Басты бет / Жаңалықтар / ҚАТЗУ-да түлектерге арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
ҚАТЗУ-да түлектерге арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Просмотров: 341

2026 жылғы 24 сәуірде С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде Инжиниринг және азық-түлік технологиялары институтының түлектеріне арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

Іс-шараға институттың профессор-оқытушылар құрамы мен әкімшілігі, шақырылған жұмыс берушілер мен серіктестер, сондай-ақ «Стандарттау, сертификаттау және метрология», «Көлік, көлік техникасы және технологиялар», «Көліктегі логистика», «Агроинженерия», «Механикалық инженерия», «Тағам өнімдерінің технологиясы», «Технологиялық машиналар және жабдықтар» білім беру бағдарламаларының түлектері қатысты.

Алғы сөзбен Инжиниринг және азық-түлік технологиялары институтының директоры, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Ержан Ахметов сөз сөйледі. Ол институттың негізгі жетістіктері мен кәсіпорындармен ынтымақтастықты дамыту перспективалары туралы айтып, түлектерге магистратурада білімін жалғастыру мүмкіндігі бар екенін атап өтті.

Одан кейін Мансап, практика және жұмысқа орналастыру орталығының бас менеджері Бақыт Әбенова сөз алып, түлектер үшін таңдаған мамандығы бойынша кәсіби мансап қалыптастырудың маңыздылығын және мемлекеттік білім беру грантын өтеу талаптарын түсіндірді.

Шақырылған жұмыс берушілер мен серіктестер қатарында «Stalbau» ЖШС, «Kazakhstan Paramount Engineering» ЖШС, «Единый Консолидирующий Центр» ЖШС, «КАЗРОСТ» ЖШС, «ЗАВОД КАЗАГРОМАШ» ЖШС, «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС (Alstom), «TITAN AGRO KAZAKHSTAN» ЖШС, «СТ АГРО» ЖШС, «Тайынша агробизнес колледжі» КММ, «Синхрон» ЖШС, «ЖАНАБЕТ АСТАНА» ЖШС, «КАЗНИИППП» ЖШС, «Болсхан» ЖК, «Моя Ферма» ЖШС және басқа да ұйымдардың өкілдері болды.

Компаниялардың өзекті бос жұмыс орындары мен тағылымдамадан өту бағдарламалары туралы таныстырылымдарынан кейін іс-шара жеке сұхбаттасу және түйіндемелер бойынша кеңес беру форматында жалғасты. Түлектер мансаптық мүмкіндіктерге, жұмысқа орналасу шарттарына және кәсіби өсу перспективаларына қатысты сұрақтар қойып, белсенділік танытты.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі университет, жұмыс берушілер және болашақ жас мамандар арасындағы тікелей диалог алаңына айналып, түлектердің жұмысқа орналасуына ықпал етті.