Басты бет / Жаңалықтар / ҚР Парламент депутаттары Сейфуллин университетінде
ҚР Парламент депутаттары Сейфуллин университетінде

Просмотров: 3529

#визитKAZATRU

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Аманат» партиясы фракциясының мүшелері Самат Русланұлы Нұртаза мен Павел Олегович Казанцев Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ұжымымен, оқытушы-профессорлық құрамымен кездесті.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Самат Русланұлы Нұртаза Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болса, Павел Олегович Казанцев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі.

Бұл кездесуге "Болашақ" бағдарламасы бойынша тағлымдамадан өтіп келген оқытушылар да қатысты.

Іс-шараға университетіміздің оқытушы-профессорлық құрамы мен «Аманат» партиясының Астана қалалық филиалының өкілдері қатысты. Мәжіліс депутаттары С.Нұртаза мен П.Казанцев Қазақ агро-техникалық зерттеу университетіне арнайы оқытушылармен, студенттермен танысып, оқу орнындағы мәселелерді анықтау мақсатында келгендерін айтты.

Университетке келген заң шығарушы органның өкілдерін С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ Басқарма төрағасы-ректоры Қ.М.Тіреуов бастаған университет басшылығы қарсы алып, алдымен агрономия факультетіндегі «Био» зертханасымен таныстырды. Бұл микроорганизмдер биотехнологиясының зертханасы «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасы аясында Бүкіләлемдік банктың қаржыландырумен 2018 жылы құрылған болатын.

Лаборатория биопрепараттар жасауға арналған микробиологиялық құралдармен жабдықталған. Лабораторияда табиғи ортадан микроорганизмдер штамдарын бөліп алудан бастап биопрепараттар жасауға қажетті барлық қондырғылар бар. Ферментер микрорганизмдердің биомассасын өсіруге арналған. Ферментерді қолдану арқылы биопрепараттың сұйық түрін алуға болады. Сонымен қатар лабораторияда микрофильтрация модулі паста түріндегі, лиофильді кептіргіш құрғақ биопрепарат жасауға арналған. Төменгі қабаттағы зертханада ферментерде өсірілген биомасса көбейтуге арналған бірнеше биореакторлар бар.

Ғылыми зерттеулер бірнеше бағытта жүргізіледі екен:

Біріншіден, 2017 жылы Құс саңғырығын органикалық тыңайтқышқа қайта өңдеудің микробиологиялық технологиясын жасау жобасын  Бүкіләлемдік банк қаржыландырған болатын. Жоба аясында ең тиімді деген микроағзалар штамдары негізінде «Агромикс», «Аграрка», «Компомикс» деген биопрепараттар жасалып, «Акмола-Феникс» құс фабрикасында сынақтан өткізілген екен. Биопрепараттарды қолдана отырып 30-45 күннің ішінде сапалы органикалық тыңайтқыш алуға болатынын дәлелдеген. Қазіргі кезде аталмыш технология «Акмола-Феникс», «Казгерқұс», «Үштөбе» құс фабрикаларында өндіріске енгізілген. Олар бұл технологияны қолдану арқылы құс саңғырығын толықтай қайта өңдеп жаңа өнім алуда. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін 2 есе арттырып отыр. Соңғы жылдары құс саңғырығының әртүрлі дозаларының ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігіне, топырақ құнарлығына және аурулардың таралуына әсері зерттелген болатын. Нәтижесінде солтүстік Қазақстан жағдайында 10 тонна/ га оңтайлы доза екендігі анықталды.

Екінші бағыт. Үлкен қалалардың проблемасы су арнасының лайлы тұнбалары екені даусыз. Күн сайын Астана қаласынан 300 тонна лайлы тұнба канализация арқылы жиналады. Шет елдерде лайлы тұнбалардан органикалық тыңайтқыштар жасалады. Ал Қазақстанның үлкен қалаларында бұл проблемалар көп ұзамай экологиялық катастрофаға айналуы мүмкін. Астана қаласында лайлы тұнбалардың полигондарынан Талдыкөл құрып кету алдында тұр. Зертхана ғалымдары 2 жылдай лайлы тұнбаларды органикалық тыңайтқышқа қайта өңдеудің технологиясын жасаумен шұғылдануда. Өткен жылы «Астана су арнасының» аумағында өндірістік жағдайда эксперимент жүргізіліп, биопрепараттардың 3 күннен кейін лайлы тұнбалардың сасық иісін, ондағы шыбындар мен құрттарды жоятынын Сейфуллин университетінің ғалымдары дәлелдеген.

Үшінші бағыт ауыл шаруашылығы дақылдарының әртүрлі аурулары тамыр шірігі, фузариоз, альтернариоз, гельминтоспориоз, жапырақтың дақ ауруларына қарсы антагонистер негізінде биофунгицидтер жасаумен айналысады. Зертханада тиімді микроорганизмдер коллекциясы бар, олар Мемлекеттік микрооганизмдер коллекциясында сақталуда.

2015 жылы қабылданған «Органикалық өнімдерді өндіру» заңы бойынша органикалық өнімді алуда ешқандай пестицид, минералдық тыңайтқыштар қолдануға рұқсат етілмейді. Сонымен қатар топыраққа да қойылатын талаптардың бірі топырақ пестицидтерден таза болуы керек. Бұл бағытта өткен жылы пестицидтермен ластанған топырақты тазартудың микробиологиялық жолдарын қарастыру бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары басталды. Ол үшін пестицидтермен ластанған топырақтан микроорганизмдер штамдарын бөліп алып, осы жылы олардың қаншалықты пестицидтерді ыдырата алатыны зерттелетін болады.

Бұл зертханада құс саңғырығынан өзге ірі қара малдың қиын қайта өңдеу үшін де ғылыми зерттеу жұмыстар жүргізілуде. Жалпы барлық зерттеулер топырақтың құнарлығын, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыратын микроорганизмдерді зерттеуге бағытталған. Себебі топырақтағы барлық процестер тек микроорганизмдердің көмегімен жүреді. Бірде бір өсімдік микроорганизмдерсіз қоректене алмайды, өйткені азот, фосфор көздері тек микроорганизмдердің көмегімен ғана сіңімді күйге көшеді. Сондықтан топырақты пайдалы микроағзалармен байыту қажет, тек сонда ғана топырақтың гумус қабатын тұрақтандырып, өнімділікті арттыруға мүмкіншілік кеңейеді, - деді топырақтану және агрохимия кафедрасының профессоры, биология ғылымдарының докторы Науанова Айнаш Пахуашовна Парламент депутаттарына.

Келесі барған нысан – университетіміздің әскери кафедрасы. Мұнда мәжілісмендерге студенттерді оқытатын аудиториялар мен қолда бар әскери техникалар көрсетілді.

Сондай-ақ, қонақтар техника факультетінде болып, онда «Аграрлы техника мен технология» кафедрасының аға оқытушысы Қ.Исенов ауыл шаруашылығы саласында қолданылатын жаңа техника мен технологиялар туралы әңгімеледі. 3D визуализация зертханасында робототехника мен мехатроника жайлы «Технологиялық машинаалар мен жабдықтар» кафедрасының аға оқытушы Д.Қосатбекова әңгімелеп, студенттердің жасаған робот техникасымен таныстырды. Робот техникасын жасау үшін қолданатын детальдардан бастап, әлемді өзгертетін технологиялардың индустриясы туралы айтып берді.

Бұдан соң, қонақтар ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру мен қайта өңдеудің ғылыми-эксприментальды платформасында болды. Онда «Азық-түлік және қайта өңдеу өндірісінің технологиясы» кафедрасының меңгерушісі М.Кәкімов кафедра ғалымдарының еңбектерін атап өтті. Кафедра оқытушысы Т.Тултабаева сублимирленген бал, микроэлементтер мен витаминдермен байытылған нан өнімдері мен жасы ұлғайған адамдарға арналған залалсызданған ет, сүт өнімдерімен таныстырып шықты.

«Аманаттықтар» барған соңғы нысан - Kazakh-Chinese BIG DATA Analysis Center болды. Онда «АӨК цифрландыру саласындағы технологиялық құзіреттілік орталығы» директорының орынбасары С.Топаев студенттер айналысатын дрондар, олардың жұмыс істеу принциптері, ғарыштан ақпарат алмасу мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Орталық ғалымдары айналысатын топырақтың тозығын анықтайтын дрон үлгісімен таныстырды. Бұл ретте ғарыштық мәліметтерді пайдалана отырып, егістік жұмыстарына жұмсалатын шығындарды азайту арқылы мониторингтік жүйе құрудың маңызына тоқталды. Сол арқылы егістіктің өнімділігін, өсімдіктің бойындағы ақауды, ондағы ауру түрін анықтай отырып, жерді пайдалану мүмкіндігін зерделеуге болатынын айтты.

Біздің аймақтарға шығып, кездесу өткізудегі басты мақсатымыз жергілікті мәселелерді анықтап, оны қаралып жатқан заңдарға немесе басқа қарастыратын заң жобаларына енгізу және оларды тиімді шешу, – деді Парламент Мәжілісінің депутаты Самат Нұртаза.

Кездесу барысында ауыл шаруашылығы заңнамалары туралы әңгіме өрбіп, аталған сала ғылымын дамытуға қатысты ойлар ортаға салынды.

Кездесу соңында Техникалық факультеттің фоэсінде университетіміздің құытушы-профессорлық құрамымен кездесу өтті. Мұнда Парламент депутаттары мен оқытушылар қауымы өздерін толғандырған сауладарын ортаға салды.

Солардың бірқатарына тоқтала кетейік.

Бірінші сауал: Орман шаруашылығы саласында, соңғы жылдары орын алған жайттарға байланысты көптеген өзгерістер орын алып жатқаны белгілі, мысалға алсақ 2022 жылы Қостанай облысында, 2023 жылы Абай облысында орман өрттері орын алғаны белгілі, содан кейін ғана осы саланың дамуына үкімет көңіл бөле бастады. Техникалық базаны ұлғайтып, жалақыны көбейтті. Дегенмен, өңірлерде мамандардың тапшылығы бар болғандықтан,  басқа саланың адамдары осы салаға келіп жұмыс істеуде.

Жас мамандардың өңірлерге барып жұмыс істеуге құлқы жоқ. Менің ойымша жас мамандарға деген қолдау жеткілікті деңгейде көрсетілмей жатыр, дипломмен ауылға бағдарламасына алып қарасақ осы сала кіргізілмеген. Осы мәселе бойынша «Аманат» партиясы қолдау көрсете ала ма?

Бұған Мәжіліс депутаты С.Нұртаза:

Өте орынды сауал. Бұл сауал еліміздің солтүстік-шығыс өңірлері үшін өте маңызды. Сондықтан, бұл саулды Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке жолдайтын боламын, - деді.

Екінші сауал: Қазақстан Республикасында «Ғылым туралы» Заң қайта қаралып талқылануда, осы ғылым туралы заңға жас мамандарға жеңілдетілген несие беру арқылы баспанамен қамтамасыз ету мәселесін көтерген дұрыс сияқты?

Мұны да депуттатар қалам ұшына алды.

Үшінші сауал: Қазіргі кезде ғылым бойынша жыл сайын гранттар бөлінуде. Алайда іргелі ғылымдарды дамыту үшін, сапалы зерттеулер жүргізетін ірі зерттеу орталықтарының болуы қажет. Себебі оған қажетті жабдықтар қымбат болып келеді. Оны университет бюджеті есебінен немесе грант шеңберінде алу мүмкін емес. Мысалы, ауыл шаруашылығы саласына бағытталған физика-химиялық зерттеу орталығын алайық. Мұндай орталық зерттеу жүргізу үшін және жастарды ғылымның озық жетістіктерімен таныстыру үшін пайдалы болар еді. Сондықтан оны республикалық бюджет есебінен салу мүмкін бе?

Депутаттар бұл сауалдың уақытылы көтеріліп отырғанын айтып, мүмкіндігінше ескерілетініне уәде берді.

Төртінші сауал: Минералды тыңайтқыштар ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыру үшін қолданылады, алайда тыңайтқыш бағасы өте қымбат екені белгілі. Осы орайда мемлекет тарапынан  ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерге тиімді болатындай қандай шаралар қолданылады, сол туралы айтсаңыз?

Бұл сұраққа депутат С.Нұртаза ауыл шаруашылық маманы болмасам да, көтерген мәселені Парламент мінберінде шешімін табатынына күш жұмсайтындықтарын айтты.

Бесінші сауал: Қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған «Аманат» партиясының "қарызсыз қоғам" жобасы бар. Сол қалай іске асырылуда және оның мәні неде?- деген сұраққа "Аманат Партиясы" қоғамдық бірлестігінің Астана қаласы "Сарыарқа" аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қонақбаев Руслан Шакибайұлы өздерінің тәжірибесінен мысал келтіре отырып, алаяқтардың құрбаны болмауға шақырды.

Бұл ретте мәжілісмен П.Казанцев жиналғандар алдында біраз кейстерімен бөлісті.

Алтыншы сұрақ: Өздеріңізге мәлім, «Педагог статусы туралы» Заңға сәйкес, бірқатар әлеуметтік мәселелер шешімінтауып жатыр. Оның ішінде еңбекақы мәселесі де көтерілді. Сіздердің ойларыңызша, ЖОО оқытушыларының мәртебесін, оның ішінде жас оқытушылардың жалақысын көтеру мәселесі шешімін таба ма?

Бұл сауалды мәжілісмендер салалық министрлік арқылы көтеретіндеріне уәде берді.

Келесі сауал: Өздеріңіз білетіндей, климаттың өзгеруімен және оның жағымсыз салдарымен күресу мақсатында Қазақстан өзге елдермен бірлесіп, Париж келісімін қабылдады. Көміртегі бейтараптығы стратегиясы да қабылданды. Осыған орай, қазіргі уақытта қандай декарбонизация шаралары қабылдануда және іске асырудың қай кезеңінде? Ақмола облысы мен Астананы, әсіресе жеке секторды газдандыру жобасы маңызды болып табылады ғой?

Кездесу барысында қойылған соңғы сауал:

Балалары жеке мектепке дейінгі ұйымдарға баратын ата-аналарға берілетін субсидияға ұқсас бастауыш сынып оқушыларына арналған мектептен кейінгі жеке топтардағы ата-аналар төлемін субсидиялау мүмкіндігі бар ма?  

Бұл сауалдарға қос мәжілісмен кезек кезегімен жауап беріп, мұнда көтерілген сұрақтардың ешқайсысының назардан тыс қалмайтынына оқытушы-профессор қауымын сендірді.

Кездесу соңында С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ Басқарма төрағасы-ректоры, ҰҒА академигі Қ.М.Тіреуов арнайы көңіл бөліп келген ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары Самат Русланұлы Нұртаза мен Павел Олегович Казанцевке, «Аманат» партиясының қалалық филиалының өкілдеріне ұжым атынан алғысын айтып, заң қабылдау жұмысында шығармашылық табыс тіледі.

М.Орынбетова