Басты бет / Жаңалықтар / ҚАТЗУ-да «Қазақстан тарихы» пәні бойынша I республикалық пәндік олимпиада өтті
ҚАТЗУ-да «Қазақстан тарихы» пәні бойынша I республикалық пәндік олимпиада өтті

Просмотров: 368

С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде білім сайысы өтті. 2026 жылғы 17 сәуірде «Қазақстан тарихы» пәні бойынша І Республикалық пәндік олимпиада Астана қалалық архиві және «Білім-Өркениеті» ұлттық инновациялық орталығымен бірлесе ұйымдастырылды. Бұл олимпиада – тарих ғылымдарынан басқа барлық білім беру бағдарламалары студенттерін біріктірген алғашқы ауқымды жоба болды. Іс-шара Гуманитарлық-педагогикалық ғылымдар институтының 35 жылдығына орай өткізілді.

Олимпиадаға еліміздің жетекші жоғары оқу орындары қатысты,  олардың қатарында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті, Қазақ Ұлттық Спорт университеті, Астана медицина университеті, Шәкәрім университеті, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті,  Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Астана Халықаралық университеті, Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті, А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты және «Тұран-Астана» университеті бар.

Бұл өз кезегінде аталған білім сайысының республикалық деңгейдегі маңызын айқындап, жоғары оқу орындары арасындағы академиялық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді. Олимпиаданы университеттің Басқарма мүшесі – Әлеуметтік мәдени даму жөніндегі проректор Ж.М. Жазықбаева ашып, командаларға сәттілік тіледі. Олимпиада барысы 4 кезеңнен тұрды.  Сонымен қатар топтың ғылыми жетекшілеріне – Сәкен Сейфулин музейіне экскурсия ұйымдастырылып, т.ғ.д., профессор М.О. Абсеметов Сәкеннің өмір жолы туралы ғылыми семинар өткізді.

«Қазақстан тарихы» пәні бойынша І Республикалық пәндік олимпиада нәтижелері төмендегідей болды:

І орын: «Айбынды жұбановшылар» командасы (Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті)

ІІ орын: «Алаш» командасы (Қазақ Ұлттық Спорт университеті);

               «Мәңгілік ел жастары» (Тұран-Астана университеті)

ІІІ орын: «Заңғар» (Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ);

                «Қара шаңырақ» (Абай атындағы ҚазҰПУ);

                 «Ғасырлар үні» (Астана медицина университеті).

Қалған 14 команда әр түрлі номинациялармен марапатталды. Барлық команданың капитандары Диплом, Ғылыми жетекшілері Алғыс хатпен марапатталды. Шараны қорытындылаған Гуманитарлық-педагогикалық ғылымдар институтының директоры Ж.Т. Кульжанова жеңімпаздарға Дипломдардан бөлек Астана қалалық архивінен басылып шыққан кітаптар және «Білім-Өркениеті» ұлттық инновациялық орталығының» демеушілігімен ұсынылған статуеткаларды тапсырды. Олимпиада қорытындысынан соң  қатысушыларға ҚР Ұлттық музейіне саяхат ұйымдастырылды.

Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз! Әрқайсыларыңыздың бүгінгі жетістіктеріңіз – білімдеріңіздің, табандылықтарыңыздың және тарихи танымдарыңыздың нәтижесі. Себебі бұл олимпиадада студенттер өз мүмкіндіктерін сынады және ең бастысы – тарихи сананы дамыту жолында маңызды қадам жасады.

Бүгінгі алаңда тек жеңімпаздар ғана анықталған жоқ. Бүгін жаңа көзқарастар қалыптасты, жаңа тәжірибе жинақталды, жаңа достықтар бастау алды.