Басты бет / Жаңалықтар / ҚАТЗУ мен ICESCO ғарыштық технологиялар және ғылым саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады
ҚАТЗУ мен ICESCO ғарыштық технологиялар және ғылым саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады

Просмотров: 30

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде «Kazakhstan Space Days Astana 2026» халықаралық форумы аясында ICESCO делегациясымен кездесу өтті. Іс-шара ғарыштық технологиялар, ғылым, білім беру және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастық перспективаларына арналды.

Университет атынан Басқарма мүшесі – зерттеу қызметі жөніндегі проректор Сәрсенбай Абдрахманов құттықтау сөз сөйледі. Ол ғарыштық технологиялардың бүгінде білім беру, ғылым, инженерия және халықаралық ынтымақтастықты дамытудың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ университеттің заманауи технологияларды енгізуге, ғылыми зерттеулерді дамытуға және халықаралық әріптестікті кеңейтуге бағытталған осындай бастамаларды қолдайтынын жеткізді.

ICESCO тарапынан Мухаммад Шариф, ICESCO кеңесшісі, ғылым және қоршаған орта жөніндегі директоры сөз алды. Сондай-ақ кездесуге Жозе Вагнер Витал, генерал-майор, Халит Мирахметоглу, Space Agenda директоры және Амна Аван, Amna Group бас атқарушы директоры арнайы қатысты.

Кездесу барысында тараптар аграрлық ғылым мен кадр даярлаудан бастап цифрландыру, орнықты даму және ауыл шаруашылығында ғарыштық технологияларды қолдануға дейінгі перспективалы ынтымақтастық бағыттарын талқылады. Бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын дамыту, студенттер мен профессор-оқытушылар құрамына арналған тағылымдамалар мен біліктілікті арттыру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Кездесу тәжірибе алмасуға және ҚАТЗУ мен ICESCO арасындағы ұзақ мерзімді ғылыми-білім беру ынтымақтастығын одан әрі дамыту қадамдарын талқылауға мүмкіндік берді.

 

Анықтама үшін: ICESCO – білім беру, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Ислам әлемі ұйымы. Штаб-пәтері Марокко Корольдігінің Рабат қаласында орналасқан. Ұйым білім беру, ғылым, технология және мәдениет салаларында бағдарламалар мен бастамаларды жүзеге асырып, мүше мемлекеттер мен олардың білім беру және ғылыми мекемелері арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қолдау көрсетеді.