Басты бет / Жаңалықтар / Әлихан Бәйменовпен өткен жүздесу
Әлихан Бәйменовпен өткен жүздесу

Просмотров: 1661

    Бүгін «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті» КеАҚ бас ғимаратындағы А.М.Гендельман атындағы конференц-залында Мемлекет және қоғам қайраткері, Астана мемлекеттік қызмет Хабы басқарушы комитетінің төрағасы, Ұлттық тоғызқұмалақ федерациясының төрағасы Әлихан Бәйменовпен кездесу өтті. Университетке келген Ұлттық федерация төрағасы студенттерге тоғызқұмалақтан шеберлік сабағын өткізді. 

Кездесудің шымылдығын С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы-Ректоры, ҚР ҰҒА академигі, Қ.М.Тіреуов ашып, кездесуге қатысушыларды Ұлыстың Ұлы күні «Наурыз» мерекесімен құттықтай отырып, құрметті қонағымызбен таныстырып шықты.

Мемлекет және қоғам қайраткері, Астана мемлекеттік қызмет Хабы басқарушы комитетінің төрағасы, Ұлттық құрылтайдың мүшесі - Әлихан Бәйменовты халқымыз жақсы біледі. Десе де, қайраткер ғалымның өмір жолымен, қызмет атқарған бел-белестерімен студенттерді таныстырып өтті.              

Ә.Бәйменов алдымен университетімізге сыйлыққа әкелген кітаптарын табыс етті. Сөз кезегі берілгенде ұлтымыздың жоқшысы, мемлекет қайраткері Әлихан Мұхамедияұлы есті әңгімелерімен кездесуге қатысушыларды серпілтіп, бір сәтке рухтандырып жіберді. Жаһандану деп рухани жағынан жалаңаштанған қоғамымызда рухани әңгімеге, түпсіз терең естеліктермен өрілген есті әңгімелерге зәру екеніміз рас. Кейде ұлттық болмысымыздағы, менталитетіміздегі бар қасиеттерге жете бермейтініміз тағы рас. Осылай сусап жүргенде Әлихан Бәйменовтың студенттер алдында ағынан ақтарылған әңгімесі, Алаштың аспанында дүние есігін ашып, үкілеген үміттерін жалғаған «Алаш» қайраткерлерін еске салуы үлкен рухани нәр берді.

Кездесу барысында студенттер өз сұрақтарын қойып, оған жауап алды. Ал, басқосудың соңында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы-Ректоры, ҚР ҰҒА академигі, Қ.М.Тіреуов оқу орнымыздың Ғылыми кеңесінің шешімімен мемлекет қайраткері Әлихан Мұхамедияұлына "Сәкен Сейфуллин университетінің құрметті профессоры" академиялық ғылыми атағы берілгенін хабарлап, құжатын табыс етті.

Жақсымен өткізген екі сағатқа созылған кездесу құдды бір ғарыш кемесіндегі жылдамдықтай өте шықты.

Қалай дегенімен, осы екі сағат мың күнге татырлық болды...

                                                                                               Мақпал Орынбетова