Басты бет / Жаңалықтар / Ауған жерінен Кеңес әскерінің шығарылған күніне орай және ардагер Борис Керімбаевты еске алу құрметіне арналған спорттық жарыстар өтті
Ауған жерінен Кеңес әскерінің шығарылған күніне орай және ардагер Борис Керімбаевты еске алу құрметіне арналған спорттық жарыстар өтті

Просмотров: 1573

      Бүгін С.Сейфулин атындағы ҚазАТЗУ «Сарыарқа» спорт залында Кеңес әскерлерінің  Ауғанстан жерінен шығарылған күніне орай, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті мен «Намыс-Ардагер» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен КСРО Қарулы Күштерінің және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің полковнигі, Ауған соғысының ардагері Борис Төкенұлы Керімбаевты еске алу құрметіне спорттық жарыстар өтті.

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұранын салтанатты түрде орындаған соң, қатысушылар КСРО Қарулы Күштерінің және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің полковнигі, Ауған соғысының ардагері Борис Төкенұлы Керімбаевты және сол соғыста қаза тапқан барлық Кеңес солдаттарын бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

      Ауған жеріндегі соғыс - дәуір шежіресінің ең қасіретті беттерінің бірі. Бұл күні ел 1979-1989 жылдары Ауған соғысына қатысқан интернационалист жауынгерлерге құрмет көрсетіледі. Бұл - қаза тапқандарды еске алу ғана емес, сонымен қатар өзінің әскери және халықаралық борышын адал әрі батыл атқарған тұлғалардың барлығына шынайы ризашылық пен алғыс білдіру.    

      Қазақстандықтар ауған әскери қақтығысына Кеңес әскери контингенті құрамында қатысты. 10 жыл ішінде Ауғанстанға халықаралық борышын өтеу үшін Қазақстаннан жіберілген әскери қызметшілердің саны 22 269-ды құрады.

       Ауған соғысында аты аңызға айналған ардагеріміз, арнайы мақсаттағы 177-ші отрядтың командирі, ел «Қара майор»  атап кеткен, әйгілі полковник Борис Керімбаевтың ерен ерліктері де халқымыздың есінде мәңгі қалады.

   Керімбаев басшылық еткен сарбаздар азиялықтардан (қазақ, қырғыз, өзбек және тәжіктерден) құралғандықтан, «мұсылман батальоны» аталып кеткен.  

       - «Мен қарамағымдағыларды барлауға көбірек үйреттім. Жүгіріп, атысуға мүмкіндік болмады. Менің басты міндетім – оларды операцияға ертіп апарып, үйлеріне тірі қайтару. Екі жыл екі айда мен 45 адамды жоғалттым. Соғыс құрбансыз болмайды. 1989 жылы отряд Ауғаныстаннан ең соңғы болып шыұты. Біздің сарбаздарымыз бен офицерлеріміз Отанға және антқа адалдық танытып, батылдық, табандылық пен батырлық көрсетті»,- деген болатын батыр ағамыз. Ол соғыс ардагерлерінің ғана емес, барлық кейінгі ұрпақтардың жадында мәңгі қалады.

        Бұл спорттық сайыстарға Ауған соғысына қатысқан батырлардың және жауынгерлердің рухына тағзым ету үшін заңгер-құқықтанушы, ҚР ҰҚК-нің генерал-майоры, ҚР ҰҚК-нің ардагері. Н.Қ.Атшабаров, Мемлекет қайраткері, дипломат, Қазақстан Республикасының Ауғанстан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі (2011 — 2018). Қазіргі уақытта "AFG-QAZ" Қазақстан-Ауған даму және серіктестік қауымдастығының төрағасы, Ө.М.Бітімов, Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы Ж.К.Элиманов,  Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігінің Аппарат басшысы А.А.Сағындықов, «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысы Т.С.Әлімжанов, Мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бұрынғы депутаты А.Т.Кожахметов, Ауғанстан және Қазақстан Республикасы жергілікті әскер ардагерлері Одағының төрағасының орынбасары А.К.Күзербаев, Қазақстан Республикасы Ауғанстан және жергілікті әскер ардагерлері одағының төрағасы Қ.Қ.Омаров қатысты.

«Намыс-Ардагер» қоғамдық қорының төрағасы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары ардагерлерінің республикалық ұйымы төрағасының орынбасары, запастағы полковник Төлеген Төрегелдин жарысқа қатысушылар мен студент-жастарға сәттілік тілеп, жарысты ашты.

Спорттық шараның ашылу салтанатындағы құттықтау сөзінде  ҚазАТЗУ Басқарма төрағасы-Ректоры, ҚР ҰҒА академигі Қ.М.Тіреуов:   

          - «Бүгін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 36 жыл толуына орай КСРО Қарулы Күштері мен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің полковнигі, Ауған соғысының ардагері Борис Төкенұлы Керімбаевты еске алу құрметіне арналған спорттық жарыс ұйымдастырылып отыр.  Бүгінгі іс-шараға қатысып отырған ардагерлерге мың да бір алғыс айтамын.  Барлықтарыңызға қош, келдіңіздер! – деймін.

      «Ер есімі, ел есінде!» - дейді дана халқымыз. Біз әрқашан соғыста қаза тапқан  интернационал жауынгерлердің ерліктеріне бас иеміз. Олардың ерліктері болашақ Отан қорғаушы жастарымыздың бойларына рух беріп, Отан алдындағы борыштарын адал өтеуге ынталандырады.

  Қазіргі бейбіт заманда да Ауған соғысының ардагерлері  жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру жолында маңызды істер атқаруда, олар университетімізде Бауыржан Момышұлы атындағы музей-дәрісхана ашу туралы бастама көтеріп, оны студенттердің игілігіне тартуды жоспарлап отыр. Бұл ардагер ағаларымыздың ел болашағына деген үлкен үміті мен қолдаулары деп білеміз.

    Бүгінгі спорттық жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тілей отырып, байрақты бәсекені ашық деп жариялаймын»,- деді.

     Ортаға шығып, сөз сөйлеген заңгер-құқықтанушы, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің генерал-майоры, ҚР ҰҚК-нің ардагері Н.Қ.Атшабаров, «Намыс-Ардагер» қоғамдық қорының төрағасы, запастағы полковник Т.Ж. Төрегелдин мен Мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бұрынғы депутаты А.Т.Кожахметов Ауған соғысындағы қаруластарының ерлігінен естеліктер айтып, жастарға білімге ұмтылыс пен отансүйгіштік қасиеттер жайлы отты сөздерін арнады.  

  Сонымен, бүгінгі жарысқа «Динамо» Ауған соғысы ардагерлер құрамасы,  «Ардагер-Атбасар» Ауған соғысы ардагерлер құрамасы, «Намыс-Ардагер» ардагерлер құрамасы және С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехниаклық зерттеу университетінің ардагерлері құрамасы   қатысты.

  Спорттық сайыстар волейбол, үстел теннисі, садақ ату бойынша өтеді.

   Кеңес әскерлерінің  Ауғанстан жерінен шығарылған күніне орай С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті және «Намыс-Ардагер» қоғамдық қоры ұйымдастыратын КСРО Қарулы Күштерінің және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің полковнигі, Ауған соғысының қатысушысы Борис Төкенұлы Керімбаевты еске алу құрметіне өткізілетін спорттық жарыстың нәтижесі бойынша

Волейболдан командалық жүлделерді:

3-орын Сәкен Сейфуллин атындағы ҚАТЗУ құрамасы.

2-орын «Намыс-Ардагер» құрамасы.

1-орын «Ардагер-Атбасар»құрамасы.

2. Үстел теннисінен  командалық жүлделерді:

3-орын Сәкен Сейфуллин атындағы ҚАТЗУ құрамасы.

2-орын «Намыс-Ардагер» құрамасы.

1-орын «Ардагер-Атбасар»құрамасы.

 

3. Садақ атудан Командылық жүлделерді:

3-орын Сәкен Сейфуллин атындағы ҚАТЗУ құрамасы

2-орын «Динамо»құрамасы.

1-орын «Ардагер-Атбасар»құрамасы.

Жалпыкомандалық есеп бойынша бірінші орынды «Намыс-Ардагер» ардагерлер командасы иеленді. Екінші орын «Ардагер-Атбасар» командасына берілді. Үшінші орын С. Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ құрамасына бұйырды.