Басты бет / Университет / ҚАТУ - 65 жыл / Ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультеті
Ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультеті

ТАРИХЫ ТЕРЕҢГЕ ТАРТҚАН ҮЗДІК ВЕТФАК

Бүгінгі таңда өзінің 65 жылдық мерей тойын атап өткелі отырған С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің құрамындағы Ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультеті тарихы жағынан да құрылымы жағынан да ерекше факультет екені шындық. Осы уақытқа дейін талай ғылыми зерттеулер жүргізіп еліміздің мал шаруашылығы саласында өзінің айтарлықтай орыны бар екенін айтпай кетуге болмас.

Осы тұста біз қазіргі Ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультетінің деканы ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Абдрахманов Сәрсенбай Қадырұлымен арнайы сұхбат ұйымдастырған болытынбыз.

ВжМШТ факультетінің тарихы

-Сәрсенбай Қадырұлы,  сіз осы университеттің және осы өзіңіз басқарып отырған факультеттің төл түлегісіз. Олай болса әнгімені факультет тарихынан бастайықшы? Терең тарихтан сыр шертсек.

Университеттің 2009 жылғы 10 наурыз №129 бұйрығына сәйкес, біздег екі бірдей факультет ветеринариялық медицина және технологиялық факультеттер біріктірілуіне сәйкес  атауы да қазіргідей болып жаңарып қайта өзгерді.

Қайта дейтін себебім біздің факультет бұған дейін де атауын бірнеше рет өзгертті. Оған себеп, заманның жаңаруы мен ғылымның қайта түлеуі деп ойлаймын. Сонымен біздің факультет 1964 жылы Зоотехникалық факультет болып құрылды. 1973 жылы «Зооинженериялық» деп аталды, ал 1998 жылы екі факультеттің біріктірілу негізінде факультет «Зооветеринарлық» деп аталған болатын.  Әр жылдары факультет деканы қызметін. аса тәжірибелі ғалымдар, мамандар атқарып келді. Атап айтар болсақ, В.Н. Фатеев (1966-1967), В.Т. Нагорный (1967-1973), Н.П. Высокос (1973-1975), Р.К. Казиханов (1975-1978, 1985-1987), Б.О. Әлімжанов (1978-1985), К.Ж. Идрисов (1992-1995), Е.Ш. Шекенов (1995-1998), Б.С. Майканов (1998-2002), А.И. Шуркин (2001-2004) және 2004 жылдың желтоқсан айынан 2009 жылға дейін факультет деканы С.Қ. Шәуенов болды.

Ал,  Ветеринария факультеті 1972 жылы құрылған. Факультеттің бірінші деканы болып доцент Н.П. Высокос (1974-1977). Келесі декандар болып В.Н. Поярков (1977-1982), А.Ф. Дмитриев (1982-1983), А.Ж. Жақыпбаев (1983-1987), Р.М. Ибрагимов (1987-1990), Б.С. Майканов (1990-2002), Т.Ж. Абдрахманов (2002-2012), Б.С. Майканов (2012-2018) жылдары нәтижелі де жемісті жұмыс жасады деп айтар едім. Осы уақыттар аралығында біздің факультет қашан да жақсы жағынан танылып отырды.   

-Ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультетін тарихы терең,  мүмкіндігі мол факультет деп мақтанышпен айта аламыз. Енді жалпы студентер мен мамандықтарға тоқталып өтсеңіз?  

Факультетіміз  барлық кезеңдерді қоса алғанда  10 000-нан астам маман даярланды. Олардың көпшілігі әртүрлі ведомстволарда жетекші мемлекеттік және әкімшілік лауазымдарды атқарады. Сонымен бірге Қазақстан Республикасының және шет елдердің ауыл шаруашылығы саласындағы ұйымдарында біздің мамандар қызмет атқаруда. Осыған қарап біздің Факультет аталмыш сала бойынша да Қазақстан бойынша алдыңғы қатарда тұрғандығын мақтанышпен айта аламыз.  Ал  Факультеттің  құрамына қазіргі таңда 4 кафедра кіріп отыр. Олар: Ветеринариялық медицина кафедрасы, Ветеринариялық санитария кафедрасы, Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу технологиясы кафедрасы, Микробиология және биотехнология кафедрасы.

-Тамаша. Ал факультеттің профессорлық-оқытушылық құрамы туралы баяндап өтіңізші.  Факультеттің білім деңгейі тікелей оқытушыларға да байланыстығой?

Әрине. Студентке самалы маман, білікті әрі білімді ұстаз сабақ берсе болашақ мамандарымыздың да сапалы болары сөзсіз. Енді факультеттің профессорлық-оқытушылық құрамын айтар болсам, бізде барлығы  106 жоғары білікті мамандар тартылған. Оның ішінде 82 ғылыми дәрежесі бар 11 ғылым докторы, 56 ғылым кандидаты және 15 философия докторы (PhD) қызмет атқарады. Ал енді бұл құрам сәт сайын ғалымдармен толығып отыратыны тағы бар.  Факультеттің ғылыми дәрежелілігі 77,3%  құрайды. 15 оқытушы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегерлері болған және 13 оқытушы сабақты ағылшын тілінде жүргізеді. Бұл да біздің мақтанышымыз деп айтсам болады.

Соңғы 3 жылда факультеттің төрт қызметкері «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантына және талантты ғалымдарға арналған 5 мемлекеттік ғылыми стипендияға ие болды. Факультеттің төрт оқытушысы мақсатты докторантураға түсті. Сөйтіп бұл мамандарымыз  екі бірде шет елдік ЖОО на білім алады.

Факультетте оқу үдерісін қамтамасыз ету және жобалар мен бағдарламалар шеңберінде ғылыми зерттеулер жүргізу, сондай-ақ шаруашылықтармен қаржыландырылатын шарттарды орындауда барлық талаптар бойынша жабдықталған 31 зертхана жұмыс істейді.

-Зертханалар деп айтып қалдыңыз, бүгінгі ғылыми зерттеулер мен мүмкіндіктер туралы баяндап берсеңіз?

Факультетте 2017 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді және Қытай ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы, Шыңжаң аграрлық университеті және «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» КеАҚ арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум аясында құрылған. Осы меморандум негізінде  бірлескен Қазақстан-Қытай биологиялық қауіпсіздік жөніндегі зертханасы (БСҚК) жұмыс істеп тұр.  Бұл зертхана екі ел үшін де өзара тиімді болып отыр.

-Зертхана туралы айтыңызшы?

Бұл зертхана малдың жұқпалы ауруларын зерттеу және диагностикалау мақсатында түрлі жұмыстар ғылыми бағыт бойынша жүргізіледі. Зертхананың қауіпсіздігі мен жабдықталу деңгейі малдың аса қауіпті, трансшекаралық ауруларының қоздырғыштарымен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Зертхана жұмысы BSL-2 қауіпсіздік стандарты негізінде ұйымдастырылған. Зертхана қауіпті биологиялық агенттердің қоршаған ортаға таралуын толық шектейтін қауіпсіздікті қамтамасыз етуші ағынды шығару жүйесімен және өтпелі автоклавтармен жабдықталған. Сондай-ақ, зертхана мал ауруларының серологиялық және молекулярлық-генетикалық диагностикасына қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған.

Қазір зертхана МЕМСТ ИСО/МЭК 17025-2019 «Сынақ және калибрлеу зертханаларының құзыретіне қойылатын жалпы талаптар» стандартының талаптарына сәйкестігі бойынша аккредитациядан өткен.

Ал 2020 жылдан бастап «Азық пен сүтті зоотехникалық талдау» зертханасы жұмыс істей бастады.  Зертхананың негізгі бағыты - сүт пен азықты зоотехникалық талдаудың заманауи зертханалық әдістері негізінде отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мал шаруашылығы өнімдерін тиімді өндіруге ақпараттық және техникалық қолдау көрсету болып отыр.

Факультетте «Тағам қауіпсіздігі» зертханасын аккредиттеу бойынша жұмыс жүргізіуде. Қазіргі таңда бұл зертханада тағам қауіпсіздігінің сапасы бойынша зерттеулер жүргізеді, оның ішінде: шикі сүт, шикі майсыздандырылған сүт, шикі кілегей, сүт өнімдері (ішетін сүт, ішетін кілегей, қаймақ және т.б.), жас және тоңазытылып туралған ет, балық және балық өнімдері, бал, өсімдік шаруашылығы өнімдері, малға арналған азықтарға зерттеледі. Былайша айтқанда мүмкіндігі өте үлкен.

-Керемет. Жалпы факультеттің зор мүмкіндігі бар екеніне тағы да көзіміз жете түсті. Енді ерекше орын білуімше сіздің факультетте паразитология мұражайы бар. Осы мұражай туралы да айта кетсеңіз?

Ия, Факультетте Н.Т. Қадыров атындағы паразитология мұражайы бар.  Бұл мұражай Қазақстанның түрлі өңірлерінен жиналған гельминттер мен басқа да паразиттік организмдердің ғылыми коллекцияларының ең ірі сақтау орындарының бірі. Мұнда мыңнан астам экспонаттар бар. Коллекция ең алғаш рет 1956 жылы жиналыа бастады. Бұл үлгілерді біздің ғалымымыз, әлемге танымал тұлға десек те болады, Н.Т.Қадыровтың басшылығымен өткізілген.  Алғашқыда мұнде қазақстанның әртүрлі климаттық-географиялық аймақтарындағы ауыл шаруашылығы, аңшылық-кәсіпшілік, үй және жабайы жануарлардың гельминтофаунасын жоспарлы зерттеуге бағытталған жиындар болды. Әрине уақыт өткен сайын мұндағы тұнды материялдар толыға түсті. Бүгінде біз бұл жерді мұражай ретінде қойып отырмыз. Мұражай қорының толықтырылуына профессор Н.Т.Қадыровтың шәкірттері: Токан С.С., Ибраев Б. К., Аубакиров С. А., Амамбаева Б.Е., Киреева С.Н., Лидер Л.А. және т.б. өз үлестерін қосты.

Бір айта кететін жағдай мұражай оқу процесінің ажырамас бөлігіне айналған.  Мұнда студенттер, магистранттар мен докторанттар паразиттік аурулардың қоздырғыштарымен және олар тудыратын патологиялармен егжей-тегжейлі танысады. Мұражайға мектеп оқушылары, сондай-ақ қонақтар делегациясы, біздің және басқа елдердің студенттері, оқытушылары, ғалымдары мен мамандары жиі келеді.

-Сәрсенбай Қадырұлы, студенттердің өміріне  де тоқталып өтейікші. Мұндағы болашақ мамандар оқумен қатар қандай іспен шұғылданады?

Факультеттің ғылыми-зерттеу жұмыстарына білім алушылар (студенттер, магистранттар және докторанттар) да тартылады. Жыл бойы білім алушылар арасында ғылыми, шығармашылық және рухани әлеуетті дамыту бойынша ерекше  іс-шаралар өткізіліп тұрады.

Факультет әлемнің түрлі елдерінің көптеген университеттерімен және ғылыми ұйымдарымен ынтымақтастық орнатқандықтан біздің жастарымыз сол елдің ғалымдарымен, студенттерімен тығыз байланыста деп айта аламын.  Қазақстан Республикасының өзінде  96 кәсіпорын мен ұйымдармен  серіктес болып табылады. Міне біздің жастарымыз осы мекемелерге өндірістік іс-тәжірибеге жіберіледі. Сонымен бірге факультет студенттері сыртқы академиялық ұтқырлыққа да белсене қатысады. Мысалы; 2018-2019 оқу жылында сыртқы академиялық ұтқырлыққа барлығы 45 адам қатысып, ал бізге осы бағдарлама бойынша 16 студент келіп білімдерін шыңдаған болатын. Жыл сайын факультетте бітіруші студенттер үшін «Бос орындар жәрмеңкесі» өткізіліп отырады. Оған мемлекеттік және жеке ұйымдардан жұмыс берушілер шақырылады. Студенттермен осы кездесуде кәсіпорын басшыларымен әңгімелесу өткізіп, еңбек шарттарын жасауға мүмкіндік алады. Бір сөзбен айтқанда студент қолына диплом алғаннан кейін жұмыс іздеп әуре болмайды. Әлгі жасалған шарт бойынша жұмысқа дереу орналасуға мүмкіндігі болады.

-Соңғы сұрақ болсыншы. Қазір барлығын рейтинг бойынша бағалап жатадығой. Ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультетінің рейтинггі қандай деңгейде?

Ең алдымен түлектеріміздің жұмысқа орналасу көрсеткіші туралы айтайын. Факультет түлектерінің жұмысқа орналасуы 2020 жылы 82,5% құрады. Бұл үлкен көрсеткіш. Мамандық бойынша білім деңгейін толық аяқтаған түлектерімізге сұраныс басым. Осы бізді қуантады. Ал,Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің ұлттық рейтингісінде 2020 жылы факультеттің бір мамандығы – 1 орын, төрт мамандық – 2 орын, бір мамандық-3 орын алды. Факультет жыл сайынғы рейтинг нәтижелері бойынша университеттегі ең үздік факультеттердің бірі болып табылады. Сондықтан біздің рейтинг өте жақсы деген көрсеткішті бағыттап тұр.

- Сәрсенбай Қадырұлы, сұхбатыңызға рахмет.