Басты бет / Жаңалықтар / Таланттарды анықтау және студенттердің мансаптық өсуін ынталандыру мақсатында аграрлық бағыттағы «Agro Leaders 2026» және «Open Space 2026» студенттік конкурстары өз жұмысын бастады.
Таланттарды анықтау және студенттердің мансаптық өсуін ынталандыру мақсатында аграрлық бағыттағы «Agro Leaders 2026» және «Open Space 2026» студенттік конкурстары өз жұмысын бастады.

Просмотров: 499

«Agro Leaders 2026» және «Open Space 2026» студенттік конкурстары университеттің серіктестері – «Eurasia Group» және «AGT Global» компанияларының ұйымдастыруымен өткізілуде. Аталған конкурстар студенттердің кәсіби дамуына, білім алушылар арасынан таланттарды анықтауға және олардың мансаптық өсуін ынталандыруға бағытталған.

ҚАТЗУ-дың тұрақты серіктесі – «Eurasia Group Kazakhstan» компаниясы агрономия, аграрлық техника және технологиялар, IT технологиялар бағыттары бойынша білім алушылар арасында көпкезеңді «Agro Leaders 2026» конкурсын жариялады. Конкурс 4 кезеңнен тұрады: компания мамандары өткізетін оқыту мастер-кластары, білім алушылардың мамандану бағыттары бойынша онлайн тестілеу, командалық жұмыс және қорытынды кезең, ол Көкшетау қаласындағы John Deere сервистік орталығы базасында өтеді. Биыл конкурстың бірінші кезеңі 2025 жылғы 31 қазанда онлайн форматта, Мансап күні аясында сәтті өткізілді. «Өсімдік шаруашылығы» білім беру бағдарламалары тобының 100-ден астам студенті белсенді қатысып, аталған іс-шараға және ұсынылған мүмкіндіктерге жоғары қызығушылық танытты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша «Агрономия» білім беру бағдарламасының 6 жеңімпазы ақшалай сыйлықтар мен John Deere зауыттарына (Германия және АҚШ) шетелдік сапарларға ие болды. Ал биыл «Eurasia Group Kazakhstan» компаниясы қатысушылар географиясын кеңейтіп, бұрынғыдай 4 қала емес, 15 қаладан білім алушыларды қамтыды.

«AGT Global» компаниясы 16 қаңтарда жоғары технологиялар саласындағы «Open Space 2026» халықаралық инновациялық конкурсын бастады. Білім алушылардан өтінімдер қабылдау қараша айында аяқталды. Биылғы «Open Space 2026» конкурсы ерекше маңызға ие, себебі ол өнеркәсіптік сектордың әлемдік сұранысына сай келетін келесі бағыттарды қамтиды: машина жасау, геология және геодезия/геофизика, сәулет және BIM технологиялары, химиялық инженерия және мұнай-химия, агрохимия, ТКӨ химиялық технологиялары, тау-кен ісі және металлургия, робототехника және дрондар, экология, өнеркәсіптік экология.

Конкурсқа Қазақстанның өңірлік университеттерінің (Алматы, Семей, Қызылорда, Қарағанды, Көкшетау), Ресейдің (Ресей халықтар достығы университеті), Татарстанның (Қазан федералдық университеті), Якутияның (Солтүстік-Шығыс федералдық университеті), Ташкенттің (Ташкент мемлекеттік аграрлық университеті, Ташкент химия-технологиялық институты), Венгрияның (Венгрия аграрлық және өмір ғылымдары университеті) 3–4 курс студенттері мен магистранттары қатысуда. С. Сейфуллин атындағы ҚАТЗУ-дан агрохимия, экология, сәулет және машина жасау бағыттары бойынша студенттер өтінім беріп, конкурсқа қатысуда. Жетекші оқытушылар белсенді, ынталы және бастамашыл студенттерден командалар қалыптастырды. Алайда келесі кезеңдерде оқытушылар қатыспайды, студенттік командалар барлық тапсырмаларды университет зертханаларында, онлайн режимде өз бетінше орындайды. Бұл конкурс студенттер үшін үлкен сынақ, білімдерін тексеру және командалық рухты көрсетуге арналған мүмкіндік болып табылады.

«Agro Leaders 2026» және «Open Space 2026» конкурстарының келесі кезеңдері өз саласын жетік меңгерген, теориялық және практикалық білімі жоғары, командада жұмыс істей алатын, тапқыр әрі эрудициясы мол бәсекеге қабілетті студенттерді анықтауға бағытталған. Осындай конкурстар ұйымдастыру арқылы жас таланттарды анықтауға және инновацияларды қолдауға үлес қосып отырған компаниялардың арқасында елдің агроөнеркәсіптік кешені үшін агрономдар, агрохимиктер және басқа да мамандардан тұратын кадрлық резерв қалыптастыруға нақты үлес қосылуда. Конкурстар Ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы институтында ұйымдастырылады, конкурстарға қатысу студенттерге кәсіби бағалау алуға, өз идеяларын жүзеге асыруға және мансаптық мүмкіндіктерге қол жеткізуге жол ашады.

Студенттерімізге табыс, жеңіске деген жігер тілейміз!
            Университет басшылығы атынан университет серіктестері – «Eurasia Group» және «AGT Global» компанияларының басшылығына алғыс білдіреміз.