Басты бет / Жаңалықтар / Кезекті Ғылыми кеңес өтті
Кезекті Ғылыми кеңес өтті

Просмотров: 2213

 

Бүгін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде кезекті ғылыми кеңес отырысы өтті.

Кеңесті Басқарма төрағасы – Ректор Тіреуов Қанат Маратұлы жүргізді.

Кеңестің күн тәртібінде төменгідей мәселелер қарастырылды. Атап айтқанда, Орман шаруашылығы, жабайы табиғат және қоршаған орта факультетіндегі оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу және тәрбие жұмыстарының қазіргі жағдайы мен оларды жақсарту келешегі туралы баяндама жасалды. Баяндаманы факультет деканы Сәрсекова Дани Нұрғисақызы ортаға салды.

Осы мәселе бойынша арнайы құрылған комиссияның төрағасы Анар Жасқайратқызы Нөкешева факультет бойынша туындап отырған проблемалардың бар екенін баяндап, оны шешу жолдары негізінде ұсыныс жасады.

Ұсынымды баяндамаға сай Басқарма төрағасы – Ректор Тіреуов Қанат Маратұлы факультеттің білім деңгейі мен ғылыми әлеуетін көтеру мақсатында ынтымақтастық орнатылған шетелдік озық білім ордаларымен және қос дипломды білім беру жобасы негізінде арнайы Білім беру бағдарламасын жасауды тапсырды.

Білім алушылардың тәжірибелік дайындығы бойынша жұмыстың нәтижесі туралы Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Сарбасова Қарлығаш Амангелдіқызы баяндама жасап, кеңес мүшелерінің сауалдарына жауап берді.

Студенттердің тәжірибелік дайындығы - бұл білімді игеруге, өзін-өзі ұйымдастыруды дамытуға, кәсіби дағдыларды қалыптастыруға, теориялық сабақтарда алған білімдерін шоғырландыруға ынталандыратын жүйе және жоғары білімнің білім беру бағдарламасының ажырамас бөлігі болып табылатындықтан тәжірибелік дайындық базаларын кеңейту және ірі кәсіпорындарды тарту қажет екендігін кеңес төрағасы ерекше атап өтті.

Келесі кезекте Басқарма төрағасының академиялық қызмет жөніндегі орынбасары Әбдіров Айтжан Мұхамеджанұлы  университетімізде білім алатын сегіз бірдей  спортшы-студентке ректор грантын тағайындау туралы ұсынысты ортаға салып, оны кеңес құрамы бірауыздан мақұлдады.

Агрономия факультетінің деканы Стыбаев Ғани Жасымбекұлының 6В08106 - «Агротехнология», 7М08111- «Агробиотехнология» жаңа білім беру бағдарламаларын бекіту туралы ұсынысы мақұлданды.

Екі бірдей ғалымымыз марапатқа ие болды.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2022 жылғы 14 желтоқсандағы шешімімен Ормандарды қорғауда, биологиялық әртүрлілікті сақтауда және көбейтуде қол жеткізген табыстары үшін, орман шаруашылығы саласында белсенді ынтымақтастық жасағаны және талдамаларды өндіріске енгізгені үшін «Еңбек сіңірген орман өсіруші» құрметті атағы  мен төс белгісі келесі қызметкерлерімізге табыс етілді:

 Сәрсекова Дани Нұрғисақызы – а.-ш.ғ.д., профессор, факультет деканы,

Тоқтасынов Жайлау Нұрмухамедұлы – а.-ш.ғ.к., Орман ресурстары және орман шаруашылығы кафедрасының доценті.