Басты бет / Жаңалықтар / "Еңбек адамын" насихаттау мақсатында экономика факультетінде "Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері" атты кездесу өтті
"Еңбек адамын" насихаттау мақсатында экономика факультетінде "Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері" атты кездесу өтті

Просмотров: 1280

       2025 жылғы 27 қаңтарда  Экономика факультетінде  «Есеп және қаржы» кафедрасының ұйымдастыруымен «Еңбек Адамын» насихаттау мақсатында «Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері» атты  3 курс 07-044-22-02, 07-044-22-05  топ білім алушыларына  э.ғ.д., профессор Сүндетов Жасқайрат Сүндетұлымен кездесу өтті.

Кездесуге  Экономика факультетінің деканы М.Е. Сабырова, «Есеп және қаржы» кафедра меңгерушісі З.М.Шаукерова., аға куратор С.Б. Спатаева және  тәрбие ісі жөніндегі декан орынбасары Х.Хасамхан қатысты. 

Кездесу жастарды кәсіби саладағы таңдауларының маңыздылығын түсінуге ынталандыру үшін тәрбиелік мақсатта ұйымдастырылды.

Жасқайрат Сүндетұлы өзінің еңбек өтілі, оқу мен білімнің күнделікті өмірде және кәсіпте маңыздылығы, сонымен қатар Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуда  көтеріліп жүрген мәселелерді талқылап,  алдағы уақытта ауыл шаруашылығын дамытуға байланысты өзінің ақыл кеңестерін айта отырып, ғылыммен айналысуға жастарды шақырды.

Жасқайрат Сүндетұлы 1958 жылы жаңадан ашылған Ақмола ауыл шаруашылық институтының агрономия факультетіне түсіп, 1963 жылы оны сәтті аяқтайды. Ол ғылыми агроном мамандығын алып, экономика мамандығы бойынша аспирантураға түсуге ұсыныс алады.

1963-1966 жылдары Батыс Қазақстан облысы, Қазталовка ауданы,  Саралжын ауылында алдымен бас агроном, кейін бас экономист қызметтерін атқарады.

1966 жылы Целиноград ауыл шаруашылық институтының күндізгі аспирантурасына оқуға түседі. Ж. Сүндетұлының кейінгі бүкіл өмірі педагогикалық және ғылыми қызметпен тікелей байланысты болды.

1969-1992 жылдары Целиноград ауыл шаруашылық институтында жұмыс істеді: алдымен ассистент, кейін доцент, 1976 жылдан бастап осы институттың өндірісті ұйымдастыру кафедрасының меңгерушісі болды.

175 ғылыми еңбектің, оның ішінде 10 жеке және ұжымдық монографиялардың, 16 дәріс және оқу құралдарының, 30-дан астам ұсыныстар мен брошюралардың авторы. Оның еңбектерінің жалпы көлемі 262 баспа табақтан асады.

Ғылыми-педагогикалық және ұйымдастырушылық қызметтен бөлек, профессор Ж. Сүндетұлы ғылыми кадрлар даярлау және қоғамдық жұмыстармен де белсенді айналысады. Ол 1997 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылық ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, ал 1998 жылы толық мүшесі (академигі) болып сайланды

Әр жылдары экономикалық факультеттің деканы және декан орынбасары қызметтерін атқарды. 1980-1983 жылдары Целиноград ауыл шаруашылық институтының партия комитетінің хатшысы болып жұмыс істеді. Ол институт қабырғасында мол педагогикалық тәжірибе жинап, оқу-әдістемелік және ғылыми жұмыстармен белсенді айналысты, ұйымдастырушылық қабілетін көрсетті, студенттер мен оқытушылар арасында саяси-тәрбиелік жұмыстар жүргізді.

Көп жылдық ғылыми зерттеулерін қорытындылай келе, 1996 жылы «Ауылдағы көпукладты экономиканы қалыптастыру және дамытудың ұйымдастырушылық-экономикалық негіздері» тақырыбында экономика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациясын сәтті қорғады. Оның жетекшілігімен 1 докторлық, 5 кандидаттық және 12 магистрлік диссертация қорғалды.

Ж. Сүндетұлы – республикадағы ауыл шаруашылығы экономикасы саласындағы жетекші ғалымдардың бірі ретінде ғылыми-техникалық прогресс және жоғары білім мәселелеріне арналған халықаралық және республикалық форумдарға тұрақты түрде қатысады.

Кездесу барысында студенттер кәсіби дағдыларды дамыту және еңбекқорлықтың, жауапкершілік пен адалдықтың маңыздылығы бойынша пайдалы кеңестер алды. Іс-шара қатысушыларды ел мен қоғам үшін ұзақ мерзімді пайдаға бағытталған болашақ мамандығын таңдауға саналы және жауапкершілікпен қарауға шабыттандырды.