Басты бет / Қарты бардың қазынасы бар
Қарты бардың қазынасы бар

2023 жылдың 4 қазан күні С. Сейфуллин атындағы агротехникалық зерттеу университетінің Мәдени-бұқаралық жұмыстар жөніндегі департаменттің ұйымдастыруымен Астана қаласы Аққорған 2 мекен-жайында орналасқан «Шарапат» қарттар үйінде «1 қазан - Қарттар күніне» орай мерекелік шара өткізілді.

 Қазақстанның өсіп - өркендеуіне, еліміздің бейбітшілік тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыздың көңіл-күйін көтеру мақсатында ұйымдастырылған бұл шараны, ардагер өнер тарланы, өнер майталманы мәдени-бұқаралық жұмысы жөніндегі департамент директоры, ҚР еңбек сіңіген әртісі, профессор Бекболат Байсағатов ашып берді. Саналы ғұмырларын отан деп, тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан, алдыңғы буын аға - апаларымыздың төл мерекесімен құттықтап, флейта аспабымен өз өнерін паш етті.

Одан кейінге кезекте университетіміздің студенттері Ерен Гүңшебайұлының домбырада сүйемелдеуімен Сағымбаева Дильназ «Аққу» биін билеп, Ерен жеке домбырада Құрманғазының «Серпер» күйін орындап шықты. Мерекелік кешті одан ары қарай Айнұр Ажымолла жанды дауыста халық әні «Ахау керім» және Шәмші Қалдаяқовтың «Қуаныш вальсі» әндерін орындап, көрермен  қошеметіне ие болды. Ән жалғасын тауып Нұрфат Вахитов «Ақ ерке – ақ жайық» және «Весна на заречной улицы» әндерін орындады.  Мерекелік шара университет студенті Серіков Ерзаттың «Әке» туралы әнімен өз мәресіне жетті.