Басты бет / Хабарландыру / ҚАТЗУ мен 1С Қазақстан компаниясы арасындағы табысты ынтымақтастық тәжірибесі
ҚАТЗУ мен 1С Қазақстан компаниясы арасындағы табысты ынтымақтастық тәжірибесі

2025 жылғы 23 мамырда «ИнфоСофтПром» ЖШС кеңсесінде – 1С Қазақстан компаниясының ресми өкілі – С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің (ҚАТЗУ) «Бизнес-информатика» білім беру бағдарламасы бойынша Компьютерлік ғылымдар және кәсіби білім беру факультетінің 4-курс студенттері дипломдық біліктілік жұмыстарын алғаш рет көшпелі форматта сәтті қорғады. @SakenSeifullinUniversiteti

Аталған іс-шара ҚАТЗУ мен 1С компаниясы арасындағы көпжылдық ынтымақтастықтың нәтижесі болып табылады. Студенттердің кәсіби құзыреттіліктерін арттыру және оларды жұмысқа орналастыру мақсатында 2023 жылғы 13 желтоқсанда №01/23, М-12833 меморандумына қол қойып, өзара серіктестік пен тиімді ынтымақтастықты дамыту туралы келісімге келді.

Серіктестік аясында университет қабырғасында заманауи бағдарламалық қамтамасыз ету және техникалық жабдықтармен жабдықталатын «1С» брендтелген арнайы оқу аудиториясы ашылды. Бұл аудитория студенттерге 1С:Кәсіпорын платформасындағы шешімдерді меңгеруге және практикалық тұрғыдан қолдануға мүмкіндік береді.

Меморандум аясында 6В06102 – «Бизнес-информатика» және 6В06103 – «Компьютерлік инженерия» білім беру бағдарламалары бойынша Оқу және жұмысқа орналастыру бағдарламасы әзірленді. Екі жыл қатарынан осы білім беру бағдарламаларының әрқайсысынан 10 студенттен «ИнфоСофтПром» компаниясының гранттарына (әрқайсысы 1 млн теңге) ие болып, 10 апта көлемінде практикалық оқудан өтті. Компания студенттерді оқытып қана қоймай, оларға куәлік тапсырып, әрі қарай жұмысқа орналастырады.

Компания өкілдері – Керейбаева Г.М. (1С Қазақстан оқу орталығының басшысы), Филоненко А.В., Абдығапаров Ә.М. ҚАТЗУ-дың білім беру бағдарламалары бойынша академиялық комитет құрамына енеді. Олар пәндік модуль ұсынды және пәндер бойынша силлабустар мен оқу-әдістемелік кешендер (ОӘК) әзірледі: «1С:Кәсіпорын» платформасындағы шешімдерді тәжірибелік қолдану, 1С жүйесін әкімшілендіру, «1С:Кәсіпорын 8» жүйесіндегі бизнес-процестер.

Сонымен қатар, компания «Компьютерлік ғылымдар» кафедрасының оқытушыларын тегін оқытуда. Қазіргі таңда 6 оқытушы оқу курстарынан өтіп, арнайы куәлік алды: Жұмасеитова С.Д., Мұратова Г.К., Бегалиева Қ.Б., Мұрзабекова Г.Е., Тәжібай Л.К., Исаева М.А.

Көшпелі қорғау студенттерге кәсіби ортада сенімділік алуға, өз жобаларын таныстырып, салалық мамандардан нақты пікір алуға көмектеседі. Бұл олардың мансап жолындағы сәтті бастамасына үлкен септігін тигізеді.

Диплом алғаннан кейін «Компьютерлік ғылымдар» кафедрасының 7 түлегі бірден 1С Қазақстан компаниясының орталық кеңсесінде жұмысқа кіріседі.

ҚАТЗУ-дың білім беру инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесі үшін 1С Қазақстан компаниясына алғысымызды білдіреміз және жаңа буындағы жоғары білікті IT-мамандарды даярлау жолындағы серіктестігіміздің одан әрі нығаятынына сенім білдіреміз.

 

 

30.05.2025