Басты бет / Жаңалықтар / ҚАТЗУ-ға KFM жобасының халықаралық сарапшысы Эккехард Шрёдер арнайы келді
ҚАТЗУ-ға KFM жобасының халықаралық сарапшысы Эккехард Шрёдер арнайы келді

Просмотров: 250

2026 жылғы 14 сәуірде С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетіне KFM жобасының халықаралық сарапшысы Эккехард Шрёдер арнайы ат басын бұрды. Эккехард Шрёдермен өткен кездесу Қазақстанның сүт секторындағы құзыреттерді арттыруға бағытталған жоба аясындағы алдағы ынтымақтастық мәселелерін талқылауға арналды. 

Шетелдік делегация құрамында «Қазақстанның сүт секторындағы құзыреттерді арттыру» жобасының жетекшісі Уве Веддиге, аграрлық-саяси диалог сарапшысы Эккехард Шрёдер және жоба менеджері Хенрик Дельфс болды. 

Кездесуге университет тарапынан Басқарма мүшесі – зерттеу қызметі жөніндегі проректор, ҚР ҰҒА академигі Сарсенбай Абдрахманов қатысты. Сондай-ақ талқылауға университеттің бейінді департаменттері мен институттарының өкілдері қатысты. 

Жиында Сарсенбай Абдрахманов сүт өндірісі Қазақстан агроөнеркәсіптік кешенінің негізгі салаларының бірі екенін атап өтті. Бұл сала елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ауылдық өңірлердегі жұмыспен қамтуды сақтауға және шағын әрі орта бизнесті дамытуға ықпал етеді. Оның айтуынша, сүт өндірісі саласы елімізде жүйелі түрде дамып келеді. Соның ішінде технологиялық жаңғыртуға, заманауи сапа стандарттарын енгізуге және білікті мамандар даярлауға айрықша көңіл бөлінуде. Осы мақсатта KFM жобасы стратегиялық маңызға ие. Ал халықаралық тәжірибе алмасу жайы озық тәсілдерді білім беру үдерісі мен аграрлық өндіріс практикасын енгізуге мүмкіндік береді. 

Өз кезегінде Эккехард Шрёдер жобаның негізгі міндеттерінің бірі жинақталған тәжірибені қазақстандық мамандарға жеткізу және біліктілікті арттыру мен оқыту үдерістерінің түпкілікті алушыға дейін тиімді жетуін қамтамасыз ететін жүйе қалыптастыру екенін атап өтті. Ол бұл бағыттағы міндеттерді жүзеге асыруда ҚАТЗУ-дың сенімді серіктес екенін жеткізді. 

Кездесу барысында тараптар осы уақытқа дейінгі ынтымақтастық нәтижелерін қарастырып, өзара іс-қимылдың алдағы бағыттарын және бірлескен білім беру іс-шараларын өткізу перспективаларын талқылады. Сапар бағдарламасының жалғасы ретінде бейсенбі күні Эккехард Шрёдер мен лекторлардың қатысуымен төрт бағыт бойынша воркшоп өткізу жоспарланған. Атап айтқанда: өсімдік шаруашылығы, ауыл шаруашылығы машиналары, мал шаруашылығы және аграрлық экономика. 

Сапар аясында делегация Seifullin University Агротехнопаркіне барып, университеттің инфрақұрылымымен және қолданбалы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерімен танысты.