Басты бет / Жаңалықтар / Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын!
Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын!

Просмотров: 1124

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің

қадірлі оқытушылары мен студенттері!

 

Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл мереке барлық ұлт өкілдерінің ынтымақтастығы мен достығының жарастығы, бейбітшілік пен тұрақтылықтың жарқын бір көрінісі болып табылады. Жыл сайын көктеммен бірге келетін мерейлі мереке университетіміздегі түрлі ұлттың тілін, салт-дәстүрін және мәдениетін асқақтатып, жүрегімізге жыр, жанарымызға нұр сыйлайды. Бұл достық, сыйластық пен ынтымақ мерекесі. Бұл 150-ге тарта ұлт мекендейтін елімізде бейбіт өмір сүру үшін талап етілетін қағидалар. Еліміздің кең шаңырағы астында қазақтар, өзбектер, орыстар, украиндар, неміс, корей, ұйғыр, қырғыз, армян, грузин және басқа да көптеген ұлт өкілдері тұрады. Осы ұлттардың әрқайсысы бірегей таптырмас қасиеттерге ие. Дегенмен Қазақстан аумағында біз – тату өмір сүретін бір халықпыз. Бірінші мамыр мерекесінің мәні де осы.

Бірлік, достық, татулық, ынтымақ – еліміздегі саяси-экономикалық тұрақтылықтың басты әрі негізгі кепілі. Бағындырған белестеріміз бен жеткен жетістіктеріміз ұлтаралық татулық пен шынайы түсіністіктің айқын айғағы. Мұның бәрі халқымыздың берік достығы мен тағылымды татулығының, абыройлы ауызбірлігінің нақты нәтижесі. Тәуелсіздігіміздің даңғыл болашағына түскен мемлекетіміздің экономикасы қарқынды даму үстінде. Ел экономикасындағы орасан зор табыста ауыл шаруашылығы мамандарының да өзіндік үлесі бар. Университетіміздің түлектері, ғалымдарымыз бен бүгінгі студенттеріміз Қазақстанның кең шаңырағы астында басқа ұлт өкілдерімен бірге тату-тәтті өмір сүруде.

Ардақты әріптестерім, қадірменді студенттер!

Әрбір шаңыраққа шаттық, дендеріңізге саулық, бастарыңызға бақ-береке тілеймін!
«Бірлік – берекеге, береке – мерекеге жеткізеді» деп дана халқымыз айтқандай, Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын! Тыныштық пен бейбітшіліктің талбесігінде тербелген халқымыздың татулығы мен бірлігі нығая берсін, еліміздің болашағы баянды, іргесі берік болсын!

Құрметпен,

С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ Басқарма төрағасы - Ректоры, ҚР ҰҒА академигі Қ.М.Тіреуов