Басты бет / Университет / ҚАТУ - 65 жыл / Аграрлық факультеттің артықшылығы көп
Аграрлық факультеттің артықшылығы көп

Бүгінгі С.Сейфуллин атындағы Қазақ агорттехникалық зерттеу университетінің ең алғашқы құрылған факультеттерінің қатарында Агрономиялық факультет тұр. Факультеттің тарихы 1957 жылдан бастау алады.  Демек Қазақ Министрлер Кеңесінің шешімінен кейін иниститутта бірінші болып ашылған факультет деп айтсақ қателеспейміз.  

Агрономия факультеті Қазақстанның солтүстік облыстары үшін жоғары білікті агроном мамандарын дайындау мақсатында 1957 жылдың 3 қазанында құрылған. Факультеттің құрылуы мен дамуының тарихы барысында өздерінің ғылыми мектептерін қалыптастырған өте білгір ғалымдар болды. Олардың қатарында: И.Я.Половицкий, Л.С.Роктанен, М.М.Клеев, В.А.Кудрявцев, М.В.Афанасьев, Н.И.Можаев, З.П.Карамшук, Н.Г.Щепетков, Қ.К.Əрінов, В.Г.Черненок, Р.Х.Карипов, А.В Иванников сынды тұлғалар мен басқа да мамандарды тізіп айта беруге болады.

Факультеттің қалыптасуы мен құрылу кезеңінде және оның дамуына көптеген білікті мамандар, ұйымдастырушылар болғаны шындық. Бұл тұрғыда факультетті басқарып декан болған азаматтардың атын атамай кеті мүмкін емес.  Совет Одағының əртүрлі жоғарғы оқу орындарынан арнай келген, және жергілікті өңірдің тумалары,  келесідей белгілі ғалымдар декан қызметін атқарды: Т.С.Штейнберг (1959-1960 жж.), Л.Ф.Вермель (1960-1962 жж.), Н.Д.Авдеенко (1963 ж.), П.В.Петкилев (1963-1966 жж.), Д.Н. Луканчев (1966 -1969 жж.), А.В. Иванников (1969-1970 жж. жəне 1974- 1976 жж.), А.Г.Тен (1969-1974 жж.), В.М. Володин (1974), А.Н. Нургалиев (1976 -1978 жж.), А.Г. Нестеренко (1978-1981 жж.). одан кейін факультеттің құрылуына жəне дамуына зор үлес қосқан келесідей факультет түлектері декандар болды: Қ.К.Əрінов (1981-1990 жж.), В.И. Зотиков (1990-1993 жж.), Ж.К. Қаиржанов (1993-2000 жж.).  И.И. Жұмағұлов (2000-2002 жж.), Қ.М. Мұсынов (2002-2004 жж.), Н.А.Серікпаев (2004-2007 жж.; 2010 - 2015 жж.),

 (2007-2010 жж.) факультетке өз түлектері басшылық етті. Ал 2015 жылдан бері қарай арасында сәл ғана үзілістер жасай отырып  декан міндетін Ыстыбаев Ғани Жасымбекұлы абройлы түрде атқарып келе жатыр. Айта кетер болсақ Ғани Жасымбекұлы да аталмыш факультеттің түлегі.

Жыл сайын оқу үрдісін дамыту кезеңінде факультет кафедраларын құру жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп уақыт өткен сайын дамып келе жатты.    

КСРО білім беру ведомстваларының, одан əрі ҚР Министрлігінің шешімімен диссертациялық Кеңестер құрылды: - 1972 жылы алғаш рет ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты ғылыми дəрежесін беру бойынша Кеңес құрылды;

- 2003 жылдан бастап факультет тарихында алғаш рет ғылым докторы ғылыми атағын беру бойынша диссертациялық Кеңес ашылды;

- 2015 жылдан бастап философия докторы (PhD) ғылыми атағын беру бойынша диссертациялық кеңес ашылды. Факультетте ғылыми-зерттеу жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келе жатыр.

2013 жылдың қаңтар айынан бастап бес түлек шығаратын кафедраларда, бакалаврларды, магистранттарды жəне докторанттарды дайындау үшін Ақмола облысының ірі ғылыми-өндірістік орталықтарының құрылымдық бөлімшелері (филиалдары) - «А.И. Бараев атындағы АШҒӨО» РММ, «Агрохимиялық қызмет РҒƏО» ММ, «Орман шаруашылығы ҒӨО» РММ, «Қарағанды өсімдік шаруашылығы жəне селекция ҒЗИ» ЖШС, «Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС жəне т.б. ғалымдарымен бірлесе отырып дуалды оқыту жүйесі қолданылуда. 

2020 жылы университет құрамына факультетте оқитын студенттерге ғылыми-зерттеу, практикалық оқыту жүргізу үшін А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы, Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы, Қазақ орман шаруашылығы агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты кірді.

Қазіргі таңда бұл орталықтарға студенттер тұрақты түрде тәжірибеден өткізілу мақсатында жіберіліп отырады. Демек білікті маман болып шығады деген сөз.

Халықаралық ынтымақтастық аясында факультетте ҚХР ғалымдарымен және кәсіпорындарымен бірге 4 халықаралық ғылыми жоба жүзеге асырылуда. 14 ғылыми жоба гранттық, бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру үстінде,  және кәсіпкерлік субъектілерімен жасалған келісім-шарттар негізінде жүзеге асырылады.

Факультеттің ғылыми бағыты ауыл шаруашылығы дақылдарының тұрақты өнімін және топырақ құнарлылығын арттыруды қамтамасыз ететін, экологизация және қор үнемдеу қағидалары негізінде, жер пайдаланудың биологиялық және экономикалық тұрғыдан негізделген кешендерінен шоғырланған.

Факультет әлемнің 15 елінің 78 университетімен және ғылыми ұйымдарымен ынтымақтастық орынатқан.  Қазақстан Республикасы бойынша 34 кәсіпорын мен ұйым факультет серіктестері болып табылады.

Факультеттің даму жоспары бойынша тоқтаусыз жұмыстар жүргізіліп отырады. Бұл еліміз үшін білікті  маман даярлау ісіне сіңіріліп жатқан зор үлес екені сөзсіз.