Басты бет / Жаңалықтар / С.Сейфуллин атындағы ҚАТЗУ мен Чонбук ұлттық университеті ынтымақтастықты кеңейтуде
С.Сейфуллин атындағы ҚАТЗУ мен Чонбук ұлттық университеті ынтымақтастықты кеңейтуде

Просмотров: 536

14 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына ресми сапары және «Орталық Азия – Корея Республикасы» бірінші Саммитіне қатысуы аясындағы іс-шаралар шеңберінде Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығына қарасты С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің делегациясы Корея Республикасының Чонджу қаласындағы Чонбук ұлттық университетіне (Jeonbuk National University, JBNU) барды.

ҚАТЗУ делегациясын Басқарма Төрағасы – Ректор Қанат Тіреуов бастап барды. JBNU басшылығымен және Халықаралық байланыстар басқармасының өкілдерімен өткен кездесуде тараптар білім беру, ғылым және академиялық ұтқырлық салаларындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.

Сапардың маңызды нәтижелерінің бірі білім алушылардың академиялық ұтқырлығы туралы келісімге қол қою болды. Құжат екі университет студенттеріне академиялық алмасу бағдарламалары аясында білім алуға, білім беру және ғылыми бастамаларға қатысуға, сондай-ақ халықаралық академиялық тәжірибе жинақтауға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Чонбук ұлттық университеті тарапынан JBNU президенті Ян О Бон, атқарушы вице-президент Ли Джон Хва, сыртқы байланыстар және жұмыспен қамту жөніндегі вице-президент Юн Мён Сук, оқу жұмысы жөніндегі вице-президент Ли Дон Хон (Dong-heon LEE) және Халықаралық байланыстар департаментінің директоры Чо Хва Рим (Cho Hwa-rim) қатысты.

Кездесудің негізгі нәтижелерінің бірі С. Сейфуллин атындағы ҚАТЗУ мен JBNU арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою болды. Құжат бірлескен ғылыми зерттеулер мен білім беру жобаларын дамыту, студенттермен, докторанттармен және оқытушылармен алмасу, конференциялар, жазғы мектептер мен тағылымдамалар өткізу, сондай-ақ қос диплом бағдарламаларын әзірлеу бағыттарындағы ынтымақтастықты көздейді.

Тараптар агротехнологиялар және ауыл шаруашылығында жасанды интеллектті қолдану саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударды.

«Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті зор, ал Корея Республикасы озық технологиялық құзыреттерге ие. Осы мүмкіндіктерді біріктіру агротехнологиялар, дәлме-дәл егіншілік, цифрландыру және ауыл шаруашылығында жасанды интеллектті қолдану бағыттарында бірлесіп жұмыс істеуге кең мүмкіндік береді. Біз бүгінгі қол қою рәсімін жай ғана формалдылық емес, ұзақ мерзімді әрі мазмұнды серіктестіктің бастауы ретінде қарастырамыз», – деді С. Сейфуллин атындағы ҚАТЗУ Басқарма Төрағасы – Ректор Қанат Тіреуов.

Университеттер арасындағы ынтымақтастықтың нақты тәжірибелік негізі қалыптасқан. Академиялық ұтқырлық бағдарламалары аясында көктемгі семестрде С. Сейфуллин атындағы ҚАТЗУ-дың 67 студенті Корея Республикасында білім алды. Сонымен қатар университет кореялық серіктестермен бірлесіп қос диплом бағдарламасын іске қосу бағытында жұмыс жүргізуде.

Сапар барысында С. Сейфуллин атындағы ҚАТЗУ делегациясы JBNU инфрақұрылымымен, оның ішінде Орталық кітапханамен, Хан Сын Вон кітапханасымен, AI SPACE және Sky Lounge кеңістіктерімен танысты.

15 қыркүйекте Сеул қаласында «Kazakh Invest» ҰК» АҚ ұйымдастырған Қазақстан-Корея дөңгелек үстелі, сондай-ақ «Орталық Азия – Корея Республикасы» бірінші Саммиті аясында жоғары оқу орындары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумдармен (MOU) алмасу рәсімі өтті.

Рәсімге Қазақстан мен Корея университеттерінің өкілдері қатысты. С. Сейфуллин атындағы ҚАТЗУ мен JBNU бір күн бұрын қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандумды таныстырды.

С. Сейфуллин атындағы ҚАТЗУ халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға және сапар аясындағы іс-шараларды өткізуге көрсеткен қолдауы мен жәрдемі үшін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігіне алғыс білдіреді.