Басты бет / Жаңалықтар / Аграрлық ғылымды қолдау: жас ғалымдарға тұрғын үй сертификаттары табысталды
Аграрлық ғылымды қолдау: жас ғалымдарға тұрғын үй сертификаттары табысталды

Просмотров: 700

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында салтанатты жағдайда 10 жас ғалымға тұрғын үй сертификаттары табысталды. Бұл бастама жас зерттеушілерді жан-жақты қолдауға, олардың ғылыми әлеуетін дамытуға және әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған, сондай-ақ ғылыми қызметті одан әрі табысты жалғастыруға берік негіз қалайды.

Іс-шара барысында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің үш жас ғалымы — Сәрсекеев Е.Ж., Аутелеева Л.Т. және Ысқақов Б. тұрғын үй сертификаттарына ие болды. Атап өту қажет, аталған жас ғалымдардың барлығы аграрлық сектор саласында ғылыми қызмет атқарады. Бұл сала елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, ауыл шаруашылығын орнықты дамытуда және ғылыми инновацияларды өндіріске енгізуде маңызды рөл атқарады.

Өз сөзінде Лаура Аутелеева тұрғын үй сертификатын алу жас ғалымдар үшін тек әлеуметтік қолдау ғана емес, сонымен қатар ғылыми қызметке деген ынтаны арттыратын маңызды ынталандыру шарасы екенін атап өтті. Ол ғылымды дамытуға және жас зерттеушілерді қолдауға жүйелі түрде көңіл бөліп отырғаны үшін Мемлекет басшысына, сондай-ақ қолайлы ғылыми орта қалыптастырғаны үшін салалық министрлік пен университет басшылығына алғысын білдірді. Тұрғын үймен қамтамасыз ету жас ғалымдарға тұрақтылық пен болашаққа деген сенімділік сыйлап, ғылыми зерттеулерге, инновацияларға және болашақ мамандарды даярлауға толықтай назар аударуға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, мұндай мемлекеттік қолдау шаралары жастардың ғылымға деген қызығушылығын арттырып, аграрлық ғылымдағы кадрлық әлеуетті нығайтуға және елдің ғылыми-интеллектуалдық дамуына елеулі үлес қосады.