қазылар алқасы келіп түскен жұмыстардың ішінен 650-ден астам үздік жұмысты таңдап алды. Жұмыс авторлары форумға қатысуға шақырылды. 

Байқау қорытындысы бойынша,  «Геодезия жəне картография» мамандығының 1-курс студентi, «Кɵмек» еріктілер ұйымының мүшесі Жалғасгүл Əбдiкəрiм эссе байқауы бойынша 1-орынды иеленді. Сыйлыққа әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 1 жыл тегін оқу гранты табысталды. Сондай-ақ, ЖРБСжД факультетiнiң 3-курс студентi Ержан Амангелдинов ғылыми жобалар сайысында 2-орынды иелендi.