Басты бет / Жаңалықтар / Ардагерлермен спорттық сайыс өтті
Ардагерлермен спорттық сайыс өтті

Просмотров: 958

С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ спорт сарайында ардагерлермен волейболдан және стол теннисінен жолдастық кездесулер өтті. Оған мемлекеттік қызмет ардагерлерінен құралған команда мен Сейфуллин университетінің командасы қатысты. Ардагерлердің арасында елімізге белгілі тұлғалар, мемлекет қайраткері Ералы Тоғжанов, генерал – лейтенант Абай Тасболатов болды.

Университет тарапынан С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ Басқарма төрағасы-Ректоры, ҚР ҰҒА академигі Қ.М.Тіреуов бас болып, университет қызметкерлері спорттық сайысты қыздырды.

Генерал-лейтенант, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық жаратылыстану академиясының академигі Абай Тасболатов жарыс басталарда сөз сөйлеп, спорттық жарыстарды тамашалауға барған әскери кафедра курсанттарына қарата:

- Мемлекетке адал қызмет ету сөзбен емес, іспен қалыптасады. Ол үшін адамгершілік керек. Азаматтарымыздың бойында патриоттық сезім болуы керек. Ол үшін Отанды, елді сүю қажет. Елдің тарихын біліп, оны құрметтей білу керек.

Мемлекетіміз үшін болашақта сауатты, салауатты жастар қажет. Ол үшін спортқа деген құлшыныстарыңыз, спортқа деген сұраныстарыңыз жоғары болуы керек, - деді.

Спорттың екі түрі бойынша өзара мықтыны анықтаған жарыста ардагерлер командасының бәсі басым түсті. 

Айта кеткен жөн, осындай жарысты өткізу дәстүрге айналып келеді. Мақсаты – ардагерлер мен олардың өкшесін басқан орта буын арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, құрмет көрсету болып табылады.