Басты бет / Жаңалықтар / «Тіл – бірліктің тірегі»: университетте тілдік-танымдық декада басталды
«Тіл – бірліктің тірегі»: университетте тілдік-танымдық декада басталды

Просмотров: 115

Қазақстан халқы тілдері күніне орай Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығына қарасты С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде 2026 жылғы 14–24 қыркүйек аралығында «Тіл – бірліктің тірегі» атты тілдік-танымдық декада өтуде.

Декаданың негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, студенттердің қазақ тілін меңгеруге деген қызығушылығын күшейту, сауатты жазу мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ еліміздегі тілдік және мәдени әралуандылықты дәріптеу.

Декаданың ашылу салтанатында Гуманитарлық-педагогикалық ғылымдар институтының директоры Ж.Т. Кульжанова және Қазақ және орыс тілдері кафедрасының қауымдастырылған профессоры А.Ш. Тлеулесова құттықтау сөз сөйлеп, тілдің қоғамдағы біріктіруші рөліне және жастар арасында тілге деген құрметті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.

Қазақ және орыс тілдері кафедрасының оқытушылары декада бағдарламасын әзірледі. Оның алғашқы іс-шарасы университеттің 70 жылдығына орай ұйымдастырылған «Менің тілім – менің мақтанышым» атты университетішілік диктант болды. Іс-шара студенттердің мемлекеттік тілге деген құрметін арттыруға және сауатты жазу дағдыларын жетілдіруге бағытталды.

Бағдарлама аясында Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай «Ұлт ұстазының ұлағаты» тақырыбында «Тіл білгірі» квесті өткізілді. Студенттер сөзжұмбақтар, QR-сұрақтар, тілдік жұмбақтар және «Бір сөз – үш мағына» ойыны арқылы өз білімдерін сынады.

Декада барысында «Қазақша сөйлесіп көр!», «Тіл және цифрлық әлем», «Тіл – достық көпірі» тақырыптарында танымдық, шығармашылық және интерактивті іс-шаралар ұйымдастырылуда.

«Тіл – бірліктің тірегі» декадасы студенттердің тілдік сауаттылығын арттыруға, мемлекеттік тілге деген құрметті нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және мәдениетаралық өзара түсіністікті дамытуға бағытталған.

Декада аясында студенттердің белсенді қатысуымен дөңгелек үстелдер, шығармашылық байқаулар және басқа да іс-шаралар өткізіледі.