Басты бет / Жаңалықтар / ҚАТЗУ Вайенштефан-Триздорф қолданбалы ғылымдар университетімен халықаралық әріптестікті дамытып келеді
ҚАТЗУ Вайенштефан-Триздорф қолданбалы ғылымдар университетімен халықаралық әріптестікті дамытып келеді

Просмотров: 541

2026 жылғы 14 сәуірде С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде Вайенштефан-Триздорф қолданбалы ғылымдар университетінің (HSWT, Германия) делегациясымен кездесу өтті. Іс-шара барысында екіжақты және көпжақты академиялық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ аграрлық білім, ғылым және кадр даярлау саласындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыру перспективалары талқыланды. 

Шетелдік делегация құрамында HSWT президенті Эрик Войе, халықаралық байланыстар жөніндегі вице-президент Карстен Лорц, сондай-ақ үздіксіз білім беру халықаралық бағдарламалары бөлімшесінің жетекшісі Арам Аристакесян болды. ҚАТЗУ тарапынан кездесуге Басқарма төрағасы – Ректор, ҚР ҰҒА академигі, профессор Қанат Тіреуов, Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және халықаралық қызмет жөніндегі проректор Әсем Абдримова, сондай-ақ университеттің бейінді департаменттері мен институттарының директорлары қатысты. 

Кездесуді ашқан ректор халықаралық академиялық әріптестікті дамытудың, тәжірибе алмасудың және аграрлық сала үшін білікті мамандар даярлау мүмкіндіктерін кеңейтудің маңызын атап өтті. 

Сонымен қатар екі университет арасындағы ынтымақтастықтың 30 жылға жуық уақыттан бері жалғасып келе жатқаны ерекше айтылды. Осы уақыт ішінде Вайенштефан-Триздорф қолданбалы ғылымдар университетінде Қазақстаннан шамамен 400 студент білім алған. Бұл серіктестіктің тұрақты әрі нәтижелі сипатын көрсетеді. 

Кездесу барысында тараптар аграрлық сектор мамандары үшін бірлескен кәсіби даярлық, біліктілікті арттыру және үздіксіз білім беру бағдарламаларын іске асыру мүмкіндіктерін талқылады. Ғылыми зерттеулер, академиялық өзара іс-қимыл және қолданбалы практика салаларындағы әріптестікті дамытуға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар Қазақстандағы аграрлық білім беру мен кадр даярлауды дамыту үшін халықаралық қаржыландыру көздерін тартудың ықтимал тетіктері қарастырылды. 

Бағдарлама аясында HSWT өкілдері өз университетінің негізгі қызмет бағыттары мен үздіксіз білім беру саласындағы халықаралық жобаларын таныстырды. Кездесу одан әрі ынтымақтастық перспективаларын талқылаумен, өзара іс-қимылдың басым бағыттарын айқындаумен және ұзақмерзімді серіктестікті дамытуға бағытталған нақты қадамдарды белгілеумен қорытындыланды.