Басты бет / Экономиканың жаһандануы жағдайында Қазақстан мен Ресейдің қаржысы: онлайн-дөңгелек үстел
Экономиканың жаһандануы жағдайында Қазақстан мен Ресейдің қаржысы: онлайн-дөңгелек үстел

2019 жылғы 12 қарашада Қазақстан Республикасының ұлттық валюта күнін мерекелеу аясында «Экономиканың жаһандануы жағдайында Қазақстан мен Ресейдің қаржысы» тақырыбында онлайн-дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстелдің жұмысына С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Тұран-Астана университеті, Ставрополь мемлекеттік аграрлық университетінің (РФ) оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ шақырылған экономика және қаржы саласының мамандары қатысты.

 

Іс-шара барысында спикерлер екі елдің қаржы секторының жағдайы мен даму тенденциялары, қаржылық қызмет көрсетуді ұйымдастырудың заманауи тәсілдері, агроөнеркәсіптік кешенді қаржылай қолдаудың өзекті мәселелері туралы материалдар ұсынды. «Сбербанк» АҚ, «АӨК несиелік серіктестіктер қауымдастығы» ЗТБ, «АӨК несиелік серіктестіктері» АҚ, «Россельхозбанк» АҚ өкілдерінің іс-шараға қатысуы жиналғандарға Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясында қаржылық тетіктердің қызмет етуінің  практикалық аспектілерімен танысуға мүмкіндік берді.

Экономика кафедрасының меңгерушісі, э.ғ.к., қауымдастырылған профессор Темирова Акмарал Болатқызы сөз алды. Акмарал Б. студенттердің базалық дайындығымен қатар сабақтас салаларды зерттеу маңыздылығын атап өтті. Түлектер тек экономика саласында ғана емес, сонымен қатар қаржы саласында да білікті болуы керек! Сонымен бірге, экономика кафедрасының аға оқытушысы Тимур Хасанұлы Расқалиевтің баяндамасында қазіргі кезеңдегі отандық фермерлерді қаржыландыру ерекшеліктері туралы ақпарат берілді. Баяндамалардан кейін іс-шараға қатысушылар сұрақтарына жауап алды.

Елдердің одан әрі қаржылық дамуы туралы белсенді пікірталас өтті. Онлайн дөңгелек үстелдің нәтижелері бойынша тараптар білім беру және ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастықты жалғастыруға, онлайн-іс-шаралар форматында пікір алмасуға келісті.