Басты бет / Жастар әлеуметтік желінің жұлдызымен жүздесті
Жастар әлеуметтік желінің жұлдызымен жүздесті

Әлеуметтік желілер арқылы жастарға кеңінен танылған имам, дінтанушы, теолог Нұрлан қажы Байжігітұлы С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ студенттерімен кездесті.

Жиынға қатысқандар дін өкілімен еркін форматта сұхбаттасты. Олар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.

Шараның мақсаты - жастарды жат ағымдардан сақтау болды. Бұл ретте Нұрлан қажы түрмеде жазасын өтеп жатқан жандардың ішкі күйінісі мен өкінішін жастарға жеткізе білді.

Бүгінгі студенттермен өткен рухани құндылығы мол кездесуге жиылғандардың қарасы қалың болды.

Кездесуде Нұрлан қажы егеменді елдің болашағы – жастардың тәрбиесінен бастап, имандылық, үлкенге құрмет, кішіге қызмет, жат ағым зардабы, мемлекетшілдік, ел бірлігі, ата-баба дәстүрі, қасиетті Ислам дінінің құндылықтары туралы әсерлі әңгіме өрбітіп, өзінен кеңес сұраған жандардың бастарынан кешкен жәйттарын, өмірінде кездескен әр түрлі жағдайларды мысал ете отырып, жастармен, ел ертеңімен «бір толқында болайық» деген қайырмамен ұлағатты насихат жасады.

Нұрлан имам жастар арасында TikTok желісі арқылы танылып, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие, отбасылық құндылықтарды насихаттап жүрген имамдардың бірегейі. Дініміз бен дәстүрімізді дәріптеу арқылы желідегі үлкен мен кішінің жүрегіне жол тауып, сан түрлі сауалдарына жауап беріп жүрген оның айтқандары бүгінде ел аузында. Ол жастардың санасын жақсы жаққа бұру мақсатында әлеуметтік желілерге, оның ішінде TikTok-қа тіркелуіне қазіргі балалар мен жасөспірімдердің іс-әрекеті, тәрбиесі себеп болғанын әлеуметтік желілерде жасырмай айтып та жүр.

Осы С.Сейфуллин университетінде оқып жатқан жастардың көбісі мемлекеттік грантпен, біразы ақылы негізде оқиды. Оқуларыңызға төленіп жатқан ақы Сіздерге артылған аманат. Кей ата-аналар бейнет кешіп жүріп, балаларын оқытып жүр. Сол ата – ана, мемлекеттің аманатын қалайда ақтап, елге қажетті мамандықты игеруді ойлаңыздар. Қазіргі кезде қазақтың баласы ғылым мен техниканы игеруге ұмытылыс жасаулары керек. Әр қазақты жақсы көремін. Мешітке барса да жақсы көремін. Мешітке бармаса да жақсы көремін. Орамал тартса да жақсы көремін, тартпаса да жақсы көремін. Өйткені әр қазақ менің жалғызым. Біз Аллаға аузымыздан шыққан сөзбен емес, жүректен шыққан сөзімізбен, шынайы әрекеттерімізбен ғана жақын бола аламыз. Сіз бен бізге берілген ұлы қасиет ол сөйлеген сөзіңе ие болу, артық сөйлемеу. Мұсылманның ең жақсысы – қолымен немесе тілімен ешкімге зиян келтірмегендері. «Басқа пәле тілден» деп өткен ата-бабаларымыз аңдап сөйлеуді, тілді талдап қимылдатуды үйреткен. Бұл қасиет дәстүрге, шариғат шартына байланады. Атамыз қазақ балаларын қарғыс алмай, алғыс алуға тәрбиелейтіні де осыдан. Әсілінде ең жақсы адам - ашуын ақылға жеңгізе білетін адам. Арамызда әсіре діншілер бар. Әйтсең тозаққа түсесің, бүйтсең тозаққа түсесің, дейді ондайлар. Тозақтың кілтін алып алғандар қайта өткізсін, қайтарсын сол кілтті. Бұл тұста әр нәрсені тозақ деп елді қорқытпай, керісінше бауырларымызды тозаққа түсірместей етіп сақтандыру. Негізгі мәселе - өміріңді қалай бастау емес, оны қалай аяқтауда. Олай болса, ата-бабамыз ұстанған ұлттық дәстүрден аттамай, ешкімнің ала жібін аттамай, адал өмір сүру керек. Ол үшін білім мен еңбекқорлық басты қасиет”, – деді Нұрлан имам.

Кездесу-сұхбат барысында сауал-жауап форматы да қызықты өтті. Жастарға сұрақ қою туралы айтқанда да:

«Тик-токтан» қалған, инстаграммға жетпеген сауалдарыңызды қойыңыздар» - деп, белгілі теолог әзілмен әңгіме кезегін берді.

Жиында жастарға ата-ананы құрметтеу жайлы шариғат талабына сай діни тұрғыда ақыл-кеңестер айтылды. Кей адамдар бәнбай мыңға психологтың көмегіне сүйеніп жатады. Қазіргі кезде ата-анадан артық психолог жоқ. Ол өз баласының қатарынан қалмағанын, оқу – білімді игеруін, жақсы адам болғанын қалайтындығын ескертті. Имам Ислам дінінің жастарымызды мүлтіксіз тәрбиеге апаратын жол екендігін және ізгі амалдарға жетелейтін асыл қазына екендігін түсіндірді. Өз кезегінде адамгершілік қағидаларға негізделген хақ дініміз бен біздің ата-дәстүрлеріміз сабақтасып жатқандығын білдірді. Сондай-ақ, қазақ ұлтының дәстүрі дінмен тамаша үйлесім табу арқылы саналы әрі тәрбиелі ұрпақ қалыптастыруда ерекше рөлге ие болатынын жеткізді.Ұлттық қазынамыз домбыраны – ширк дегеннің көбі жат жерде Сирияда жантәсілім болды. Ұлтымыз үшін қасиетті мұра домбыраға тіл тигізгендердің оңғаны жоқ. Біразы арамызда жүр. Сондықтан, осыларды ақыл таразысына салатын өздерің, деп жастарға салмақ сала сөйледі.

Нұрлан имам әлеуметтік желіде өзінің көркем мінезімен, әдемі сөзімен, имандылығымен, адамдарды адалдыққа шақыруымен көпшілікті баурай алды. Діни әңгімелердің жаңа форматы жастардың да көңілін лезде аулады. Кездесу керемет әсерлі өтті. Өзімнің алаңдап жүрген ішкі сұрақтарымның барлығына дерлік жауап алдым, – деді кездесуге жиналған студенттер бір ауыздан.

Аталған іс-шараны ҚазАТЗУ Мәдени - бұқаралық жұмыстар жөніндегі департаменті жанындағы "Жастар рухы" ұйымы жүзеге асырды.

Анықтама: Нұрлан Байжігітұлы 1991 жылдан бері дін саласында қызмет етеді. Ол «Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті» университетінде, Татарстанда және психология саласын Мәскеуде меңгеріп, Қырғызстан мен Өзбекстанда да діни білім алған. Бүгінде Астана қаласындағы Ырыскелді қажы мешітінің бас имамы болып қызмет етеді.