Басты бет / Жоғары оқу орындарында цифрлық сауаттылық пен жасанды интеллект құралдарын интеграциялау
Жоғары оқу орындарында цифрлық сауаттылық пен жасанды интеллект құралдарын интеграциялау

Жоғары оқу орындарында цифрлық сауаттылық пен жасанды интеллект құралдарын интеграциялау» атты семинар өткізу туралы есеп

2026 жылдың 11 наурызында С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Шет тілдері кафедрасы мен Гуманитарлық-педагогикалық ғылымдар институтының ұйымдастыруымен және «Болашақ» қауымдастығымен бірлесіп жоғары оқу орындарының оқытушылары мен мамандарына арналған ғылыми-практикалық семинар өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты — жасанды интеллекттің (ЖИ) жоғары білім беру жүйесіндегі стратегиялық маңызын айқындау, оқытушылардың жаңа цифрлық рөлін белгілеу және заманауи технологияларды оқу процесіне тиімді интеграциялау жолдарын талқылау болды.

Семинардың ашылу салтанатында Шет тілдері кафедрасының меңгерушісі Исина Жаннұр Аманкелдіқызы кіріспе сөз сөйлеп, университеттердің цифрлық трансформациясы жағдайындағы академиялық жауапкершілік пен жаңа цифрлық мәдениет мәселелеріне тоқталды. Одан әрі Астана халықаралық университетінің аға оқытушысы Кайкенов Думан Базарбаевич өз баяндамасында цифрлық сауаттылықты дамытудың маңыздылығын және оқу процесінде ЖИ құралдарын тиімді қолдану мүмкіндіктерін жан-жақты талдап берді.

Семинардың практикалық бөлімінде Е. Оралбек, С. К. Тураров және Ж. М. Каирова секілді тәжірибелі мамандар оқытушыларға білім беру жүйесін оңтайландыру үшін ЖИ платформаларын, атап айтқанда Studio және басқа да дереккөздермен жұмыс істеу құралдарын пайдалануды үйретті. Воркшоп «Өрлеу» БАҰО АК филиалының аға оқытушысы Татьяна Александровна Кохановердің онлайн вебинарымен жалғасып, қатысушылар Google AI құралдарын сабақ жоспарлау мен сценарийлер әзірлеуде қолданудың нақты әдістерімен танысты.

Интерактивті сессия барысында семинар қатысушылары Gemini, NotebookLM және Napkin AI сияқты платформалармен тікелей жұмыс істеп, оқу материалдарын әзірлеу және білім беру жобаларына идеялар генерациялау бойынша тәжірибе алмасты. Іс-шара соңында қатысушылар рефлексия жасап, цифрлық технологияларды енгізудегі алғашқы қадамдар мен туындауы мүмкін мәселелерді талқылады. Семинар қорытындысы бойынша оқытушылардың цифрлық құзыреттілігін арттыру және заманауи ЖИ құралдарын ЖОО-ның білім беру тәжірибесіне кеңінен енгізу туралы ұсыныстар қабылданды.