Басты бет / Жаңалықтар / Сейфуллин университеті ат спортын дамытпақ
Сейфуллин университеті ат спортын дамытпақ

Просмотров: 332

          С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ базасында студенттер мен елорда тұрғындарын ұлттық  спортқа баулитын «Ақтаңгер» ат спорты секциясы ашылды.

Ұлттық спорт секциясының ашылу салтанатына ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.Қ.Тасжүреков, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты А.А.Баққожаев, Астана қаласы мәслихатының төрағасы Е.Е.Каналимов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,  Ұлттық Ат спорты Федерациясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәдібек Түгел, С.Сейфуллиннің туысы А.Р.Әбіш, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ Басқарма төрағасы-Ректоры, ҚР ҰҒА академигі Қ.М.Тіреуов бастаған университет басшылығы қатысты.

Сейфуллин университетінде ат спорты секциясының ашылуына орай, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі А.С.Сапаровтың құттықтауын ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.Қ.Тасжүреков оқып берді:

- «Баршаңызды «Сейфуллин университеті базасында Ат спорты секциясының» ашылуымен құттықтаймын! Бұл ұлттың келешегі мен ұрпақтың тәрбиесі үшін айрықша мәні бар оқиға. Өйткені, ұлттық ат спорты түрлерін дәріптей отырып, салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастарды ат спорты түрлерімен шұғылдануға тарту, патриотизмге үндеу, ат спорты түрлерін ұлттық идея деңгейіне жеткізуде бүгінгі шараның идеологиялық маңызы зор. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан жылқы малына ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет қазақы жылқы тұқымдарын дамытуды қолға алды. Ол үшін, биыл жылқылардың отандық тұқымдарын сақтап, молайтуды көздейтін арнайы Заң қабылданды. Осы орайда, ұлттық ойындарға жанашырлық танытып, ұлттық ат спортын дәріптейтін бүгінгі шараны ұйымдастырушы университет ұжымына ризашылығымды білдіргім келеді. Бүгінгі ашылғалы тұрған ат спорты секциясында, атадан балаға мирас болып келе жатқан асыл мұрамыз ұлттық ат спортын жан жақты меңгерген, ұлтжанды, білімді, тәрбиелі жастарымыз көптеп шыға берсін. Барлық бастамаларыңызға сәттілік тілей отырып, істеріңізге бақ-береке тілеймін», - делінген министрдің құттықтауында.

Бұдан соң сөз алған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты А.А.Баққожаев қазақ халқы үшін жылқы қастерлі жануар дей келе, елімізде алдағы уақытта жылқыға көңіл бөлінетінін жеткізді. Бүгінгі ашылып отырған секцияның жұмысын насихаттай отырып, әрқайсымыз өз отбасы мүшелерімізбен ат спортының өркендеуіне атсалысатын боламыз, - деді.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,  Ұлттық Ат спорты Федерациясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәдібек Түгел өз сөзінде Дүниежүзілік көшпенділер ойыны ашылуының қарсаңында «Ақтаңгер» ұлттық ат спорты секциясының ашылуымен С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ ұжымын  құттықтап, университет басшысы Қанат Маратұлына қазақ халқының ат спортына көңіл бөлгені үшін жүрек жарды алғысын білдірді.

Осыдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын универитетімізді тәмәмдап, бұл күнде өз кәсібінен нәсібін тауып қана қоймай, ұшқан ұясына демеушілік білдіріп жүрген Сейфуллин университетінің 1975 жылғы түлегі Б.Қ.Ертаев:

- Бүгін баршамыз үшін маңызды күн. Қазақта «Ер қанаты – ат» дейді. Қазақтың дәстүрінде де, тарихында да жылқы малының орны ерекше. Бұл жастарды, қалың бұқараны қасиетті жануар – атқа жақындатудың алғашқы қадамының бірі болса, екіншіден елордамызда ат спортын дамытуға жасалған қадам. Миллионнан астам тұрғыны бар Астанамыздағы Сейфуллин университетінде «Ат спорты түрлері бойынша секцияның» ашылуы – бұл осы қаланың тұрғындары үшін де үлкен мүмкіндік. Сондықтан, бүгінгі ашылғалы отырған «Ақтангерге» отбасымның атынан тағы бір Ақтангерді сыйға тартамын, – деп, іс-шараға қатысушыларды бір серпілтті.

– Халық арасындағы «Ер қанаты - ат», «Ат тұяғын тай басар», «Құнан - атқа жеткізер, ат - мұратқа жеткізер» - деген қанатты сөздері жылқыны қастерлеп - дәріптеудің нақты дәлелдері. Ат спортының сайысы барысында жарысқа қосылатын аттардың шабыстылығы, жүйріктілігі, қарқындылығы, ұшқырлығы барлық жағынан сыналады. Оның төзімділігі мен шыдамдылығы, күші мен қайраты, ептілігі, бапталуы мен жаратылуы жан-жақты айқындалады. Ұлттық ат спортын жан-жақты дәріптеу мақсатында біз «Ақтаңгер» ұлттық ат спорты секциясын ашып отырмыз. «Ақтаңгер» ұлттық ат спорты секциясына университетіміздің оқытушылары мен студенттері және қала тұрғындары мен қонақтары қатыса алады. Бұл секцияға қатысушылардың жақсы нәтижелер көрсетіп, түрлі жарыстарда өз өнерлерін көрсетулеріне мүмкіндік береді деп сенемін. Ақ жол, Ақтаңгер! Сәттілік тілеймін - деді салтанаттың ашылуында С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ Басқарма төрағасы-Ректоры, ҚР ҰҒА академигі Қ.М.Тіреуов.

С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ де ат спорты секциясын ашудың негізгі себебі бар. Сейфуллин университетінде ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультетінде білім алатын жастар ат спорты секциясында жаттыға отырып, ат баптау ғылымын да меңгермек.

Ат спорты түрлері бойынша секцияның лентасын  ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.Қ.Тасжүреков, Ұлттық Ат спорты Федерациясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәдібек Түгел мен С.Сейфуллиннің туысы А.Р.Әбіш  қиған соң, ортаға мемлекеттік туды ұстаған «Ақтангер» спорт кубының сәйгүліктері мен шабандоз жастар шығып, ұлттық рухты асқақтатты.

«Ақтангер» спорт клубының ашылу салтанатына орай, этно-алаңда қазақ күресі, садақ ату, арқан тартыс, асық ату, ләңгі тебу секілді ұлттық спорттың түрлерінен жарыс өтіп, мықтылар күш сынады. Университет өнерпаздары өз өнерлерінен шашу шашты. Осы күнге арнайы тігілген қазақтың ақшаңқаң киіз үйлері әсемдігімен көз тартып, киіз үй жанында байлаулы тұрған ит тұқымының ежелгі түрі тазылар салтанатқа ерекше сән берді. Алаңға дастархан жайылып, келген қонақтардың барлығына ыстық бауырсақтар мен қымыз сусыны ұсынылды.

Айта кетейік, биылғы жылдың сәуір айында университетіміздің базасында ұлттық спорттың бір түрі – Садақ ату секциясы ашылып, жұмыс істей бастады.

Қазіргі таңда жастардың арасында шабандоздарға қызыға қарайтындар көп. Сейфуллин университетінің ат секциясы осы бағыттағы жұмысты әрі қарай дамыта бермек.