Басты бет / Академиялық ынтымақтастықты нығайту және білім беру бағдарламаларын дамыту: С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ мен К.И.Скрябин атындағы Қырғыз ұлттық аграрлық университетінің бірлескен қызметінің нәтижелері
Академиялық ынтымақтастықты нығайту және білім беру бағдарламаларын дамыту: С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ мен К.И.Скрябин атындағы Қырғыз ұлттық аграрлық университетінің бірлескен қызметінің нәтижелері

2026 жылдың 30 наурызы мен 10 сәуірі аралығында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті мен К.И.Скрябин атындағы Қырғыз ұлттық аграрлық университеті арасындағы білім беру қызметтерін көрсету және академиялық ұтқырлықты ілгерілету саласындағы өзара ынтымақтастық туралы қолданыстағы келісім бойынша кіріспе дәрістер топтамасы ұйымдастырылды.

Осы ынтымақтастық аясында заң ғылымдарының кандидаты, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Бизнес және цифрлық технологиялар институтының доценті Айгүл Есенқызы Қожахметова шақырылған оқытушы ретінде қызмет етті. К.И.Скрябин атындағы Қырғыз ұлттық аграрлық университетінің кафедраларында сабақты сәтті жүргізді.  Дәріс курсында кәсіпкерлік қызметті құқықтық реттеудің негізгі аспектілері, кәсіпкерлікті лицензиялау рәсімдері, агроөнеркәсіп кешеніндегі инновациялық дамуды ынталандыру тетіктері жан-жақты талданды.

Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында іс-шараға оқытушыдан басқа С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің 6В04103 «Бизнесті басқару және кәсіпкерлік» бағдарламасының студенттері қатысты. Қатысушылар: Уәлиханұлы Ш., Толқын У., Жұпарбек А.

Мұндай бірлескен білім беру бастамаларын жүзеге асыру университетаралық байланысты нығайтудың, озық тәжірибе алмасуды белсендірудің және соның нәтижесінде ұсынылатын білімнің жалпы сапасын арттырудың маңызды құралы болып табылады.