Басты бет / «Тілдер әлемі: Интеллект. Инновация. Интеграция» атты тілдер апталығының салтанатты ашылу
«Тілдер әлемі: Интеллект. Инновация. Интеграция» атты тілдер апталығының салтанатты ашылу

2026 жылғы 10 наурызда Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Сейфуллин залында Шет тілдері кафедрасының ұйымдастыруымен «Тілдер әлемі: Интеллект. Инновация. Интеграция» атты тілдер апталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Апталық 10–13 наурыз аралығында өткізіледі.

Іс-шараға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, студенттер және шетелдік серіктес жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Ашылу салтанатында стратегиялық даму және халықаралық қызмет жөніндегі проректор Абдримова Әсем Ермекқызы құттықтау сөз сөйлеп, шетел тілдерін меңгерудің халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы және мәдениеттер арасындағы өзара түсіністікті нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті.

Сонымен қатар, Гуманитарлық-педагогикалық ғылымдар институтының директоры, философия ғылымдарының кандидаты Кульжанова Жұлдызай Темірқанқызы тілдерді үйренудің студенттердің кәсіби дамуы мен жаһандық білім кеңістігіне бейімделуіндегі маңыздылығына тоқталды.

Халықаралық академиялық ынтымақтастық аясында Польшадағы Варшава жаратылыстану ғылымдары университетінің интернационалдандыру жөніндегі проректоры Марта Мендель, Франциядан француз тілі оқытушысы Катрин Пелье, Түркиядағы Кастамону университетінің профессоры Сезгин Аян, Франциядағы «ALEM Association» халықаралық қауымдастығының мүшесі Сандрин Байи, Түркиядағы Дүзже университетінің профессоры Танер Атмаджа, Беларус ұлттық техникалық университетінің шет тілдері кафедрасының меңгерушісі Ольга Веремейчук онлайн форматта құттықтау сөздерін жолдап, тілдердің халықаралық байланыстарды нығайтудағы маңызын атап өтті.

Сондай-ақ Германия-Қазақстан аграрлық саясат диалогының жетекшісі Клаус Йон және дипломатиялық миссиялардың өкілі, «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің төрағасы Катрен Жәнібек Серікұлы қатысушыларға ізгі тілектерін білдірді.

Тіл апталығының ашылу салтанатында студенттер көркем өнер көрсетті. Аружан Жакенова мен Мария Колесникова француз және неміс тілдерінде шығармалар оқыды. А. Сәдуақасова ағылшын тілінде ән орындады.

Іс-шара барысында шет тілдері кафедрасының оқытушысы және п.ғ.м. К.Р. Естаева «Цифрлық дәуірдегі лингвистиканың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама жасап, қазіргі заманғы тілді оқыту әдістері туралы ойларымен бөлісті.

Тіл апталығының бағдарламасы таныстырылды, оған семинарлар, мәдени іс-шаралар, дөңгелек үстелдер және интеллектуалды ойындар, сондай-ақ студенттердің тілді үйренуге деген қызығушылығын оятатын әртүрлі іс-шаралар кіреді.