Басты бет / Жаңалықтар / Академиялық ұтқырлық: ҚАТЗУ студенттері Оңтүстік Кореяда тәжірибе жинақтауда
Академиялық ұтқырлық: ҚАТЗУ студенттері Оңтүстік Кореяда тәжірибе жинақтауда

Просмотров: 355

2025–2026 оқу жылының көктемгі семестрінде С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің «Биотехнология», «Агрономия», «Балық шаруашылығы», «Энергетика» және «Архитектура» бағыттары бойынша білім алатын 2 және 3 курс студенттері академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Оңтүстік Кореядағы Чонбук ұлттық университетіне аттанды.

Қазіргі таңда студенттер арнайы пәндерді меңгеріп, жобалық жұмыстарға қатысып, дәрістерге, семинарлар мен зертханалық сабақтарға қатысуда. Бұл тәжірибе оларға заманауи инновациялық технологиялармен танысуға, алдыңғы қатарлы ғылыми зерттеулерге қол жеткізуге және халықаралық білім беру ортасында кәсіби дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.

Оқу процесінің сапасына ерекше назар аударылған. Сабақтарды халықаралық деңгейдегі жоғары білікті профессорлар жүргізеді. Оқыту ағылшын және корей тілдерінде ұйымдастырылған, бұл студенттерге кәсіби терминологияны меңгеруге және академиялық коммуникация дағдыларын дамытуға ықпал етеді.

Университет тапсырмасымен Чонбук ұлттық университетіне ғылыми-зерттеу жұмысы және интернационалдандыру жөніндегі директор орынбасарлары PhD Арман Рустембаев пен PhD Максат Ануарбеков жіберілді. Олардың негізгі міндеті – студенттерге тәлімгерлік қолдау көрсету, оқу және тұру жағдайларымен танысу, сондай-ақ туындаған мәселелерді жедел шешуге ықпал ету болды.

Сапар барысында Чонбук ұлттық университетінің вице-президенті Хмарим Чомен кездесу өтті. Кездесуде ҚАТЗУ студенттерінің оқу жағдайы, өзекті мәселелер және екі университет арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары талқыланды. Сонымен қатар әр институт студенттерімен жеке кездесулер өткізіліп, олардың ұсыныстары мен сұрақтары тыңдалды.

Вице-президенттің және шетелдік студенттердің қатысуымен ашық семинар ұйымдастырылып, онда академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысты маңызды мәселелер қаралды. Студенттер өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, бірқатар ұйымдастырушылық мәселелер бойынша шешімдер қабылданды.

Чонбук ұлттық университетінің халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Ли мырза студенттер мен ҚАТЗУ өкілдеріне университет кампусы бойынша таныстыру экскурсиясын ұйымдастырды. Олар дәрісханаларды, ғылыми кітапхананы, зертханаларды және студенттер тұратын кампусты аралап көрді.

Сондай-ақ Чонбук ұлттық университетінің білім беру жүйесімен жүйелі танысу жұмыстары жүргізілді. Студенттер оқу сабақтарына қатысып, оқытушылармен әңгімелесті, үлгерім мәселелерін талқылады және оқу жағдайларын жақсарту бойынша ұсыныстарын білдірді.

Академиялық бағдарламамен қатар, студенттер университеттің спорттық секцияларына қатысып, студенттік ортаға бейімделіп, Оңтүстік Кореяның мәдениеті мен дәстүрлерімен танысуда. Олар мәдени іс-шараларға қатысып, ұлттық әдет-ғұрып, тағамдар мен өнерді зерделеу арқылы мәдениетаралық құзыреттерін дамытып келеді.

Осылайша, академиялық ұтқырлық бағдарламасы сапалы білім беруді, ғылыми және жобалық қызметті, спорттық даму мен мәдени алмасуды біріктіріп, студенттерге жан-жақты халықаралық тәжірибе алуға мүмкіндік береді. Мұндай формат білім алушыларға жүйелі қолдау көрсетіп қана қоймай, екі университет арасындағы академиялық байланыстарды нығайтып, халықаралық әріптестікті кеңейтуге негіз қалайды.