Басты бет / Жаңалықтар / ҚазАТЗУ-да «Жілік жару» бойынша Қазақстан Республикасының ашық чемпионаты өтті
ҚазАТЗУ-да «Жілік жару» бойынша Қазақстан Республикасының ашық чемпионаты өтті

Просмотров: 337

2026 жылғы 13 ақпанда С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің «Сарыарқа» спорт кешенінде «Мықты білек – дәстүр мен рухтың күші» атты ұлттық сайыс «Жілік жару» бойынша Қазақстан Республикасының ашық чемпионаты өтті.

       Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен сайдың тасындай іріктелген, білегінің күші мығым кіл мықты 200 сайыскер қатысты. Олар жас ерекшеліктеріне қарай, «Қазына», «Алпамыс», «Айбар» , «Толағай» болып төрт топқа бөлініп, жілік жарудан өзара чемпионды анықтады. Күш, ептілік, төзімділік пен намыс сынға түскен бәсекеде нағыз жігерлі спортшы жеңіске жетеді.

      «Жілік жару» дәстүрі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрі мен құндылықтарын жеткізетін мәдени мұраның маңызды бөлігі. Сайысқа  ежелден жылқының артқы асықты жілігін кәдеге асырады. Жілік зақымданбаған әрі жарықшағы болмауы тиіс.Төрешілер оның салмағы 700 граммнан кем болмауы қажет дейді.

         «Чемпионаттың мақсаты – қазақ халқының дәстүрлі ұлттық спортын дәріптеу, «Жілік жару» сайысын кеңінен насихаттау және өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайту» - дейді ашылу салтанатында сөз алған «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі, Қазақстан фермерлері қауымдастығының Басқарма төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев.

           Іс-шара «Жілік жару» ұлттық спорт федерациясы қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мен «Ауыл» партиясы, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті мен Қазақстан фермерлер одағының қолдауымен өткізілді.

     Ашық чемпионатта 4 топтың арасынан оқ бойы озық шыққандар арнайы жүлдемен марапатталды.