Басты бет / Жаңалықтар / ҚазАТЗУ-дың көшпелі ректораты «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінде өтті
ҚазАТЗУ-дың көшпелі ректораты «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінде өтті

Просмотров: 392

Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті 31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында ректораттың кезекті көшпелі отырысын «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінде өткізді. «Отанын сатқандардың әйелдерінің лагері», қысқартылып АЛЖИР деп аталған мұнда 18 мың тағдырдың естелігі сақталған. Зұлмат жылдардан хабар беретін «Сталиндік вагон», «Қасірет қақпасы» монументі, тікенек сымды лагерь қоршауы мен күзет мұнарасы, екі мүсіндік композиция, тұтқын әйелдер тұрған барак, Алаш бағы, Зерде қабырғасы, Ескерткіш белгілер, «Алаш», «АЛЖИР» залдарында қойылған экспозициялар Алаш ардақтыларының ауыр тағдыры, Ақмола лагеріндегі азалы күндер, жер аудару, ХХ ғасырдың 40-50 жылдарындағы саяси идеологиялық қуғын-сүргіндер, 1986 жылғы желтоқсандағы оқиғалардан терең сыр шертеді.  

Оқу орнының басшылық құрамының апталық көшпелі жиыны жыл басынан бері дәстүрлі түрде өтіп келеді. Мұның алдында университет басшылығы Астанадағы Сәкен Сейфуллин мұражайына барған болатын. Оның үстіне ҚазАТЗУ биылғы жылды «Сәкен Сейфуллин жылы» деп жариялады. Себебі, биыл көрнекті мемлекет қайраткері С.Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толады. Осыған орай университетте жыл соңына дейін өткізілуі тиіс барлығы 50-ден астам іс-шара жоспарланды. Ректораттың көшпелі отырысы да сол іс-шаралар аясында ұйымдастырылды. Атап өтерлігі, Сәкеннің мерейтойына орай биыл 15 қазан күні С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ-да Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.