Басты бет / Жаңалықтар / Наурыз нақыштары
Наурыз нақыштары

Просмотров: 1604

Гуманитарлық факультет ұжымы халқымыз үшін ерекше мәні мен маңызы зор Наурыз мейрамын сән-салтанатымен тәрбиелік бағытта атап өтті. Мемлекеттік деңгейде бекітілген Наурызнама бағдарламасы аясында факультет ұжымы түрлі шаралар атқарды. Шаңырақ күнінде ұмытылып бара жатқан «Ат тергеу» салтын жаңғырту мақсатында арнайы қойылым ретінде атап өтілген Наурыз мейрамы аясында дәстүріміздің бірі – «Арнау» (орындаған – т.ғ.к., доцент Б.Енсепов) айтылды, ұлттық ойындардан үзінді көрсетілді (қатысқан – факультет ер азамат ПОҚ), қолөнер бұйымдарынан кейінгі жастарға өнеге болсын деп ұршық иіруден ( аға оқытушы Ж.Л.Кенжитаева ), кесте тігуден (т.ғ.к., профессор К.Джумагалиева), ши тоқудан (PhD Г. Байжұма) шеберлік үлгілері көрсетілді. Қазақтың бұрымды аруларының шашбау тағу дәстүрін жаңғырту мақсатында факультеттің ПОҚ-ның қыз-келіншектері еліміздің әр өңіріне тән ұлттық киімдерін киіп, шашбау бұйымының мәнін ашатын «Шашбаулылар шеруін» ұйымдастырды.

Ұлттық дастарқанымыздың түрлі дәмдері қойылып, наурыз көже де ұсынылды. Шараның ең айшықты тұсы – факультет ұжымымен қойылған бүгінде ұмытылып бара жатқан «Ат тергеу» салтын насихаттайтын театрландырылған көріністің қойылуы болды. Ұлттық әуендерімізбен сүйемелденіп қойылған көрініс көрермендердің зор ықыласына ие болып, ой салды. Жаңа түскен келіннің қайын жұртындағы сыйлы және жақын туыстарына өзінше ат қою дәстүрі санаталтын ат тергеу салтының мәні көпшілікке, соның ішінде студент жастарға да ой салды. Ұлттық дәстүріміз арқылы тарихи жадымызды жаңғыртып, киіз үй тігіп, айналаны безендіріп, ынтымаққа шақыратын әрекетке толы Наурыз мейрамымыз құтты болып, жылымыз берекелі болсын!