Басты бет / Университет / Студенттік өмір / Сәкен Сейфуллинге 125 жыл болды
Сәкен Сейфуллинге 125 жыл болды
Сәкеннің Сталинге хат жазғаны рас па?

Мақала көлемділігіне байланысты Егемен Қазақстан газетіне (№21 01.02.2019 ж.) ықшамдалып шықты.

Қанат  Жүнісов

 

Тарих ғылымының кандидаты Жұмажан Сүлейменнің «Сәкеннің Сталинге хаты» атты мақаласы «Ақиқат» журналында (№ 10  Қазан. 2018 ж) үш айдан бері «салтанат» құрып тұр.  Автор: -  «Ерте ме, кеш пе жарияланбай қал­майтын бұл хат төл тарихымыздың бір қызық дерегі. Төменде алғаш рет баспа бетін көргелі отырған Сәкен Сейфуллиннің Сталинге жазған бізге белгілі жалғыз хаты» - деп бастайды. Неге алғаш рет? Бұл хат 2007 жылы «Алаш қозғалысы» деген кітапқа, одан кейін де бір-екі жинаққа енген. Ғылыми ортада неше мәрте талданған. Сонда ғалымдар құрастырған кітапты, ғалым оқымаған ба?

Алғашқыда осындай ойға келдім. Мақаланы «Ақиқат» журналының сайты деген сілтеме арқылы Facebook  желісінен  оқыған болатынмын. Авторын жыға танымадым. «Сәкеннің Сталинге жазған хатын» көшіріп алдым да, маған белгісіз авторды іздестіре бастадым. Ғаламтордағы нұсқада авторы Жұмажан Сүлеймен, Қазақстан Республикасы Президенті архивінің қызметкері, тарих ғылымының кандидаты деп жазылған. Сол бойынша Қазақстан Республикасы Президенті архивіне хабарластым.

Архив қызметкерлері «Ақиқат» журналына шыққан мақаладан хабардар екен.  Олар менің Жұмажан Сүлеймен мырзаны іздегенімді естіп таң қалды. Айтуларынша ол кісі біршама уақыт бұрын бақилық болыпты. 1997 жылдан кейін ҚР Президенті архивінде қызмет істемегенін біліп мен де қайран қалдым. Себебі ғаламтордағы нұсқада автордың өмірден өтіп кеткенін білдіретін еш белгі жоқ еді. Бұдан кейін журнал қолыма тиді. Әйтеуір онда автордың бақилық жан екенін көрсетіп, қоршауға алыпты. Әрі қолжазбаның бір-екі тұсын суретке түсіріп басыпты. Тек мақаланы Ж.Сүлейменнің қай уақытта жазғаны  жайлы дерек жоқ. Қазіргі уақытта оқырмандардың көбі сайттардан оқитынын ескерсек, талай адам «көзі тірі» Ж.Сүлейменнің «жаңалығын»  түсіне алмай, мен секілді іздеп  жүрген болар. Іле-шала мақаланы «Жас Алаш» газеті (№ 84 23 қазан, 2018 ж) көшіріп басты. «Ақиқат» журналы мен «Жас Алаш» газетіне сілтеме  жасап,  әлеуметтік желілер жарыса шулады. Неше мыңдаған пікірлер Алашорда азаматтарын жамандапты деп С.Сейфуллинді жерден алып, жерге салды. Аталмыш хат жайлы соңғы жылдары жиі айтылып кеткендіктен, бірте-бірте күмәнді тұстары  өзінен-өзі шыға бастады.

Соның ізімен Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Президенті архивіне бардым. Мұрағат қызметкерлері сұраған құжатты ұзатпай тауып берді.  Ф.811, Оп.,24, Д 243.  деп нөмірленген папканың 7-17 беттерінде тұрған «Сәкеннің Сталинге жазған хаты» Ж.Сүлеймен жазғандай ешқандай кеңселік тіркеу белгілері қойылмаған, машинкамен басылған он беттік фотокөшірме екен. Сәкеннің қолы жоқ. Бірақ «Ақиқат» журналы «хаттың» соңына С.Сейфуллиннің қолы деп белгі қойған («Жас Алаш та» да солай). Мұны қалай түсінуге болады? Сәкен үшін редакция қол қойған ба? Осы хатты архивтен көрдім деп соғатындардың қарасы көп еді. Анығында «Лист использования единиц хранения 811-24-243» парақшасында 19.08.1983ж. Қозыбаев, 22.01.1997ж. Ж.Сүлейменов, 09.02.2005ж. Грибанова (шамасы баяндау хатты 2007 жылы «Алаш қозғалысы» жинағына осы ғалым енгізсе керек), 18.05.2016 ж. А.Тулетбеков деген ғалымдардың ғана 811-ші қордағы «Сәкеннің хатын» (7-17 б.) қарағаны туралы кеңселік белгілер мен қолдары тұр. Папкадағы нақты қай беттерді қарағаны жайлы жазбаған тағы екі-үш адамның қолы бар. Қалған бес-алты адам басқа деректерді оқыпты. Баяндау хат пен тіркеу парақшасының көшірмесін түсіртіп алдым. Енді аталмыш баяндау хаттың  күмәнді тұстарына  назар аударайық. Бірінші, хат 1925 жылы 22 мамырда жазылған деген болжам жасалған.

«...Сәкен Сейфуллин 1925 жылдың 25 мамырында Сталиннің қабылдауында болған. Тіркеу тізіміне «быв.пред. Сов­наркома Киргизии» деп қағазға түскен. Екеуара қандай мә­селе қозғалғанын дөп басып айту қиын. Сәуегейлік жасау абырой әпере қоймас.» («Сталиннің  қабылдауында болған». Зарқын Тайшыбай, профессор.  13.04.2016ж. Егемен Қазақстан). Профессор З.Тайшыбай жазғандай 25 мамырда Сталиннің қабылдауында болған адам 22 мамыр күні Қазақстанда отырып баяндағандай осынша  ұзақ хат жаза ма? Екінші, «Хаттың біздің архивтегі нұс­қа­сында Сталиннің оны оқыған-оқы­мағандығы жөнінде белгісі жоқ. Әдетте қойы­латын кеңселік тіркеу белгілері қойыл­маған.» (Ж.С). Тіркелмеген құжат айғақ па? Үшінші,  баяндау хатта тек «киргизия» деген атау қолданылады. Бізде 1925 жылы  15-19 сәуір аралығында Ақмешітте өткен Қазақ Советтерінің V съезінде Қырғыз АССР –ін Қазақ АССР деп өзгертуге шешім қабылданған. Қырғыз деген атауға әубастан қарсы болып, «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік!» деп «Еңбекші қазаққа» тоғыз мәрте мақала жазған С.Сейфуллин,  ҚАЗАҚ  атымыз қайтарылған тұста неге бастан-аяқ «киргизия» деп көсілген? Төртінші, бұл хаттың екі фотокөшірмесі Астанадағы С.Сейфуллин мұражайында бар. Архивтегі нұсқамен қосқанда үшеуінің машинкаға басылуы, хаттың ресми адрестері мен соңғы автор жайлы қысқаша мәлімет үш түрлі. Бірдей көшірмелер емес.

Үшеуі де Сталинге жазылғанымен, үшеуінде де Сәкеннің қолы жоқ. Бейне бір үш Сталин болып, соларға үш Сәкен хат жазған секілді. Хат бір адамның атына жазылғандықтан (рас болса), съезге дайындалған тезис деуге де келмейді (Сәкен 1925 ж мамыр айында Мәскеуде екі съезге қатысқан).   Бесінші, хатта нақтылық пен жинақылық жоқ. Сәкендей үкімет басқарған сауатты адамның осынша көпірме бос сөздің  генсекке түкке керегі жоқ екенін білмеуі мүмкін емес. Сталинге қырғыздар мені ақын деп мойындамайды деп мұң шаққан тұстары тіпті қисынсыз. Алтыншы, бұл хат жайлы Сәкен өз еңбектерінде  неге жазбаған?  Жетінші, ең негізгісі! Жақында Мәскеудегі мұрағаттардың бірінен  Сәкеннің Сталинге 12.07.1923 жылы өз қолымен жазған қызметтік хаты табылды. Бір қызығы бұрын белгісіз болған хатта Сәкен Сталинге бұған дейін хат жазбағаны жайлы айтады. Ал 1925 жылғы хатта Сәкен Сталинге тағы да  бірінші рет хат жазып отырмын дейді мыс. Мұны «Ал, бұған дейін Сталинге ештеңе жазбағанын Сәкен өзі жазады» - деп Ж.Сүлеймен де растаған. Сонда Сәкен екі жылдан соң Сталинге қайтадан сізге бірінші рет хат жазып отырмын деп баяндаған ба? Жалпы хаттың осы секілді қисынсыз тұстары жетерлік. 1923 жылғы қызметік хат Үкімет төрағасының арнайы бланкісіне  Сәкеннің өз қолымен жазылған (суреттерді қараңыз).  1925 жылғы  баяндау хат машинкаға басылған.

Ешқайда тіркелмеген, қол қойылмаған. Жобасы арнайы дайындалған фальсификацияға ұқсайды. Олай дейтін себебім, С.Сейфуллинге қатысты басқа да фальсификациялар бар. Бір құжатта Сәкен 25.02.1938 жылы атылды десе, екіншісінде  09.10.1939 жылы қаза тапты деп берілген. Сол сияқты, Сәкенді тергеу кезіндегі хаттамаларда да сәйкес келмейтін екі түрлі мәлімдеме бар (Т.Кәкішев «Сәкеннің соты» 1994 ж «Баспагер» бас). Бәрі де архивтен алынған құжаттар. Ал қайсысына сенуіміз керек?  Қазақ зиялыларының арасына сына қағу үшін НКВД не жасамады?  Мұрағат қызметкерлері фотокөшірменің қашан, қалай келгені жөнінде еш мәлімет таппады. Соңындағы сілтемелер арқылы Мәскеу мұрағатарынан іздестіріп едік, ол жақтан да шықпады. С.Мұқанов «Есею жылдарында» Марксизм-ленинизм институтынан табылды деп, 1925 жылғы хаттан үзінді келтірген. Ж.Сүлейменнің аудармасымен сөзбе-сөз келмесе де, мағыналас. Бірақ таратып жазбаған. Академик, сәкентанушы Т.Кәкішев ағамыз да еңбектерінде бұған қысқаша ғана тоқталған. Соған қарағанда, әйгілі жазушы да, әйгілі ғалым да хаттың күмәнді тұстары көп болғандықтан, індетпеген секілді. Сәбең мен Тұрсекең Мәскеуден көрген түпнұсқаның қайда екені белгісіз. Ал С.Сейфуллин мұражайына фотокөшірмелерді 1989 жылы Тұрсынбек Кәкішұлы тапсырыпты. Соған қарағанда Мәскеудегі түпнұсқаның нақ көшірмесі, не тіркеу белгісі, не Сәкеннің қолы жоқ мұражайдағы нұсқа болу керек.

Өз басым 1923 жылғы хат табылғанға дейін 1925 жылғы хатты жоққа шығарған емеспін. Айтулы ғалымдар құрастырған жинақтардың бірінен соң біріне «жөңкіліп» жүрсе  қалай жоққа шығарасың? Ол жөнінде өткен жылы «Арыстарға атылған оқ аз ба еді?» (Әдебиет порталы 22.11.2017 ж) деген мақаламда жаздым.  Баяндау хатта Сәкен «оңшылдар» жайлы ащылау жазады. Қазақстандағы хал-жайды баяндайды. Мендешовтің орысшыл екенін, өзінің академияда білімін жетілдіргісі келетінін мәлімдейді. Бірақ Сталиннен аталған адамдарды түгел түрмеге тығыңыз, болмаса ату жазасына кесіңіз деген секілді ауыр жаза сұрамайды. Тек құрғырдың «донос» деген аты жаман.  Көңіл шіркін көрнекті тұлғаны ондай ұсақ тірлікке қимай жүргенде, 1923 жылғы хаттың табыла кеткенін қараңызшы! Енді міне, баяндау хаттың жалған екеніне дәлелдер жеткілікті емес пе.  Ұлт-азаттық көтеріліс кезінде еңбекші халық жағына шығып, сол ұстанымынан айнымай, кедейдің көсегесін көгертемін деп өткен ақынды  кінәлау - әділетсіздік. Ақ пен қызылдың айқасқан заманында, идеялық, таптық тартыстар кезеңінде не болмады, не айтылмады? Академик М.Қозыбаевтің мына бір тұжырымы соған айқын дәлел. «Алаш» жетекшілерінің 1916 жылғы көтеріліс кезіндегі позициясын Тұрар, Сәкен т.б түсінбеді деп кінәлау қиын. 

Тұрар, Сәкен, Бейімбет дүркірей көтерілген қалың халықпен болды, оның трагедиясын көзімен көрді. Олар отаршылыққа қарсы шыққан қалың елмен болды. Ол большевиктік үгіттің нәтижесі емес еді. Ол атадан балаға мұра болған жол еді. Ал Қазан төңкерісінен кейін Ресей қоғамы екіге бөлініп, екі ұдай атысып, шабысып жатқан уақытта әділдік тек ақтар жағында болды деп айту қиын. Егер Анненков келіп, орыс-қазағын қырып, әйелін қорлап, қызын зорлап, малын тартып қанжығалап жатса, ал «Алаш» осы Каледин мен Колчакпен бірлесіп жатса, Колчактың ажал вагонында отырған Сәкен қалай оларды  аялауы керек? Ендеше біз өткенді саралағанда диалектикалық өлшеммен қарағанымыз абзал. Сөз жоқ Алаш ұстанған реформалық бағыт стратегиялық жағынан дұрыс. Оны тарих көрсетті. Бірақ сол дәуір оны дәлелдей алмады...» («Ғасыр қасіретін арқалаған арыстар». М.Қозыбаев,  академик.  «Егемен Қазақстан», №125 12.08.1994 ж).  Расында Анненков тек большевиктермен күрескен жоқ,  асқан қатыгездікпен қазақтың бала-шағасына дейін көлікпен таптап, байлығын тонаумен айналысты. Сол лаңды көзімен көрген Сәкен бір кезеңдерде онымен одақтас болған кейбір жандарға сақтықпен, сынмен қарағаны шындық. Бірақ ешкімге өлім тілемеді, кейін компартия қатарында көбімен қызметтес болды.

1917 жылғы 2 қарашада большевиктер партиясының шығыстың барлық мұсылман халықтарына үндеу жасап, езілген ұлттарға өзін-өзі билеу құқұғын береміз дегеніне  тек Сейфуллин  емес,  миллиондаған адам сенді. Аз ұлттарға шекара белгілеуге, автономия алуға мүмкіндік беріп жатса, қалай сенбесін? Халықтың көсегесін көгертеміз деген ұранымыз  оншақты жылдан кейін жалмауызға айналады деген жоқ көсемдер. Әрі Сәкен мұздай құрсанған Колчактың өзін төңкеріп тастаған жүйеге қазақ қарсы тұра алмайтынын да түсінді. Совет үкіметі арқылы еліне бақыт әкелгісі келді. Бірте-бірте орталық алғашқы бағытынан ауытқып, отаршылдық саясат ұстана  бастағанда Сәкен ұлт мүддесі жағына шықты. Партиялық тазалаудан өтті. 1924 жылдың соңынан бастап билікте болған жоқ. Өкінішке орай, көп адам Сәкен өмір бойы басшылық қызметте істеп, сұрапыл науқандарға атсалысқан деп қате тұжырым жасайды. С.Мұқановтың «Өмір мектебінде» Сәкен мен Ілиястың тәркілеу мен колхоздастыруға үн қатпағаны үшін басшылар  тарапынан қатаң сынға ұшырағандары айтылады. Оның сырты коммунист, іші, ісі ұлттық сипатта екенін жоғарғы жақ сезбей қалған жоқ.

Сол кезде Сәкенді сынаған қайраткерлердің бәрі оның нағыз коммунист емес, ұлтшыл екенін айтып, қаралаған. Ақыры ұлтжандылығы үшін атылып кете барды. Солай бола тұра ақынға күйе жағушылар күн санап  көбеюде. Сәкентанушы ф.ғ.д., профессор Т.Кәкішұлы,  академик С.Қирабаев, ф.ғ.д. К.Ахметова, т.ғ.д. М.Абсеметов, ҰҚК құрметті зейнеткері, жазушы-журналист А.Кәкен сынды ғалымдар архив деректерінде Сәкеннің біреуді қаралап көрсеткені жайлы бірде-бір құжат жоқ екенін сан мәрте жазды, айтты.  Бірақ бүкіл орманды өртеуге бір шырпы жететін секілді, «Ақиқат» пен «Жас Алашта» жарияланған осы бір күмәнді «хат» қоғамда  Сәкенге деген әділетсіз пікірлерді өршітіп жіберді. Оларға сілтеме жасап, «Сталин жолдас, Алашорда әлі де қауіпті» деген тақырыппен отқа май құйғандар шықты. Кейбір өлермен пікірлерді оқығанда, жүз мыңнан аса зиялыларымызды ұстатып, жиырма бес  мыңдайын атқызып жіберген өзіміз екеніне шүбәланбайсың. Оған дейін де, Сейфуллин қазақты қазақ басқара алмайды деп «баяндау хат» жазып Голощекинді алдырған  деген жала жабылған болатын. Ал, ф.ғ.к. С.Әсіповтің 2002 жылы жазылған «Біз білмей келген шындық аз емес» (2.07.2012 ж Е.Қ) атты мақаласында 1920 жылы қазақты қазақ басқара алмайды деп мүлде басқа қайраткерлер  айтқаны жайлы жазады. 

1930 жылығы 4 қазанда «Советская степь» газетіне шыққан С.Пестковскийдің Қазревкомның құрылуы жайлы естелігіне сілтеме жасайды. Қазревкомға  төрағалыққа қалайда Ә.Жангелдинді сайлатпау үшін, «қазақты қазақ басқара алмайды» деп табандылық танытып,  айдаладағы поляк С.Пестковскийді сайлаттырған қазақ қайраткерлерінің әрекеті ел ішінде бұрыннан айтылатын. Бұл кезде Сәкен «азап вагонынан» кейін сүзекке ұрынып ажал аузында жатқан. Енді  сөз төркіні қайдан шыққанын бағамдай беріңіз. Сол сүреңсіз әңгіменің желісімен ғаламторда түрлі роликтер қаптап кетті. Әсіресе жастар жағында Сәкен Сталинге хат жазудан басқа түк бітірмеген деген түсінік  қалыптаса бастады. Сондықтан Мемлекет және қоғам қайраткері, дауылпаз ақын, жазушы-драматург, публицист, әнші-сазгер, ұлы суреткер С.Сейфуллин атқарған ұлы істерге қысқаша тоқтала кеткен жөн болар.

Сәкен 1922-24 жылдар аралығында Совнарком төрағасы қызметін атқарды. Үкімет басшысы  халық шаруа­шылығының, өнеркәсіптің, экономиканың ілгерілеуіне тікелей ықпал етті.

1923 жылы 22 қарашада  кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу туралы декрет шығарды.

Киргизия  болып кеткен мемлекетіміздің  ҚАЗАҚ  деген   тарихи атауын қайтаруға күш салды.

Ұлтымыздың дінін, ділін, рухын көтеру мақсатында Яссауи кесенесін қалпына келтіруге қаржы бөлді. А.В.Затаевичке «Қазақтың 1000 ән-күйін» жинаттырды. Жер-жерден көптеген  мектептер ашты.  1922-24 жылдары қазынаның тең жартысын білім саласына бөліп, қазақ жастарының тегін білім алуына мүмкіндік жасады.

1924 жылы қараша айында үкімет басшысы қызметінен кеткеннен  кейін білім-ғылыммен, ағартушылық қызметпен айналысты.

1932 жылғы ашаршылық кезеңінде «Қызыл ат» поэмасын, «Біздің тұрмыс» драмасын жазып, баспасөз беттерінде Голощекинге қарсы шықты. Совет үкіметінің мүшкіл халін жеткізді.

Ұлттың ұстазы деп А.Байтұрсыновтың 50 жас мерейтойын өткізді. М.Жұмабаев түрмеден шыққанда көмек берді. Шәкәрім қажының кітабын шығарды.  Ал ол кезде, кеше ғана Алаштың көсемі болған Ахаңды, алаш сотының биі болған Шәкәрімді, алашшыл Мағжанды құрметтеу,  нағыз азаматтық, нағыз ерлік еді!                        

1931-35 жылдары «Ескі әдебиет нұсқалары», «Билер дәуірі әдебиеті», «Батырлар жыры», «Ақан сері өлеңдері»   жинақтарын,   Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек» дастанын, Ы.Алтынсаринның, Ж.Жабаевтың, Ақмола өңірі ақындарының  өлеңдерін кітап қылып бастырды.  Қазақ әдебиеті тарихын алғаш жазғандардың бірі болды. «Қазақ әдебиеті» оқулық-хрестоматиясын құрастырды.

Кәсіпқой театр өнерінің  өркендеуіне  үлкен үлес қосты. Қазақстан Жазушылар одағын құрды. 1936 жылы мамыр айында Мәскеуде өткен қазақтың көркем өнері мен әдебиетінің  он күндігінде көркемдік жағын басқарды. Баспа ісі мен журналистиканың дамуына орасан зор үлес қосты. «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Әдебиет пен мәдениетке қосқан үлесі ұшан теңіз! Өлеңдері қазақ поэзиясына жаңа форма әкелді, әндері ұлттың үніне айналды.

Осынша қыруар істерді С.Сейфуллин небәрі 43 жасқа дейін жасап кеткен! 28 – ақ жасында үкіметті басқарған.  Бір адам үшін аз еңбек пе? Жеке басының емес, ұлтының мүддесі үшін осылай тер төккен!

1974 жылы Т.Кәкішевке берген сұхбатында Ғ. Мүсірепов «қазір Сәкен анаған қарсы болды, мынаған қарсы болды» дейді ғой. Бұның көпшілігі Сәкеннің атымен жасалған істер» деген екен. («Тұғыры биік тұлға», 61- бет, «Үш қиян» баспасы 2002 ж). Демек, Алашты жеккөрінішті қылу үшін Совет үкіметі Сәкеннің атымен талай нәрсе жасаған. Солардың байыбына бармай жатып өсекке де, өлімге де оңай қия саламыз. Ол да ет пен сүйектен жаралған пенде емес пе, өз жолының дұрыстығын дәлелдеу үшін  кейде ұрандатып кеткен болар. Бірақ аяусыз қатыгездікке барып,  қолын қанға малған жері болса сәкентанушылар жазар еді ғой. Ақынды сөзге қалдырған  «Тар жол, тайғақ кешу» романы да кейіннен  бұрмаланып кеткен. Әйгілі шығарма жайлы пікірлер де әртүрлі. Алғашқы басылымында қоғамдық-саяси өмірді, тарихи шындықты суреттеген Сәкеннің «Алаш» қайраткерлерін  қазақтың оқыған ақ жағалылары  деп бағалағанын біреу білсе, біреу білмейді. Роман-эссенің даулы тұстарына жауап іздеген адам түпнұсқасын зерттеген ғалым К.Ахметованың «Ақиқаттың анасы-шындық» атты мақаласынан, «Тар жол, тайғақ кешудің» тағдыры» (Т.Кәкішұлы, К.Ахметова) кітабынан таба алады. XX ғасыр басындағы тарихи оқиғалардың энцоклопедиялық анықтамасы іспетті романда Әлекең бастаған алыптар  жайлы мол деректер қалуының өзі ғылым үшін, әдебиет үшін үлкен олжа.

Басқа да мағлұматтар жетерлік. Кітап жарық көрген кезде Алаш азаматтарының ешқайсысы Сәкенге мынауың өтірік деп жазбапты. Тек Н.Төреқұлов «Еңбекші қазақ» газетінің 296 санында көркемдік жағын қатты сынаған. Жалпы шын ізденгендер қазақ зиялыларының қудалануының себебін «Тар жолдан» гөрі А.Богачев, Н.Мартыненко, С.Брайнин, Ш.Шапиро сынды  тыңшы-жазушылардың еңбектерінен, орталықтың құпия жоспарынан көбірек іздесе нәтижелі болар.  Біз Кеңес үкіметі тұсында Сәкенді өзіміз әсіре қызылшыл қылып алып, енді сонымен өзіміз алысып жүрген секілдіміз. Алашорда азаматтарымен арасына «қытай қорғанын» орнатамыз, сыйластығы жайлы айтуға сараңбыз. Мысалы, Сәкен Ахаңның 50 жас мерейтойын өткізіп, «Еңбекші қазақ» газетіне үлкен мақала бергеннен кейін Ішкі істер халкомы Ә.Әйтиев ақынды Алашордашы Байтұрсыновты дәріптеді деп баспасөз бетінде айыптайды.

Бірақ Сәкен екінші рет  «Степная правда»  газетіне «Тағы да Ахаң туралы» деп Ахаңды ұлықтап мақала жазады. Ал бұл достық па, жаулық па? Алаш қайраткері Әлімхан Ермековтің  «Сәкенді қызылдар жағында, ал біздерді «орда» жағында болды демесеңдер, Сәкен бізге қарағанда ұлтшыл еді» деген сөзін ескере бермейміз. Ғылымның мақсаты ақиқатқа жету екені белгілі. Дегенмен айтпағанды айтты деп, жазбағанды жазды деп «ақиқат» жасауға бола ма? Совет үкіметін орнатқандар да, «Алаш» та, «Үш жүз» де, М.Шоқай да өз жолдарымен  халыққа қызмет етуге тырысты.  Бұларға рушылдық, жершілдік принциппен емес, ұлттық принциппен қарауымыз қажет.

Қорта айтқанда,  қоғамда дау туғызған, еш жерде тіркелмеген  «баяндау хат»  ештеңеге  айғақ бола алмайды. Мұны фальсификация демегенде не дерсің?!. «Алаш қозғалысы» (2007 ж), «Движение Алаш» - сборник материалов судебных процессов над алашевцами» (2011ж, 2016 ж)  атты жинақтардың бәрінде  АПРК Ф.811, Оп.,24, Д 243.Л. 7-17. Фотокопия  - деп бір дереккөзіне сілтеме жасаған. Бірақ ешқайсысында құжаттың кеңселік тіркеу белгісі жоқ екені ескертілмеген. Әйтеуір газет пен журналдағыдай Сәкеннің қолы деген өтірік сөз (белгі) жоқ. Журналистер жарияламас бұрын осыларға  неге мән бермеген?  Ұлттық тарихымызға қатысты құжатқа осынша атүсті қарауға бола ма?  «Ақиқат» журналы  қолжазбаны  кім бергені жайлы мәлімет беріп, көшірмесін толық көрсетуі керек. Себебі, «Өшіріп тастау қолымыздан әсте келмейтін тарихи шындықтың осы бір көрінісінен дұрыс сабақ алайық. Арада бірнеше айдан кейін Мәскеуден Қазақстанға аты өшкір Голощекин жіберілді. Онымен бірге қазаққа «Бөлінгенді бөрі жейдінің» кері келді» деген жолдарын  Ж.Сүлейменнің атынан өздері қосқанға ұқсайды. Шамасы ол кісі «баяндау хатты» түпнұсқадан қазақ тіліне ертеректе аударған сияқты. Себебі ғалым материалды архивтен 22 жыл бұрын алған. Неге уақытында өзі жарияламаған? Тіпті қолжазба нақты Жұмажан мырзанікі ме? Қолжазбаны жариялауға кім рұқсат берді? Сұрақ көп. Ең бастысы редакция Сәкеннің қолы деп жалған ақпар таратқандары үшін жауап берулері қажет!

Сәкеннің кейіннен табылған хаты жайлы болашақта талдап жазамын. Мұражайына тапсырамын. Бұл жұмыс барысындағы қызметтік хат. Сталинге хат жазған, қабылдауында болған басқа да қайраткерлер бар. Бірге түскен суреттері де сақталған. Сталиннің қабылдауында болыпты деген сөз қазір құлаққа түрпідей тигенімен, ол кезде қызмет бабымен бір емес жүз рет кіруі мүмкін. Олардың бәрін генсекпен жолыққаны үшін ұлт  мүддесін сатты деп жорамалдай салуға болмайды. Ел үшін құрбан болған арыстардың әрқайсысы, адам қолымен аласартуға келмейтін бір-бір шың! Бәрінің мақсаты - қазақты бақытқа жеткізу. Сондықтан биылғы С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, Т.Рысқұлов, С.Қожановтардың 125 жылдығы Мемлекеттік деңгейде атап өтілуі тиіс!                                                                                                                                              

«Сәкен Сейфуллин мұрасы – халыққазынасы»атты әдеби-танымдық кештің кешөтті

2019 жылғы 25 қазанда Техникалық факультетте «Қазақстан тарихы» кафедрасының аға оқытушысы, тар.ғ.к., Л.Т.Джумалиеваның ұйымдастыруымен С.Сейфуллиннің 125 жылдығына орай«Сәкен Сейфуллин мұрасы – халық қазынасы» атты әдеби-танымдық кеш өтті.

Шараға Сәкен Cейфуллин мұражайының ғылыми бөлімінің басшысы Мұқият Қойшыбай және бөлім қызметкері Нұрболат Қадыров қатысып сөз сөйледі.

 

Кеш қонақтары  Сәкен Сейфуллиннің  қызмет еткен еңбегі жайында және қазіргі уақытта қалай зерттеліп жатқандығы туралы өзінің зерттеулерінен құнды мәліметтер берді.

Сонымен қатар, АТТ-1802 оқу тобының студенттері Т.Қуандықова, Р.Жомарт, Ә.Сексенбай, Е.Күшкембаевтар қоғам қайраткерінің өмірі мен атқарған істері жайлы тоқталса, Атамекен үйірмесінің мүшелері Т.Шаймерден, С.Аманжол, З.Туркибаева, М.Шопановалар Сәкен Сейфуллиннің өлеңдерін оқыды.

Студенттер Сәкен Сейфуллин туралы шағын-көрініс арқылы өз ойларын жеткізе білді.         

Іс-шара соңында С. Сейфуллиннің өмірі мен қызметіне арналған фильмдер көрсетілді.

Эссе сайысы

2019 жылы 15 сәуір күні «Рухани құндылықтар  тарих тағылымы-2019» тарих онкүндігі аясында С.Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойына арналған,  I-ші курс студенттер арасында «Алашорда және С.Сейфуллин» тақырыбында  тарихи эссе жазудан сайыс өткізілді. Шараны Гуманитарлық факультеттің Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы Демеуова Н.Қ  ұйымдастырды.

Байқау өткізудің негізгі мақсаты – С.Сейфуллиннің тарихи тұлға ретіндегі оның қоғамдық-саяси өмір жолына талдау жасап, оның ғылыми мұраларын зерттеу арқылы студенттер шығармашылық белсенділігін арттыру.

 

Тарихи шығарма жазуда студент тақырыпқа сай деректер мен дәйектер келтіріп, өз пікірін, негізгі идеясын жүйелі түрде жеткізіп, ой түйіндей  білуі қажет. Эссе қорытындысы бойынша:

І орынды – Нұрғалиқызы Жанерке,

ІІ орынды – Нұғыманова Үкілімай, Зұлпыхар Еңілік,   

ІІІ орынды – Нұрғабыл Алтынай, Омар Жаңылыс, Жамбулова Алтынай,

Грамоталармен: Абилмедқызы Ақбота,Хайруллаева Нигина, Шойынбаева Айдана, Қуанбай Ақниет, Қошқарова Жансая иеленді.

Cәкен Сейфуллиннің өмірбаяны

Сәкен (шын аты Садуақас) Сейфоллаұлы 1894 жылы 23 мамырда Ақмола облысы, Ақмола уезінің Нілді болысында — Нілді мыс қорыту заводына таяу жердегі қазақ ауылында туған. Қазіргі әкімшілік бөлік бойынша бұл жер Қарағанды облысының Жаңарқа ауданына қарайды.

Сәкеннің шыққан ортасы шағын дәулетті болған. «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында ақын оқи бастағаннан Нілдіге, Ақмолаға баратын көлік табылмай, әркімнің артына мінгесіп қатынасқанын, Омбы лагерінен қашып келгенде Түрікстанға қарай өтуге ат таба алмағанын күйініп жазған. Оның балалық шағы өз ауылында өтеді. Ауыл молдасынан оқып, аздап хат таниды.

«Әкей орысша үйреніп, хат біліп, мал табуды арман қылып сөйлеп жүрді»,- дейді Сәкен Сейфуллин. Осы ниетпен Сейфолла баласын 1905 жылы Нілді заводына оқуға жібереді. Алғашқы бір жылда кісі үйінде жалдана жүріп, орысша үйреніп, одан кейін жылдай ол заводтың орыс-қазақ мектебінде оқиды. Завод өмірімен танысу, жұмысшылар балаларымен бірге оқып, олармен араласу жас Сәкеннің қоғамдық өмірдің әділетсізіктерін көріп тануына жол ашады. «Менің екінші түрлі «оқуым» Нілді заводының машина жанындағы ұсталар дүкенінде болды», «екінші сабақ ұсталардың дүкен үйінен аласұрып жұлқынған машина түрінен жер астында жұмыс істеп шығатын шахта, кен жұмыскерлерінің жатақ, тұрмыс күйінен завод үстінде тас көмір, көктас кен үйген жұмысекерлердің тіршілік күйлерінен алған сабақ көңілге нық орнаған «тоқу» болды» дейді ол. (Сонда, 40-441-беттер). Осында жүріп Сәкен Нілді заводы жұмысшыларының патша өкіметіне қарсы 1905 жылдың желтоқсанында өткен ереуілін көреді.

Еңбек адамдарының ортасында болып, олардың өмірдің әділетсіздікке қарсы күресін көріп болашақ ақынның таптық ой-санасының ерте оянуына әсер етеді. 1908-1913 жылдары Сәкен Сейфуллин Ақмола (қазіргі Нұр- Сұлтан) қаласында әуелі приходская мектебінде, кейін үш класты қалалық училищеде оқиды. Бұл жылдары ол орысша білімін толықтырып, орыс әдебиеті кітаптарын оқиды, Ақмола маңының әнші-күйшілерімен танысады. Сонымен қатар алыс ауылдардан оқу іздеп келген қазақ балаларына орыс тілінен сабақ береді.

1913-1916 жылдар арасында Сәкен Сейфуллин Омбы қаласындағы мұғалімдер семинариясында оқиды. Бұл жылдары оның әдебиетпен әуестенуі арта түседі. 1914 жылы Қазанда «Өткен күндер» атты тұңғыш өлеңдер жинағы басылады. Сәкеннің қоғамдық көзқарастарының қалыптасуына Омбы дәуірі ерекше ықпал етеді. Мұнда ол студенттердің «Бірлік» атты ұйымының жұмысына белсене қатысады. Әуелі ағартушылық бағыт ұстаған бұл ұйым бірінші империалистік соғыс пен революциялық күрестің өрлеу дәуірінде саяси мәселелерге де араласып, өз көзқарастарын айқындайды.

Омбыда Сәкен орыстың революционер жазушысы Феоктист Березовскиймен танысады, В. Г. Белинский, Н. Г. Чернышевский, Н. А. Некрасов кітаптарын М. Горький шығармаларын оқиды.

Омбы семинариясын бітіргеннен кейін Сәкен Сейфуллин Ақмола уезіндегі Сілеті-Бұғылы деген жердегі ауылдық мектепте мұғалім болып істейді. Осында жүріп ақын 1916 жылғы халықтың ұлт-азаттық көтерілісін қарсы алады. Көтерілісшілерге тілектестік білдіріп, өлеңдер жазады.

Сәкеннің қоғамдық, шығармашылық қызметінің жаңа дәуірі 1917 жылдан басталады. Патша өкіметін құлатқан Ақпан төңкерісінен кейін-ақ ол Ақмола қаласына ауысып, саяси-қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Сол жылдың көктемінде құрылған Қазақ Комитетінің төрағасы болып сайланады. Онда төңкерісшіл-демократияшыл зиялылармен бірігіп, қазақ әйелдеріне бостандық беру, бұрынғы әкімдерді ел билеу қызметінен босату, еңбекші халық өкілдерін іске тарту, дін иелерінің құқын тежеу сияқты шараларды іске асырады. Сәкеннің қатысуымен Ақмола жастары «Жас қазақ» атты ұйым құрып, «Тіршілік» атты газет шығарады. 1917 жылдың желтоқсанында Ақмола Совдепі құрылғанда Сәкен Совдептің президиум мүшесі және уездік ағарту комиссары болып тағайындалады.

1918 жылы маусым айында патшашыл ақ қазақтар мен чехословактардың контрреволюциялық көтерілісі кезінде Ақмолада кеңес өкіметі құлап, Сәкен бір топ жолдастарымен революция жауларының қолына түседі. Ол «қоғам мен мемлекет қауіпсіздігіне қатерлі адам» деп табылады да, басқа да тұтқындармен бірге Қызылжар түрмесіне айдалады. Атаман Анненковтың «азап вагонында», Колчактың Омбы лагерінде тоғыз айға созылған ауыр азапты шегеді. Тек 1919 жылдың наурызында ғана Сәкен Омбының тұтқын лагерінен қашып шығады. Дүйсембі деген жалған ат жазылған құжатпен ол Павлодар, Баянауыл арқылы өзінің туған еліне келіп, Түркістанға өтеді. Әулиеата (қазіргі Тараз қаласы) Совдепінің көмегімен Сарысу, Шу өзендері бойындағы елдері советтендіру жұмысына қатысады.

1920  жылдың көктемінде Сәкен Сейфуллин Ақмолаға қайта оралып, Колчак үстемдігі құлаған қалада кеңес жұмысын жандандыруға араласады. Ол уездік атқару комитеті төрағасының орынбасары болып істейді. Сол жылдың жазында қазақтың Автономиялық республикасын жариялайтын құрылтай съезіне дайындалу кезінде Сәкен Сейфуллин қазақ өлкесі бойында құрылған ревкомның құрамына кіреді. Құрылтай съезінде бірінші сайланған Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің президиум мүшесі болып өтеді.

1921  жылы сәуірде Сәкен Сейфуллин бұрын Сибревкомға қарайтын Акмола мен Семей облыстарын Қазақстанға қабылдап алу жөніндегі төтенше үкімет комиссиясының енеді. Ол Қызылжар, Көкшетау, Ақмола, Қарағанды, Омбы қалаларында болып, сайлау жұмыстарына басшылық етеді. 1922 жылы маусымда Қазақ АССР халық комиссарлары Кеңесі Сәкенді оқу-ағарту Халық Комиссарының орынбасары етіп тағайындайды. Сонымен қатар ол «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болып бекітіледі. Советтердің бүкіл Қазақстандық III съезі 1922 жылдың қазан айында Сәкен Сейфуллинді Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы етіп сайлайды. 1923 жылдың қаңтарында Советтердің X съезінде Бүкілодақтық Атқару Комитетінің мүшелігіне өтеді.

1925-1937 жылдары Сәкен Сейфуллин Қазақстандағы әртүрлі мәдени-ағарту орындарында  жазушылар Одағында, партия тарихы институтында, «Әдебиет майданы» (қазіргі «Жұлдыз) журналының редакцияларында басшы қызметтерде болады. Жоғары оқу орындарында қазақ әдебиеті тарихынан лекция оқиды.

Қоғамдық-саяси зор жұмыстарымен әдеби шығармашылығын қанаттаса жүргізе отырып, Сәкен Сейфуллин жиырмасыншы жылдардың өзінде көрнекті ақын болып қалыптасты. 1922 жылы оның «Асау тұлпар» атты өлеңдер жинағы, «Бақыт жолына», «Қызыл сұнқарлар» деген пьесалары жеке-жеке кітап болып басылады.

Проза жанрында Сәкен Сейфуллин «Тар жол тайғақ кешу» (1927) атты мемуарлық романың «Айша» (1922), «Жер қазғандар» (1928), «Жемістер» (1935) атты повестер мен көптеген әңгімелер жариялады. 1932 жылы қазақ халқының ауыз әдебиетін зерттеуге арнаған «Қазақ әдебиеті» (Билер дәуірінің әдебиеті) атты зерттеу оқулығын жариялады. Ол мектеп оқушыларына арналған әдебиет оқулықтарын жазуға қатысты және әдебиет сынына араласып көптеген мақалалар жазды.

Коммунистік партия мен кеңес өкіметіне сеніп, оның жолын әділдік, теңдік жолы деп ұққан Сәкен Сейфуллин тарапынан саясатты бұрмалаушылықтар мен әділетсіздіктер көрген тұста, өзінің ойың сезімін іркіп қалған емес. Әрқашан пікірін ашық білдіріп отырған. Ол «Ұлттардың өзін-өзі билеуі» деген Ленин қағидасына сенді. Сондықтан Қазақстанда ұлт өкілдерін «ұлтшылдықпен» айыптап қорқытқысы келгендерге ашық наразылық білдірді. 1923 жылы Қазақстан партия ұйымының III конференциясы тұсында Сәкен бастаған 14 коммунистің РКП (б) Орталық Комитетінің хатшысы Е. Ярославскийге жазған хаты осыны дәлелдейді. Ол Қазақстан үкіметінің басшысы болып жүрген кезінде қазақ тілін мемлектеттік тіл етіп жариялау, мемлекеттік іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу, қазақ тілінде кітаптар, газет-журналдар шығаруды ұлғайту мәселелерін күн тәртібіне қойып, шешімдер қабылдатқан. Бұрын «қырғыз» аталып келген ұлттың «қазақ» екенін дәлелдеп, мақалалар жазып, осы қателікті түзетуге себепкер болды. 1925-1933 жылдары Қазақстан партия ұйымын басқарған Голощекин саясатын ашық қарсы болғандардың бірі — Сәкен. Қазақстанда әр кезде болған ұлт саясатының бұрмалануы ақынның көркем шығармаларында да («Совет баласы», «Отарбаның жұмсақ вагонында», «Қызыл ат», «Біздің тұрмыс», т.б.) суреттелген. Сондықтан орталықтан келіп ел басқарушылар «шыншыл», «қыңыр» Сәкенді жақсы көрмеген. Оны әрдайым сынап, «партиялық тазалаулардан» өткізіп отырған. Ақыры 1937 жылы «халық жауы» есебінде тұтқындады. Ақын 1938 жылы 25 ақпанда Алматы түрмесінде, кеше өзі орнатысқан өкіметтің қолынан атылды.

Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы,т.ғ.к Габдулина А.Ж.

Сәкен Сейфуллинді еске алу

2019 жылы 25 ақпанда гуманитарлық факультетте тарих ғылымдарының докторы, доцент Г.А.Алпыспаева және аға оқытушы, т.ғ.к. Ш.Н.Саяхимованың ұйымдастыруымен «Астана – Тәуелсіз Қазақстанның символы» студенттік ғылыми үйірмесінің «Ақмоладағы Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен қызметі» атты кезекті отырысы өткізді.

Шара барысында Сәкен Сейфуллиннің Ақмола өңіріндегі өмірі мен қызметі жайлы  баяндама тыңдалды. Қазақ қоғамы және саяси қайраткердің өмірлік жолының маңызды кезеңі Ақмола қаласымен тығыз байланысты. Үйірме мүшелері энергетикалық факультетінің 1 курс студенті Д.Қалыбаева мен ВмШТ факультетінің 1 курс студенті К.Нурмахамбетова баяндамалар мен слайдтарды дайындаса, энергетика факультетінің 1 курс студенті Болат Данияров Сәкен Сейфуллиннің өмірі туралы қызықты деректер ұсынды.

Осындай шаралардың өтуі студенттердің ғылымға қызығушылығын қалыптастырып,   студенттердің өз туған өлке тарихының танымын арттыруға ықпал етеді.

Ақмоладағы Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен қызметі

2019 жылы 25 ақпанда гуманитарлық факультетте тарих ғылымдарының докторы, доцент Г.А.Алпыспаева және аға оқытушы, т.ғ.к. Ш.Н.Саяхимованың ұйымдастыруымен «Астана – Тәуелсіз Қазақстанның символы» студенттік ғылыми үйірмесінің «Ақмоладағы Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен қызметі» атты кезекті отырысы өткізді.

 

Шара барысында Сәкен Сейфуллиннің Ақмола өңіріндегі өмірі мен қызметі жайлы  баяндама тыңдалды. Қазақ қоғамы және саяси қайраткердің өмірлік жолының маңызды кезеңі Ақмола қаласымен тығыз байланысты. Үйірме мүшелері энергетикалық факультетінің 1 курс студенті Д.Қалыбаева мен ВмШТ факультетінің 1 курс студенті К.Нурмахамбетова баяндамалар мен слайдтарды дайындаса, энергетика факультетінің 1 курс студенті Болат Данияров Сәкен Сейфуллиннің өмірі туралы қызықты деректер ұсынды.

Осындай шаралардың өтуі студенттердің ғылымға қызығушылығын қалыптастырып, студенттердің өз туған өлке тарихының танымын арттыруға ықпал етеді.

«С.Сейфуллин және Алаш арыстары» атты танымдық кеш

2019 жылғы 10 сәуірде  С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Қазақстан тарихы» кафедрасының аға оқытушысы, тар.ғ.к., Л.Т.Джумалиеваның ұйымдастыруымен  С.Сейфуллиннің 125 жылдығына орай  «С.Сейфуллин және Алаш арыстары» атты танымдық кеш өтті.

Шараға Сәкен Cейфуллин мұражайының алғашқы директоры Роза Асылбекова және «Атамекен Қазақстан картасы» этно-кешен мұражайының экскурсия бөлімінің басшысы Азамат Мәлжанбай қатысты. Кеш қонақтары  Сәкен Сейфуллиннің  өмірі мен қызмет еткен еңбегі жайында және қазіргі уақытта қалай зерттеліп жатқандығы туралы өзінің зерттеулерінен көптеген маңызды мәліметтермен бөлісті. Кеште Сәкен Сейфуллиннің музыкалық мұраларын зерттеуші дәстүрлі әнші Серік Оспанов Сәкен әнін орындады.

Сонымен қатар, АТТ-1802 тобының студенттері Д.Шәдібек, А.Жолдасбек, Е.Қуанышев қоғам қайраткерінің өмірі мен атқарған істеріне тоқталса, техникалық және энергетикалық факультетінің студенттері Ә.Сексенбай, Т.Қуандықова,  Е.Қарақабақов, С.Авлайхан Сәкен Сейфуллиннің өлеңдерін оқыды. Студенттер С.Сейфуллин туралы шағын-көрініс арқылы өз ойларын жеткізе білді.                                                

Іс-шара соңында С. Сейфуллиннің өмірі мен қызметіне арналған фильмдер көрсетілді.

«Сәкен Сейфуллиннің жастардың прогрессивті көзқарастарын қалыптастыруға қосқан үлесі» тақырыбындағы дөңгелек үстел туралы ақпарат

2019 жылы 15 сәуірде гуманитарлық факультеті Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының докторы Г.А.Алпыспаева және т.ғ.к., аға оқытушы Ш.Н.Саяхимованың ұйымдастыруымен С.Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойына арналған «Сәкен Сейфуллиннің жастардың прогрессивті көзқарастарын қалыптастыруға қосқан үлесі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

Тарих онкүндігі аясында өткізіліп отырған дөңгелек үстелге бірінші курс студенттері қатысты және «Астана - тәуелсіз Қазақстанның символы» атты тарихи үйірмесінің мүшелері шақырылды. Дөңгелек үстелге қатысушылар: «Сәкен Сейфуллиннің білім беруді дамытуға қосқан үлесі», «Сәкен Сейфуллин және қазақ жастарының марсельезасы», «Сәкеннің шахмат мектептерін ұйымдастыруға қосқан үлесі» және «Сәкен және жастар ұйымдары» атты тақырыптар талқыланды. Қорытындысында «Сәкен және жастар» тақырыбында викторина өткізілді.

Сәкен Сейфуллин және тарих беттері

2019 жылы 1 ақпан күні С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде, Жастар жылына орай, гуманитарлық факультет деканы Х.А.Аубакированың ұйымдастыруымен «Сәкен Сейфуллин және тарих беттері» атты тақырыпта сәкентанушы ғалым Марат Оралбайұлы Абсеметовпен  университеттің бірінші курс студенттері кездесті.

Кездесу барысында Марат Оралбайұлы студенттерге Сәкен Сейфуллиннің қазақ кеңестік мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі жайлы сыр шертті. Сәкен Сейфуллин алғашқылардың бірі болып, экономикалық, ауылшаруашылық мамандығы бағыттында ұлттық кадрларды даярлау мәселесіне  ерекше назар аударды. Қазақстандағы қаржы жүйесі, банк пен сақтандыру ісін ұйымдастыру, мемлекеттік құрылымдардың құрылуы, республиканың тұңғыш Жер Кодексін дайындау мен қабылдау, тұтынушылар мен ауылшаруашылық кооперацияның, авиацияның дамуы оның есімімен тығыз байланысты. Марат Оралбайұлы Сәкен Сейфуллин тұлғасын ұлықтап, оның патриот, өз халқының қайта өркендеуіне  орасан зор үлес қосқан алдыңғы қатарлы көсем ретінде көрсетті.

Марат Абсеметов – көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, «Сакен Сейфуллин – Председатель Совета Народных комиссаров Казахстана (г. Оренбург, 1922-1924 гг.)» (Астана, 2006)   кітабының авторы.