Басты бет / Жаңалықтар / Әріптестікті дамыту және ғылыми кадрларды даярлау
Әріптестікті дамыту және ғылыми кадрларды даярлау

Просмотров: 358

Серіктестік байланыстарды кеңейту және жас ғалымдарды даярлауды дамыту үшін С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетіне Қытай Халық Республикасы Ғылым Академиясының Шыңжаң экология және география институтының делегациясы келді.

Ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы институтының білім алушылары мен профессорлық-оқытушылар құрамы Жоу Бин – Қытай Ғылым академиясы Шыңжаң экология және география институты Жоғары білім беру департаментінің директоры, Желел Абдыуәли – Қытай Ғылым академиясы Шыңжаң экология және география институтының ғылыми қызметкері, Орталық Азия экологиялық зерттеу орталығының директоры (Алматы қ.), Яң Жынли – Аридті аймақтардағы экологиялық қауіпсіздік және тұрақты даму мемлекеттік негізгі зертханасы директорының орынбасары және ғылыми қызметкері,  Яау Фың – Қытай ғылым академиясы Шыңжаң экология және география институтының жоғары оқу орындарының кәсіптік жетекшісі, Латипа Тұрғанжан – Орталық Азиядағы экология және қоршаған ортаны зерттеу орталығының бизнес-директорымен  2025 жылы желтоқсан айының 11 жұлдызында кездесу өткізді.

Қонақтар институттың ғылыми зертханалары мен білім беру бағдарламалары, магистратура мен докторантурада оқу мүмкіндіктері, қабылдау шарттары, ғылыми тағылымдамалар және шетелдік студенттерге ұсынылатын академиялық қызметтер туралы бірқатар презентациялар ұсынды. Экология, тұрақты даму және табиғатты пайдалану саласында мамандар даярлау бағдарламаларына ерекше назар аударылды.

Кездесу барысында ғылыми байланыстарды одан әрі нығайтуға, бірлескен зерттеу жобаларын іске асыруға және академиялық ұтқырлықты кеңейтуге қызығушылық білдірді.

Қытай Халық Республикасы Ғылым Академиясының Шыңжаң экология және география институтының делегациясы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің аграрлық және қуаң аймақтар экологиясы саласындағы жоғары әлеуетін атап өтті.

Бұл кездесу халықаралық ынтымақтастықты дамыту жолындағы маңызды қадам болды және жас ғалымдарды даярлау, тәжірибе алмасу, тұрақты даму мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы перспективалық бастамаларды іске асыру мақсатында жаңа мүмкіндіктер туғызды.