Басты бет / Жаңалықтар / Салауатты және қауіпсіз тамақтану бойынша жетінші халықаралық сараптамалық кездесу
Салауатты және қауіпсіз тамақтану бойынша жетінші халықаралық сараптамалық кездесу

Просмотров: 1638

Жыл сайын 7 маусым әлемде "Дүниежүзілік азық-түлік қауіпсіздігі күні" аталып өтеді.

Осыған орай бүгін Сейфуллин университетінде Салауатты және қауіпсіз тамақтану мәселелеріне арналған жетінші халықаралық сараптамалық кездесу болып өтті.

7 мемлекеттің өкілдерін жинаған іс-шараны Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы (АҚИҰ) мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті бірлесе ұйымдастырды.

Дүниежүзілік азық-түлік қауіпсіздігі күніне арналған кездесуге Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының Бас директоры Ерлан Әлімжанұлы Байдәулет, ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті азық-түлік қауіпсіздігі басқармасының бас сарапшысы Қызғалдақ Сапарғалиқызы Жұбатқанова, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» Білім және білім беру басқармасының бас менеджері Насырханова Бақыт Қайырғазықызы, Мухаммад Наваз Шариф атындағы Ауылшаруашылық университетінің вице-канцлері, профессор, доктор Асиф Али, Ислам Әріптестік Ұйымына мүше 7 елдің шетелдік және отандық ғалымдары, докторанттар мен магистранттар және өзге де құрметті қонақтар қатысты.

Жиында АҚИҰ-ның Салауатты және қауіпсіз тамақтану жобасының жетекшісі доктор Шахло Атабаева модераторлық етті.

Аралас форматта өткен халықаралық кездесуде Сейфуллин университетінің Басқарма басшысы – Ректор Қанат Тіреуов, АҚИҰ Бас директоры Ерлан Байдәулет, ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті азық-түлік қауіпсіздігі басқармасының бас сарапшысы Қызғалдақ Жұбатқанова, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» Білім және білім беру басқармасының бас менеджері Бақыт Насырханова, Muhammad Nawaz Sharif University вице-канцлері, профессор, доктор Асиф Али құттықтау сөз сөйледі.

«Елімізге келетін импортты қысқарту жөнінде және сыртқы нарыққа шығатын бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға қолдау жасау туралы нақты шаралар іске асырылуы керек. Бұл ретте, дамыған елдердің тәжірибесін де назарға алып, өз елімізге лайықты жолдарды қарастырғанымыз жөн», - деді ректор Қанат Маратұлы өз сөзінде.

Конференцияның пікірталас сессиясында сөз сөйлеген шетелдік және отандық ғалымдар азық-түлік тапшылығынан зардап шегетін әлемнің ең осал елдерін айқындау, әлемдегі климаттық өзгерістердің азық-түлікпен қамтамасыз етуге әсерін бағалау және ауыспалы климаттық жағдайларда азық-түлік өндіру тәсілдерін зерделеу, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі факторларын анықтау сияқты өзекті мәселелерді талқылады.

Мәселен, доктор Суад Атан және Шахло Атабаева iOS-тың тайябалық емес азық-түлік тауарларына IOFS қосу әдістемесі (халал тағамнан айырмашылығы) туралы жан-жақты түсінік берсе, Оман Сұлтандығынан онлайн қосылған доктор Ариф Ходжа қазіргі кездегі азық-түлік қауіпсіздігінің интеллектуалды сценарийін ұсынды.

АҚШ-тың Арканзас университетінің PhD докторы Аднан Алрубай Арканзас университетінде КазАТУ оқытушылары мен студенттерін тікелей оқыту арқылы құс етінен алынатын азық-түлік қауіпсіздігін арттыру тақырыбында қызықты баяндама оқыды.

Ал отандық ғалым, биология ғылымдарының докторы, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің профессоры Балғабай Майқанов білім мен ғылымдағы азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне тоқталып, мәселенің  шешімі ретінде Қазақстанда Тағам қауіпсіздігі жөнінде арнайы Агенттік құруды ұсынды.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің доценті, жас ғалым Лаура Аутелеева Қазақстан Республикасына жаңғақтарды импорттаудың қауіпсіздігі туралы маңызды ақпаратпен бөлісті.

      БҰҰ сарапшыларының мәліметінше, қазір жер бетіндегі тұрғындардың саны 8 миллиардқа жақындаған. Ал халық саны артқан сайын, азық-түлік қауіпсіздігі бүкіл адамзаттың ең маңызды жаһандық мәселесі болып табылатындығы баршамызға белгілі.

        Бүгінде Қазақстан 2021 жылдың қорытындысы бойынша азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық рейтингінде 113 елдің ішінде 32 орында және ашаршылықтың ең төменгі деңгейі бойынша 107 елдің ішінде 21 орында.

       Мұсылман елдерінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы жұмыс істейді. ИЫҰ – шамамен 1,5 млрд халқы бар 57 елден тұратын ең ірі халықаралық мұсылман ұйымы болып табылады.

      АҚИҰ-ның негізгі мақсаты – Ислам Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы мүмкіндіктерін шоғырландыру болып табылады. Қазіргі уақытта 34 мемлекет АҚИҰ мүшесі болып саналады, олардың 12-сі Ұйымның Жарғысын ратификациялады және бұл құжат толық заңды күшіне енді.

      Болжам бойынша, 2030 жылы, шамамен 670 миллион адам (әлем халқының 8 пайызы) әлі де аштыққа ұшырайды. 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму күн тәртібі аясында осы онжылдықтың соңына қарай аштықты, азық-түлік қауіпсіздігін және дұрыс тамақтанбауды жою мақсаты қойылып отыр.

Ғаламдық осы мәселелер аясында ұйымдастырылып отырылған бүгінгі халықаралық сараптамалық кездесудің мақсаты – білім және озық тәжірибемен өзара алмасу болды.

Конференцияға қатысушылар Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетіне ғаламдық өзекті мәселені қамтыған халықаралық деңгейдегі тиімді кездесу ұйымдастырғандары үшін ерекше алғыс білдірді.