Басты бет / Жаңалықтар / ҚР ОСК Төрағасы жастармен кездесті
ҚР ОСК Төрағасы жастармен кездесті

Просмотров: 1225

22 сәуірде ҚР ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің студенттерімен және елордалық жастармен кездесті.

Толыққанды интерактивті форматта өткен кездесуге 400-ден астам студент, Жас сайлаушылар клубының, елордалық жастар ұйымдарының өкілдері мен жас сайлаушылар арасынан белсенділер жиналды. Іс-шараға Орталық сайлау комиссиясының, ОСК жанындағы Сараптамалық кеңестің мүшелері, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, сондай-ақ астаналық аудандардың аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері және Астана қаласы мәслихатының депутаттары қатысты.

Кездесуді ашқан ҚазАТЗУ Басқарма Төрағасы-Ректор, ҚР ҰҒА академигі Қанат Тіреуов жүздесудің жас сайлаушылар үшін маңызды екендігін атап өтті.

Өз сөзінде ҚР Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров комиссияның қызметі, еліміздің сайлау жүйесі мен сайлау органдарының дамуы туралы айтып, комиссияның стратегиялық даму элементтері: пайымдау, миссия, құндылықтар, қағидаттар, мақсаттар, басымдықтарға тоқталды.

Жастармен диалог барысында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың ауқымды конституциялық реформасы аясында сайлау жүйесін терең трансформациялау мәселесіне ерекше назар аударылды. ОСК Төрағасы «Ел азаматтарының сұранысы бойынша бүгінде мәслихат депутаттарының 90%-дан астамын халық тікелей сайлайды, сондай-ақ ауылдық округтер, кенттер мен аудандық маңызы бар қалалар әкімдерінің 97%-ға жуығы жалпыға бірдей дауыс беру негізінде сайланды. Бұл азаматтық қатысу мен биліктің есеп беруін кеңейтудің маңызды қадамы», - деп атап өтті.

Интерактивті сұрақ-жауап сессиясы барысында кездесуге қатысушылар сайлау жүйесін дамыту және сайлау рәсімдерін жетілдіру мәселелеріне жоғары қызығушылық танытты. Кездесу электоралды күн тәртібінің негізгі мәселелері, оның ішінде сайлау белсенділігі, сайланбалы лауазымдарға кандидаттарға қойылатын талаптар, дауыс берудің электрондық және қашықтықтан нысандарын енгізу және т.б. мәселелер бойынша жастар арасында дәстүрлі онлайн-сауалнамамен аяқталды.

ҚазАТЗУ Басқарма Төрағасы-Ректор, ҚР ҰҒА академигі Қанат Тіреуов қонақтарға алғысын білдіріп, кездесудің жастарды әлеуметтік белсенді болуға және өздерінің сайлау құқығын сауатты пайдалануға ынталандыратынына сенім білдірді.