Басты бет / «Дәстүрлер тарихы» атты ұлттар салт-дәстүрлері көріністерінің байқауы
«Дәстүрлер тарихы» атты ұлттар салт-дәстүрлері көріністерінің байқауы

2023 жылдың 5 мамыры күні Жастар саясаты департаменті мен «Достық» клубының ұйымдастыруымен факультеттер студенттерінің арасында «Дәстүрлер тарихы» атты ұлттар салт-дәстүрлері көріністерінің байқауы өтті.

Байқау мақсаты Қазақстан аумағында өмір сүретін халықтардың тарихымен, мәдениетінімен, салт-дәстүрлерімен студенттерді таныстыра отырып, олардың бойында сол халықтардың тарихына, мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне деген құрметін қалыптастыру. Жастардың бойында «бірлік», «ынтымақтастық», «бауырмалдық», «отансүйгіштік» сияқты құндылықтарды қалыптастыру.

Конкурсқа қатысқан әр факультеттің студенттері таңдалған ұлттарының дәстүрі мен салт-жоралғысынан көріністер көрсетті. Дәлірек айтар болсақ әділ қазылар мен көрермендердің назарына Агрономия факультеті украин ұлтының дәстүрі «Үйлену тойынан», Орман шаруашылығы, жабайы табиғат және қоршаған орта факультеті татар ұлтының дәстүрінен, Техникалық факультет ингуш ұлтының дәстүрінен, Ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультеті орыс ұлтының дәстүрі «Құдалығынан», Компьютерлік жүйелер және кәсіптік білім беру факультеті кәріс ұлтының дәстүрінен, Жер ресурстарын басқару, сәулет және дизайн факультеті неміс ұлтының дәстүрінен, Энергетикалық факультетi өзбек ұлтының дәстүрінен көріністер көрсетті. Көріністер аясында студенттер ұлттық билер билеп, ұлттық әндер орындады.

Байқаудың соңында Жастар саясаты жөніндегі департамент директоры Ә.М. Ахметов жеңімпаздарды дипломдармен марапаттап, алғысын айтты. Байқау нәтижесінде бірінші орынды кәріс ұлтының дәстүрінен көріністік қойылым қойған Компьютерлік жүйелер және кәсіптік білім беру факультетінің студенттері иеленді. Екінші орынды неміс ұлтының дәстүрінен көрініс қойған Жер ресурстарын басқару, сәулет және дизайн факультеті иеленсе, үшінші орынды орыс және татар ұлтының дәстүрлерінен көріністер ұсынған Ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультеті мен Орман шаруашылығы, жабайы табиғат және қоршаған орта факультеті өз еншілеріне иеленді.