Басты бет / Жаңалықтар / ҚазАТЗУ мен Краковтағы Кен-металлургия академиясы ғылыми ынтымақтастықты нығайтады
ҚазАТЗУ мен Краковтағы Кен-металлургия академиясы ғылыми ынтымақтастықты нығайтады

Просмотров: 2102

2025 жылғы 1 қыркүйекте С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде (ҚазАТЗУ) Польша Республикасының Краков қаласындағы Станислав Сташиц атындағы Кен -металлургия академиясы (AGH) делегациясының ресми сапары өтті. Іс-шара техникалық факультеттің Big Data аудиториясында өтті.

Сапардың мақсаты – қос жоғары оқу орны арасындағы ғылыми байланысты нығайту, тәжірибе алмасу және инженерия, материалтану және ақпараттық технологиялар салаларында болашақ бірлескен жобаларды талқылау.

Кездесуде С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ КеАҚ Басқарма төрағасы-Ректоры, ҚР ҰҒА академигі Қ.М.Тіреуов арнайы сөз сөйледі:

«Станислав Сташиц атындағы Кен-металлургия академиясының құрметті профессорлары мен әріптестері! Университетіміз сіздердің тәжірибелеріңіз бен ғылыми жетістіктеріңізге үлкен қызығушылықпен қарайды. Бұл сапар екі елдің білім және ғылым қауымдастықтары арасындағы ұзақмерзімді серіктестіктің негізін қалап отыр», – деді университет басшысы Қ.Тіреуов.

Қонақтар тарапынан профессор Яцек Цеслик те өз сөзінде ғылыми серіктестіктің маңыздылығын атап өтті:

«Біздің мақсатымыз – білім мен ғылымның шекарасын кеңейту. Қазақстан мен Польша арасындағы университеттік ынтымақтастық тек ғылыми жетістіктерге ғана емес, сонымен қатар мәдени және адами байланыстарға да негізделеді. Бүгінгі кездесу – осы жолдағы нақты қадам», – деді профессор Цеслик.

Сондай-ақ профессор Агнешка Копя өзінің алғысөзінде былай деді:

«Біз ҚазАТЗУ студенттері мен оқытушыларымен тәжірибе алмасуға дайынбыз. Инженерия, материалтану және нанотехнология саласындағы біздің зерттеулеріміз Қазақстандағы мамандар үшін пайдалы болатынына сенеміз».

Кездесу барысында поляк делегациясы бірқатар ғылыми презентациялар жасады. Атап айтқанда:

 

PA12 полиамиді негізінде Powder Bed Fusion технологиясын пайдалана отырып, медициналық бұйымдарды өндіру әдісін әзірлеу;

Аэрокосмостық өнеркәсіпке арналған никель негізіндегі ыстыққа төзімді құйма қорытпаларын жасау;

Ғылыми-зерттеу мүмкіндіктері мен басым бағыттар туралы шолу жасалды.

Кездесу соңында тараптар болашақта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдіріп, ынтымақтастықты жалғастыруға ниет танытты.

Сапар естелік суретке түсумен аяқталды.