Басты бет / Жаңалықтар / Seifullin University-де AI Design Hackathon 2026 хакатонының қорытындысы шығарылды
Seifullin University-де AI Design Hackathon 2026 хакатонының қорытындысы шығарылды

Просмотров: 370

2026 жылғы 9 қазанда Астана қаласында жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып, «QazAgroOrganic» ЖШС органикалық өнімдер желісінің қаптамасын әзірлеуге арналған AI Design Hackathon 2026 хакатонының финалы өтті.

Іс-шараны Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығына қарасты С. Сейфуллин атындағы ҚАТЗУ-дың Seifullin University Агротехнопаркі ұйымдастырды. Индустриялық серіктес — «QazAgroOrganic» ЖШС.

Хакатонның мақсаты — тұтас бидай мен арпадан дайындалатын ботқалар мен құрғақ таңғы ас өнімдеріне арналған заманауи, танымал әрі бәсекеге қабілетті қаптама дизайнын әзірлеу, сондай-ақ студенттердің дизайн мен маркетинг саласында жасанды интеллект құралдарын практикалық қолдану дағдыларын дамыту.

Іс-шараға университеттің алты институтынан 108 студент қатысты. Барлығы 61 командалық және жеке өтінім тіркелді. Белгіленген мерзімде 22 команда өз жобаларын ұсынды. Оның ішінде 17 команда іріктеуден өтіп, финалда сарапшылар алқасының алдында жобаларын қорғады.

Қатысушылар қаптама дизайнының тұжырымдамаларын ұсынып, жасанды интеллект мүмкіндіктерін көрсетті және әзірленген шешімдерді өндіріске енгізу жолдарын негіздеді. Жобалар техникалық тапсырмаға сәйкестік, идеяның бірегейлігі, AI құралдарын тиімді пайдалану, бренд пен өнім ерекшеліктеріне сәйкестік және өндірісте қолдану мүмкіндігі сияқты жеті критерий бойынша бағаланды.

Сарапшылар алқасының шешімі бойынша хакатон жеңімпаздары:

I орын — «Зерно Великой Степи» командасы — Руслан Ілжанов пен Ислам Сәкенов (ИБЦТ, 4-курс).

II орын — «Зерно и точка» жобасы — Әбусейт Қайыржанұлы (ИБЦТ, 2-курс).

III орын — QADAM командасы — Мали Айсар мен Спандияр Қуанышбек (ИБЦТ, 4-курс).

Финалға қатысқан барлық командаларға сертификаттар табысталды.

AI Design Hackathon 2026 студенттердің шығармашылық әлеуетін, цифрлық технологияларды және отандық агробизнестің нақты міндеттерін ұштастыратын алаңға айналды. Осындай іс-шаралар университет пен агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, инновациялық шешімдерді тәжірибеде қолдана алатын мамандарды даярлауға ықпал етеді.