Басты бет / Жаңалықтар / ҚАТУ мен Ресей мемлекеттік аграрлық университеті-МАА өзара ынтымақтастықты нығайтуда
ҚАТУ мен Ресей мемлекеттік аграрлық университеті-МАА өзара ынтымақтастықты нығайтуда

Просмотров: 1174

Мәскеуге С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің Басқарма төрағасының оқу ісі жөніндегі орынбасары – ректор Айтжан Әбдіров бастаған делегациясы арнайы барды. Қазақстаннан келген әріптестерін ресейлік білім ордасының ректоры Ресей Ғылым академиясының академигі, профессор Владимир Трухачев арнайы қарсы алды.

ҚАТУ мен Ресей мемлекеттік аграрлық университеті-МАА арасындағы кездесу кездейсоқ болып отырған жоқ.  Бұл екі жақсы зерттеулер алаңы. 2021 жылы университет «Приоритет 2030» мемлекеттік академиялық көшбасшылық бағдарламасының жеңімпазы атанды. Тимирязев атындағы  академия елдегі ең үздік 18 жоғары оқу орнының қатарына еніп, Ресейдегі алғашқы аграрлық зерттеу университеті мәртебесін алды.

Жылы әрі достық қарым-қатынаста өткен кездесуде жоғары оқу орындарының басшылары Ресей мен Қазақстанның ауылшаруашылық білімін дамыту мәселелерін талқылады. Ректорлар жас ғалымдар мен студенттік ғылымды қолдау шараларына ерекше назар аударды.

Ресейлік ректор В.Трухачев өз сөзінде  Тимирязев академиясы КАТУ-дың озық тәжірибелерін өздеріне  қабылдайтынын атап өтті. Кездесу нәтижесінде ректорлар екі университет арасында студенттердің академиялық ұтқырлығы, профессорлық-оқытушылар құрамының өзара біліктілігін арттыру, ғылыми тағылымдамадан өту және бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу саласындағы ынтымақтастықты қарастыратын құжатқа қол қойды.

С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ делегациясының құрамында «Аграрлық зерттеу университетінде қашықтықтан оқыту жағдайында оқу процесін ұйымдастырудың ғылыми-әдістемелік негіздері» жобасының тең жетекшісі, PhD докторы, доцент Жұлдыз Ташкенбаева да бар.