Басты бет / Жаңалықтар / Генерал-майор Уәли Еламанов атындағы әскери-патриоттық аудитория ҚАТЗУ-да ашылды
Генерал-майор Уәли Еламанов атындағы әскери-патриоттық аудитория ҚАТЗУ-да ашылды

Просмотров: 229

Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығына қарасты С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде көрнекті әскери қайраткер, аңызға айналған қолбасшы, генерал-майор Уәли Бисақанұлы Еламанов атындағы әскери-патриоттық аудиторияның салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Салтанатты шараға Басқарма Төрағасы – Ректор, ҚР ҰҒА академигі Қанат Тіреуов, Уәли Еламановтың отбасы мен туған-туыстары, бірге қызмет еткен әріптестері, шәкірттері, әскери кафедра өкілдері және университет ұжымы қатысты.

Уәли Бисақанұлы Еламанов еліміз егемендік алған жылдары Қазақстанның мобильді күштерінің алғашқы қолбасшысы ретінде тарихқа енді. Жоғары білікті офицер, қатаң қолбасшы әрі жан дүниесі жылы азамат болған ол елге «Әуе-десанттық әскерлердің атасы» ретінде танылды. Ең бастысы, ол өз Отанының адал перзенті, отбасының берік тірегі, ардақты әке және аяулы жар бола білді.

Өз сөзінде Қанат Тіреуов әскери-патриоттық сыныптың ашылуы жас ұрпақты тәрбиелеуде ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Мұнда білім алушылар генерал-майор Уәли Еламановтың өмір жолы мен қызметімен танысып, оның Отанға деген адалдығы, жауапкершілігі мен қайсарлығынан үлгі алады.

Ректор ел болашағы жастармен байланысты екенін атап өтіп, өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік, жауапкершілік және елге адалдық қасиеттерін осындай көрнекті тұлғалардың өмір жолы арқылы қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.

Салтанатты шарада генерал-майордың отбасы мүшелері де сөз сөйлеп, Уәли Еламанов туралы жылы естеліктерімен бөлісті. Олар оның есімін ұлықтап, өнегелі өмір жолын жас ұрпаққа үлгі етіп отырған университет ұжымына алғыстарын білдірді. Сондай-ақ шарада Уәли Еламановтың әріптесі, мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-лейтенант, Қарулы күштердің ардагері Абай Тасболатов сөз сөйлеп, генералмен бірге қызмет еткен жылдардан сыр шертіп, оның кәсіби біліктілігі, әскери қызметтегі қайраткерлігі мен елге адал қызметі және де азаматтық болмысы туралы естеліктерімен бөлісті. Уәли Бисақанұлының жарқын бейнесі кейінгі буынның жадында мәңгі сақталатынын атап өтті.

Іс-шара соңында салтанатты лента қиылып, қатысушылар Уәли Еламанов атындағы әскери-патриоттық аудиториямен және онда ұсынылған материалдармен танысты.