Басты бет / "Жаңа Қазақстан жастары: білім, ғылым, парасаттылық» атты жастар форумы өтті
"Жаңа Қазақстан жастары: білім, ғылым, парасаттылық» атты жастар форумы өтті

9 желтоқсан- Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні аясында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде  жастар форумы өтті.

Форумды оқу орнымыздағы «Sanaly urpaq» және «Студенттік Парламент» ұйымдарының құрамындағы студент-жастар, Студенттік омбудсмен,  университеттің  Комплаенс қызметі, Мәдени-бұқаралық департаменттің басшылығымен бірлікте ұйымдастырды. 

Форумға  Басқарма мүшесі- Студенттер ісі жөніндегі  проректор  Ж.А.Құсайынова, университеттің  Комплаенс қызметінің жетекшісі Қ.А.Токушев,  Мәдени-бұқаралық департаменттің директоры Б.Байсағатов және барлық факультет декандарының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.

Құқықтық мәдениетке тәрбиелеу және қалыптастыру ісі - кезек күттірмей атқарылатын мемлекеттік маңызды шаралардың бірі. Осы мақсатта ұйымдастырылған форумда студенттер өзекті тақырыптарда баяндама жасады.

Бірінші баяндамашы Ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультетінің 2- курс студенті Дарья  Маркова  «Халықаралық  Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясына  20 жыл» туралы баяндап берді. 

Жер ресурстарын басқару, сәулет  және дизайн  факультетінің 2-курс студенті  Шыңғыс Бекқалиев «Абайдың "Толық адам "концепциясы» туралы айта отырып, Абайдың рухани әлемі мен шығармаларындағы ортақ философиялық мәселе – адам болмысы екеніне тоқталды. Адамның өз орнын табуы, өзіне жол сілтеп, бағыт-бағдар беруі – Абай этикасының негізгі ұстанымында мәні ашылып түсіндірілгенін мәлімдеді.

Ал, «Ұлттық тәрбие: парасаттылық, адалдық, әділдік» атты баяндамасында экономикалық факультеттің 2-курс студенті Азамат Абдурашит: «Ұлттық тәрбиенің қуатына тең келетін рухани күш,  қуат көзі жоқ екенін жақсы түсінеміз»- деп қорытты. Әл-Фараби, Ж.Баласағұни, Абай, Шәкәрімнің ізгілік, парасаттылық туралы өсиеттерін талдап, өміршеңдігіне тоқталып кетті.

Жер ресурстарын басқару, сәулет  және дизайн  факультетінің 1-курс студенті Диляра Альман өз баяндамасында университетіміздегі студенттер арасында  сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына назар аударып, атқарылып жатқан жұмыстар, оған студенттердің қосқан үлестеріне тоқталды.

Университеттің Комплаенс қызметінің жетекшісі Қ.А.Токушев жастарға тәрбие, тәртіп туралы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы  мәдениетті қалыптастыру жөнінде ұсыныстарын жеткізе отырып, Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңімен аяқтады.

Форум соңында,  С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің студенттері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы  үндеу жариялап, вокал үйірмесі шәкірттерінің орындауында  «Атамекен» әні шырқалды.