Басты бет / Жаңалықтар / Кешегі кездесудің басты мессенджі: ғылым жетістіктерін бизнеспен ұштастыру
Кешегі кездесудің басты мессенджі: ғылым жетістіктерін бизнеспен ұштастыру

Просмотров: 4192

Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы С.Р.Егізбаев, «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Т.Рахымбеков, «Ауыл» партясы Орталық аппаратының жетекшісі Қ.Сейтжанов, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ Басқарма төрағасы, директорлар кеңесінің мүшесі Б.Қасенов  «Aitas-kz» АҚ Холдингтік компаниясының GR сыртқы байланыс бойынша Вице – президенті Р.Тоқсейітовамен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетіндегі кездесудің басты мессенджі – ғылымның жетістіктерін ауыл шаруашылығында, бизнесте кеңінен қолдану болды.

Кездесуге келген қонақтарды қарсы алған университетіміздің ректоры Қ.М.Тіреуов бастаған басшылығы С.Сейфуллин атындағы университеттің агрономия факультетінің «Био» зертханасына алып барып, аграрлық факультет ғалымдарының био препарат шығарудағы соңғы табыстарымен танысқанда мәжілісмен құс саңғырығынан өндіретін органикалық тыңайтқыштарды бизнеске кеңінен насихаттау туралы құлаққағыс еткен.

Қазіргі таңда көптеген құс фабрикалары өздері шығарып тастап жатқан өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу арқылы құс саңғырығынан зертхана қызметкерлері қол жеткізген ғылыми жаңалықтарды пайдалана отырып, 30-40 күннің ішінде органикалық тыңайтқыш жасауды қолға алған. Сөйтіп, құс фабрикалары өздерінің ауыл шаруашылық дақылдарын өсіретін жерлеріндегі өнімді 3-4 есеге көбейтуге қол жеткізе алады. Жеріміз қанша жерден кең-байтақ болғанымен, жерімізді ластамай, өндіріс қалдықтарын өңдей отырып, кәдеге жарату жағын қолға алсақ жөн болар еді. Зертханамыз жүргізетін жұмыстардың келесі бағытының бірі – біз көптеген ауыл шаруашылығы өсімдіктеріне тән биологиялық ауруларымен биологиялық жолмен күресуді қолға аламыз. Осы ретте қазіргі ауыл шаруашылығында кеңінен тараған ауру түрлерімен табиғи антогонистер арқылы күресуді көздейміз, - деді таныстырылым барысында зертхана меңгерушісі А.Науанова.

Бұл тұрғыда «Aitas-kz» АҚ Холдингтік компаниясының GR сыртқы байланыс бойынша Вице – президенті Р.Тоқсейітова өзі еңбек ететін компаниянының бірлесе қызмет істеуге дайын екендігін білдірді.

Сейфуллин университетінің техникалық факультетіндегі ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру мен қайта өңдеудің ғылыми-эксприментальды платформасында еттен жасалған шұжықтар мен иісі танауды жарған жаңа піскен нан өнімдері қонақтардың көңілін өзіне аударды. Парламент мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы С.Р.Егізбаев кафедра көрмеге қойған нан өнімдерінің дүкен сөрелеріндегі өзіміз күнделікті алып жүрген нан өнімдерінен сапасы мен құны жағынан қандай ерекшеліктері бар деген сауалына «Азық-түлік және қайта өңдеу өндірісінің технологиясы» кафедрасының оқытушысы Т.Тултабаева:

Бұл нан өнімдері  адам ағзасына қажетті барлық микро-макро элементтермен және дәрумендермен байытылған. Сондықтан, әрине бұл нан өнімдерінің бағасы шамалы қымбаттау болуы мүмкін. Бірақ, егер нан өндірісіне толықтай енгізер болса, товардың өзіндік құны төмендеп, оның адам ағзасына пайдасы мол болатынын жіліктеп түсіндірді. Тұтынушы өзі сатып алатын тауарының денсаулыққа қаншалықты пайдалы екендігіне көзі жетсе, ол өзге тауардың құнымен арадағы 15-20 теңгеге бола ақшасын үнемдемейді, - деді.

Жалпы, осы техникалық факультеттің «Азық-түлік және қайта өңдеу өндірісінің технологиясы» кафедрасында қолға алынған бағдарлама аясында қой және ешкі сүттерінен функционалды тағам дайындау технологиясы, ақуызды, ашытылған сүт өнімдерін ұзақ мерзімге сақтау мүмкіндігін қарастыру, бифидо иогурт пен лактозасыз ірімшікті дайындау технологиясын жетілдіру, профилактикалық сусын дайындау технологиясын ойластыру, сүт өнімдерінен шығатын қалдық – сары судан ірімшік дайындау мен эконом класты, шығыны аз  сүт өнімдерін өндіру технологиясын әзірлеу, мал майы мен өсімдік майына басты акцент жасап, азық-түлік өнімдеріндегі транс майларды азайту проблемасын шешу, ет шикізатының қалдығынан дәрумендермен, биологиялық белсенді қоспалармен байытылған, геродиеталық ет өнімдерін өндіруді оңтайлау мақсатын алға қойған. Кафедраның оқытушылары, магистранттар мен докторанттар осы мақсатқа жұмылдырылған .

ҚазАТЗУ ғалымдарының сөзін бар зейінімен тыңдаған Парламент мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы С.Р.Егізбаев:

Инновацияларды ынталандырудың, оның жемісін халық көруі үшін  ғылым мен бизнестің ұштасуы аса маңызды. Елімізде ғылыми жетістіктерді коммерцияландырудың табысты тәжірибелері мол. Бұл тұрғыда Парламент тарапынан көтерілетін мәселелерді «Ауыл» партиясы өздеріңізбен бірлесе отырып, ойластыратын болады, - деді.

Сөйтіп, кешегі кездесуде ғылым мен бизнестің тығыз серіктестігінің өзек­ті мәселелері, сондай-ақ университетіміздің ғылыми жетіс­тіктерін дамытудың маңызды факторларының бірі ретінде оны бизнесте жүзеге асыру, мемлекет тарапынан қолдау мәселелері талқыланды.

М.Орынбетова