Басты бет / Жаңалықтар / Сейфуллин университетінде «Біз жастарға сенеміз» атты «Ашық есік күні» өтті
Сейфуллин университетінде «Біз жастарға сенеміз» атты «Ашық есік күні» өтті

Просмотров: 1448

        С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде ұйымдастырылған ашық есік күнінде қалың көпшілік университетті аралап, көре отырып, білім берудің жаңа заманғы әдістері мен сапасы жағын қарап, заңдылық келбеті, қауіпсіздік жəне жайлы университет тұрғысынан бағалауға мүмкіндік алды.

Іс-шараға университеттің барлық факультеттерінің өкілдері мен басшылық құрамы және профессорлық-оқытушылық құрам мен ғалымдар белсене қатысты. Ерікті студенттер де осы маңнан табылды.

Шығармашылық орталық жастары шараны әуезді сазбен көмкерсе, ұстаздар қауымы ашық есік күніне келген жастарға университеттің әлеуеті мен мүмкіндіктері туралы баяндап, келушілер назарын ғылым мен білімге аударды.

Әр факультеттердің білім беру бағдарламалары бойынша көрме ұйымдастырылды.

Арнайы көрмені тамашалап, өз сауалдарына жауап таба білген шараға келушілер мәжіліс залына өтіп, білім ордасының мол мүмкіндіктері туралы ақпарат алды.

Кездесуде модераторлық еткен Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Абишева Роза Жанысбекқызы шараға арнайы келген жалпы қауымға, мектеп бітірушілер мен түлектерге алғысын айта отырып, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің тарихы мен мүмкіндіктері туралы жан-жақты баяндап, жастарға мамандық таңдауда бағыт-бағдар берді.

«Университетті таңдағанда жәй ғана немқұрайлы емес, нақты мамандықты таңдау керек. Себебі, сол мамандық сіздердің болашақтарыңыздың баспалдағы. Сондықтан осындай келелі шараларға келіп қатысып, мамандықтар мен білім беру бағдарламалары туралы өз көздеріңізбен көріп, қадам жасағандарыңыз дұрыс. Мен сіздерге мамандық таңдауда қателеспеңіздер дегім келеді. Ал біздің ел ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекет болғандықтан және әлемнің назары қазір ауыл шаруашылығына ауып келе жатқандығын ескерсек, сіздер үшін біздің университет маңыздысы оқу орындарының бірі болуы керек. Біздің сіздерге әрдайым есігіміз ашық», - деді Роза Жанысбекқызы.

Ашық есік күнінде жас түлектермен танысуға арнайы келген «Камаз-инженеринг» АҚ зауытының техникалық қолдау бюросының бастығы Аубакиров Ардақ Сапарұлы зауыт туралы толыққанды ақпарат берді.

Келушілердің алдына шығып сөз алған Орман шаруашылығы, жабайы табиғат және қоршаған орта факультетінің 2 курс магистранты, университетіміздің түлегі  Күдербай Жәнібек Сайлаубекұлы мектеп бітірушілерге өзінің ғылыми жолдағы жетістіктерін айта отырып, мол мүмкіндіктердің бар екенін баяндады.

«Көп ақша әкелетін емес, жан дүниеңізді түсінетін мамандықты таңдаңыз», - деді Жәнібек Сайлаубекұлы өз сөзінде.

Сонымен қатар, ата-аналар тарапынан да айтылған ізгі тілектер жас түлектерді жігерлендірді.

Болашақ студенттер С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің барлық зертханалары мен цехтарын, ғылыми орталықтары мен әскери кафедрасының мүмкіндігімен танысты.