Басты бет / Басқарма төрағасы Қ. М. Тіреуов университеттің белсенді жастарымен кездесті
Басқарма төрағасы Қ. М. Тіреуов университеттің белсенді жастарымен кездесті

2023 жылдың 10 қазан күні Басқарма төрағасы Тіреуов Қанат Маратұлы университеттің белсенді жастарымен кездесу өткізді.

Іс-шараға Басқарма мүшесі, Студенттік істер жөніндегі проректор, филология ғылымдарының докторы – Жайнагүл Айтмағанбетқызы Құсайынова мен мәдени-бұқаралық жұмыстар жөніндегі департамент директоры, ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі  – Бекболат Төкешұлы Байсағатовтың қатысуымен офлайн форматта өтті.

Қанат Маратұлы білім алушыларды тәрбиелеу және дамыту бойынша жұмыста университет басшылығының тірегі болып табылатын студенттік активпен осындай кездесулердің маңыздылығын, университетте жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі студенттер арқылы бағаланатындығын сөз етті. Сондықтан алдағы уақытта да студенттермен жиі кездесіп, барлық сауалдары мен ұсыныстарын тыңдауға дайын екендігін айтты. Сонымен қатар белсеңді студенттер Сәкен Сейфуллин атындағы арнайы медальмен марапатталатынын атап өтті.

Студенттердің сұрақтарына жауап берген ректор заманауи студенттердің білім беру саласындағы технологияларды меңгерудегі мүмкіндіктерін айтып, оқу үдерісінде қолданылатын платформалардың ерекшеліктеріне тоқталды. Университеттің инфрақұрылымдық және техникалық оқу құрылғыларымен қамтамасыз етілу мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп жатқандығын, мәселені толық шешу қаражат пен уақытты қажет ететіндігін түсіндірді. Бұл ретте, әрине, академиялық процестерге басымдық берілетіндігін баяндады.

Іс-шара барысында көптеген әлеуметтік сұрақтар талқыланып, ұсыныстар айтылды. Студенттер еріктілер қозғалысына қолдау жасауды және қор ашуға рұқсат беруді, белсенді жастар үшін өзара идеялар алмасып, қоғамдық жұмыстарды талқылауда бас қосатын арнайы аудиториялар бөлуді, шығармашылық орталықта заманауи музыкалық аспаптармен қамтамасыз етуді, бишілердің киімдерін жаңартуды, мәдени іс-шараларда қаржылай сыйақы тағайындауды, агрономиялық факультет ғимаратында орналасқан акт залының ашық тұруы, бойынша ұсыныстарын жеткізді. Бірде бір сұрақ Басқарма төрағасының назарынан тыс қалмады.

Кездесу соңында Басқарма төрағасы ҚазАТУ брендін дамытып және университетке лайық имидж қалыптастырып отырған белсенді студенттерге алғысын білдірді.