Басты бет / Жаңалықтар / Астанада студенттер арасындағы халықаралық инновациялар байқауы аясында «Қытай – Орталық Азия» жастар алмасу лагері басталды
Астанада студенттер арасындағы халықаралық инновациялар байқауы аясында «Қытай – Орталық Азия» жастар алмасу лагері басталды

Просмотров: 1123

Астанада «Қытай – Орталық Азия» жастар алмасу лагері өз жұмысын бастады. Бұл іс-шара әлемдегі ең ауқымды студенттік инновациялық жарыс болып саналатын Халықаралық студенттік инновациялар байқауының (CICSC) шеңберінде өтуде.

Қазақстанда лагерь ұйымдастырушысы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті (ҚазАТЗУ). Шара С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.

Жобаға Қазақстан, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан және басқа да Орталық Азия елдерінен 100-ден астам студент пен жас зерттеуші қатысуда. Бағдарлама аясында пленарлық мәжілістер, стартап жобалардың тұсаукесері, тақырыптық көрмелер мен мәдени-танымдық экскурсиялар жоспарланған.

12 маусымда ҚАТЗУ алаңында өткен салтанатты ашылу рәсімінде ҚР АШМ өкілдері, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы-Ректоры, ҚР ҰҒА академигі Қ.М. Тіреуов, сондай-ақ Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университеті, Пекин тіл және мәдениет университеті, Сиань мұнай университетінің делегация мүшелері құттықтау сөз сөйледі.

Күннің басты жаңалығы – жас ғалымдар мен студенттердің инновациялық жобаларын таныстыру болды. Атап айтқанда: «Qoldan Qolga» (Қазақстан), «GrowX» (Қытай), қатерлі ісік түрлерін болжау платформасы (Өзбекстан), «Памир нұры» атты Қытай-Тәжікстан бірлескен цифрлық агротехнология жобасы сияқты бастамалар таныстырылды.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы-Ректоры, ҚР ҰҒА академигі Қ.М. Тіреуовтің айтуынша, лагерьдің басты мақсаты – жастар арасындағы ғылым мен білім саласындағы әріптестікті нығайтып, халықаралық ынтымақтастықты тереңдету.

13 маусымда қатысушылар ҚазАТЗУ нысандарын аралап, Астананың мәдени орындарымен танысады. Іс-шара 14 маусымда шетелдік делегациялардың елдеріне оралуымен аяқталады.