Басты бет / Жаңалықтар / ҚАТЗУ докторанттары Далянь технологиялық университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті
ҚАТЗУ докторанттары Далянь технологиялық университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті

Просмотров: 281

Сәулет және жер ресурстарын басқару саласындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастық пен академиялық ұтқырлықты дамыту аясында С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің екінші курс докторанттары Қытай Халық Республикасының Далянь қаласында ғылыми тағылымдамадан өтті.

Бір айлық тағылымдама Далянь технологиялық университетінің Сәулет және бейнелеу өнері факультеті базасында ұйымдастырылды. Бағдарламаға 8D07301 – Сәулет білім беру бағдарламасы бойынша Инженерия және жер ресурстарын басқару институтының докторанттары Н. Аппасова, А. Бутабекова және А. Мөлдағалиева қатысты.

Сапар барысында Қытай университетінің профессор-оқытушылар құрамымен жұмыс кездесулері өтіп, тараптар алдағы ғылыми ынтымақтастықты, бірлескен зерттеулер жүргізу және академиялық білім алмасу мен дамыту перспективаларын талқылады.

Тағылымдаманың маңызды нәтижелерінің бірі — С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті мен Далянь технологиялық университетінің бейінді құрылымдық бөлімшелері арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуы. Бұл құжат сәулет, қала құрылысы және жер ресурстарын басқару салаларындағы ұзақ мерзімді әріптестіктің институционалдық негізін қалыптастырады.

Тағылымдама соңында докторанттарға ғылыми бағдарламаны сәтті аяқтағанын растайтын сертификаттар табыс етілді. Алынған білім мен тәжірибе олардың алдағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына, сондай-ақ тұрақты және экологиялық теңгерімді аумақтық жүйелерді дамытуға бағытталған диссертациялық зерттеулерін дайындауға ықпал етпек.