Главная / Объявления / Түркия, Анкара Қажы Байрам Уәли Университетінің профессоры, тарихы ғылымдарының докторы Гүлжанат Құрманғалиева Ерджиласунның қонақ дәрісі
Түркия, Анкара Қажы Байрам Уәли Университетінің профессоры, тарихы ғылымдарының докторы Гүлжанат Құрманғалиева Ерджиласунның қонақ дәрісі

С.Сейфуллин атындағы ҚАТЗУ Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі А.П.Алиакбарованың ұйымдастыруымен 12 наурызда Түркия, Анкара Қажы Байрам Уәли Университетінің профессоры, тарихы ғылымдарының докторы Гүлжанат Құрманғалиева Ерджиласунның «Еуропа мен Түркиядағы алаштану» ашық онлайн қонақ дәрісі өткізілді.
Гүлжанат Құрманғалиева Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Қойтас ауылында дүниеге келді. 1992-жылы орта мектепті алтын медальмен бітіріп, Түркияның астанасы Анкара қаласындағы ағылшын тілінде білім беретін Таяу Шығыс техникалық университетінің (ODTÜ) тарих факультетіне түсті. Алғашқы жыл түрік тілін, одан кейінгі жыл ағылшын тілін меңгеріп, 1999-жылы Тарих факультетін тәмамдады. 
Гүлжанат Құрманғалиева Ерджиласун  2003-жылы аталған университетте «Сталиндік қуғын-сүргін және жазалау жүйесі: қазақ зиялылары»  деген тақырыпта магистрлік диссертациясын қорғаса, 2008-жылы Бішкек қаласында тарих мамандығы бойынша докторлық диссертациясын «Саяхатнамалар бойынша Жетісу өңіріндегі қазақ және қырғыздардың әлеуметтік құрылысы (1854-1917)» тақырыбында қорғаған. АҚШ-та Солтүстік Вирджиния және Джордж Вашингтон университеттерінде тағылымдамадан өтті.
Түркияда және әлемде қазақ тілі, әдебиеті, тарихы мен мәдениетінің, қазақ зиялыларының танытылып, дәріптелуіне өз үлесін қосып келеді. Түрік тілін білетіндерге қазақ тілін үйрету бойынша оқулықтардың (2015, 2023) авторларының бірі. «ХХ ғасырдағы қазақ тарихы» монографиясының (2018, 2019), көптеген кітап пен мақалалардың авторы. Сондай-ақ «Түркі әлемінің данасы Абай» атты кітаптың (2020), «Ұлт мектебінің жүрегі Ахмет Байтұрсынұлы» (2022) атты ғылыми кітаптардың авторларының бірі.  
Гүлжанат Құрманғалиева Ерджиласун ана тілін, сондай-ақ түрік, ағылшын, француз, орыс және қырғыз тілдерін жетік біледі.


13.03.2024